Қос жетпістің қуанышы

20151023-04-1…Той болатын күн жақындаған сайын Құттыбектен маза кете бастады. Бір жағынан «той дұрыс өтсе, ел-жұрт риза болса екен» деген ой ораса, бір жағынан инсульттен кейін еңсесін енді-енді көтеріп келе жатқан қосағы Ермұханбеттің жағдайына алаңдайды. «У-шуды көтере алмай, сырқаты қайталап қала ма?» деген де қаупі жоқ емес. Сонысын сездірмейін дегендей күйеуіне «күш» көрсетіп қояды.

– Осы сен ғой, «70 жылдықты тойлайық» деп балалардың қолтығына су бүркіп отырған. Енді барлық салмақты маған салып қойып, өзің жайбарақат жүрсің. Өй, бар болғыр, – деп зілсіз ұрсып қояды.

Онысын Ермұханбет шыбын шаққан құрлы көрмейді. Үндемей отыра береді.

– Не айтқанымды естідің бе, неге үндемейсің?

– Құлағымның құрышын «қандырған» дауысыңды елу жылға жуық естіп келе жатқанда, дәл қазір керең болып қалды деймісің. Естідім. Той болғанын сен қаламайсың ба?

– Жә, әшейін айтқаным ғой. Тойды кім жек көрсін. Балаларға да рахмет. Ел де көрсін «жаман шахтер» мен «жаман дәрігердің» жағдайын.

Құттыбектің «жаман» деп отырғаны да әшейін айтылған сөз. Әйтпесе, Ермұханбет Айбековты Сәтбаев халқы жақсы біледі. 1967 жылы Алматының политехникалық институтын бітіріп келген жігіт еңбек жолын өңірдегі алып шахталардың бірі – №57 шахтада бастаған еді. Кен қопару учаскесінің тау кен шеберінен учаске басшысы қызметіне дейін өз еңбегімен өсіп, осы қызметте жүріп 2000 жылы зейнеткерлікке шықты.

Бір шахтада қырық жылға жуық табан аудармай еңбек етті. Еңбегі де жеміссіз болған жоқ. Бірнеше мәрте мақтау қағаздарымен марапатталды. Әлдекімдерге ұқсап еңбегін пұлдап, атақ алуға құмартпады. Бірақ, адал еңбек қашан да абыройға бөлейді ғой. Ермұханбет те сол еселі еңбегінің арқасында бір күнде елге танылды. Ұмытпаса зейнеткерлікке шығар жылы болса керек, аймағымызға жұмыс сапарымен келген Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев тау-кен саласында ұзақ жыл еңбек еткен майталмандар мен еңбек озаттарына өз қолымен автокөліктің кілтін тапсырды. Сол жолы Ермұханбет Айбеков те мемлекет басшысының қолынан темір тұлпардың кілтін алған еді. Әттең, 2004 жылы төтеннен келген кесел бір күнде аурухана төсегіне таңып тастады. Кенеттен қан қысымы көтеріліп, инсульт алып, ауруханаға түсті. Құттыбек өзінің ұзақ жылғы дәрігерлік тәжірибесін жұмсап, жарының жанын аман алып қалуға күш салды. Тынымсыз арпалыстың арқасында кеселдің беті қайтып, Ермұханбет ептеп ес жия бастады. Батпандап кірген ауру бірден кете қойған жоқ. Мысқалдап шығып жатыр. Шүкір, бұрынғыдай емес, еркін жүріп-тұруға жарады.

Ал, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Құттыбек Бексейітқызына келсек, оны да осы қаланың халқы «жаман дәрігер» деп айта алмас еді. Сонау алпыс сегізінші жылы медициналық институтты бітіріп келген дәрігер қыз Жезқазған поселкесіндегі облыстық ауруханаға терапевт болып орналасқан болатын. Осы жерде Күлзейнеп Исатаева, Сайлау Уатаев, Зинаида Махатова сынды білікті дәрігер басшылармен қоян-қолтық қызмет етіп, өзіне мол тәжірибе жинақтады. Жезқазғаншахтапроходкалау тресінің цех дәрігері болып ұзақ жыл қызмет етті.

1975 жылы Сәтбаев қаласында медициналық-санитарлық бөлім ашылғанда Құттыбек Бексейітова сол бөлімнің емханасына меңгеруші болып келді. Ол осы жерде 2005 жылға дейін үзіліссіз еңбек етіп, құрметті демалысқа шықты. Соның өзінде емхананың ұжымы білікті басшы, тәжірибелі маманды жұмыстан жібергілері келмеді.

Адал жар, асыл ана, аяулы әже Құттыбек Бексейітқызы жарты ғасырға жуық отасқан жұбайы, жан жары Ермұханбет Айбековпен өтіп жатқан салиқалы да тәлімді өмір жолдарын осылайша көз алдынан бір өткеріп алды.

– Мен өз тағдырыма ризамын. Өзіңдей өмірлік серік жолықтырғаныма мың да бір шүкір, – дейді ас үйдегі столға шәй жасап жатып.

– Түскі асқа дейін әлі біраз уақыт бар, жүр, шүйіркелесіп отырып шәй ішіп алайық.

– Е, сөйтіп жөніңе көшпейсің бе? Әйтпесе, менен басқа біреуге жолыққаныңда бүйтіп шалқақтап жүре алар ма едің…

– Ом-ау деген. Мынаның сөзін қара. Бар болғыр-ау, екеуіміздің қосылуымызға дәнекер болған сен бе екен, мен бе екен? Әуелі соны есіңе түсірші. Білесің бе, Рудниктегі клубтың алдында соңымнан томпаңдап еріп жүретін кім еді?

Ермұханбет бүкіл денесі селкілдеп, рахаттана күлді. Сол бір қайтып оралмас, сағынышқа толы кездер көз алдынан көлбеңдеп өте берді…

Ермұханбет бала жастан момын, кісінің ала жібін аттауды білмейтін, әйтсе де елгезек болып өсті. Әкесі Түшей Жыланды бойындағы шағын ауылдың беделді кісісі болатын. Соғысқа дейін колхоздың малын бақты. Ұлы Отан соғысы басталғанда ел қатарлы майданға аттанды. Алайда, ауыр жарақат алып, әскерге жарамсыз болып елге оралды. Елге келген соң «мен соғыс мүгедегімін» деп қол қусырып қарап отырмады. Тыл еңбегіне араласты. Шахтапроходкалау тресінің қосалқы шаруашылығында еңбек етті. Балаларын да өзі сияқты еңбеккорлыққа баулыды. 1945 жылы 15 тамызда осы Ермұханбеті өмірге келді. Елде бейбіт заман орнап, әкесі балаларын қатардан қалдырмауға тырысты. Оқытты, еңбекке баулыды. Ең бастысы, адам деген ұлы атқа сай болуға тәрбиеледі. Әттең, әкесі өмірден ерте озды. Бірақ, өзінің қысқа ғұмырында ұрпағына тағылымды тәрбие беріп, азамат етіп тәрбиелеп кетті.

Сол баланың бірі – осы Ермұханбет. Қақ-соқпен жұмысы жоқ, бейсауат жүрісті білмейтін ол замандастарымен бірге киноға барып тұратын. Сондай бір сәтте аққұбаша келген, тал шыбықтай бұралған Құттыбекті көрген. Жүрегінің тұсы бір түрлі бүлк ете қалғандай болды сол жолы. Әлгі қыздың бейнесі жатса да, тұрса да ойынан шықпай қойды. Бұрын жұмыстан кейін үйінен шығару қиын Ермұханбет енді кеш болса дегбірі қалмай елегізуді шығарды. Жігіттің бойындағы өзгерісті жолдастары да аңғармай қалған жоқ. Және желдің қай жақтан соғатынын да сезетін сияқты олар. Енді достары жатпай-тұрмай екеуін таныстырып, табыстырудың жолын іздей бастады.

Бір топ жігіттердің өзін торуылдап, сырттан бақылап жүргенін Құттыбек те бірден байқады. Қасындағы құрбылары да оған «бір тықырдың» таянғанын ескертіп қоятын. Бірақ, бала жастан еркін, бұла өскен Құттыбек олардың сөзін тыңдаған жоқ. Қайта, ақыры не болар екен деген жанша жүре берді. Оңаша бір сәтті пайдаланып Ермұханбеттер де тақай берді.

Қашаннан кісіге ойындағысын тіке айтып салатын Құттыбек бұл жолы да сөздің турасын өзі бастады.

– Жігіттер, қазақ «ауыл итінің құйрығы қайқы» деуші еді. Сендер оған ұқсамайды екенсіңдер. Сырттай бермей жақынырақ келмейсіңдер ме?

Мұндай «шабуылды» күтпеген жігіттер жағы тосылып қалды.

– Мына қыз қайтеді-ей, – деді әлден уақыттан соң барып есін жинаған бірі.

– Әй, Ермұханбет, ертерек айтып қояйын, мынаған үйленсең ертең есігіңнен қарай алмай қалатын түріміз бар ғой.

– Ондай қорқатындарың бар, Ермұханбеттеріңді құндақтап, қастарыңа алып жатыңдар.

– Ту, дауа жоқ екен ғой мынаған…

Жігіттер де, қыздар да ду күлді. Осылай басталған таныстық соңы тамыры тереңге кеткен отбасылық өмірге жалғасты.

Әлгінде Құттыбектің «екеуміздің қосылуымызға дәнекер болған кім екен» деуінің, Ермұханбеттің шек-сілесі қата күлуінің сыры осы еді.

Содан бері де, міне, 50 жылға жуық уақыт өтіпті. 1968 жылы екеуі заңды некеге тұрды. Екі ұл, бір қызды оқытып, өсірді. «Өмір – өзен» деген рас екен. Тағы бір қуанышты жағдай, биыл екеуі де 70 жасқа толып отыр.

… Көптен күткен той да басталды. Ағайын-туыс, әріптестермен қоса қос жетпістің тойына бір кездердегі сыныптас достары да тайлы-тұяғы қалмай жиналды. Ақжарма тілектерде шек болған жоқ. Кезек той иелеріне келгенде «қара сөзден дес бермейтін» Құттыбек қатты толқыды. Толқи тұрып тебірене сөйледі.

– Кей сәттерде менің ойыма «адам өмірінің мәні неде?» деген сауалдың келетіні бар. Менің пайымдауымша, адам баласының өмір мәні туралы танымы әртүрлі болғанымен, тұрақтайтын түйіні біреу-ақ. Ол – жаның жарасым тапқан адамыңмен бірге шаңырақ көтеріп, саналы да тәрбиелі ұрпақ өрбіту. Сол өсіп-өнген әулетіңнің әрбір мүшесімен үйлесімді қарым-қатынас қалыптастырып, оның болмысын бұзбай, келесі ұрпаққа жеткізу. Ал, бұл тұрғыдан алғанда мен өзімді бақытты жанмын деп есептеуіме толық негіз бар. Артыма қарап, өткен күндердің еншісінде қалған жастық шақты есіме алсам, менің өмірімнің мәні мен мағынасы өз жауабын өзі айтып тұрғандай.

Жиналған тойшыл қауым дүркірей қол соқты. Әсіресе, сыныптастарының дауысы жарқын-жарқын естіледі.

– Беу, Құттыбек-ай, сөздің түбін түсіресің-ау.

– Баяғы қалпынан бір өзгерсейші, ағып тұр…

Құттыбек әлі сөйлеп тұр.

– Жас кезімізде 70 жас дегенді өте үлкен жас деп ойлаушы едік. Өмірдің ащы-тұщысының бәрін артқа тастап, сол жетпіске өзіміз де келіп қалыппыз. Бұл біз үшін және бүкіл әулетіміз үшін үлкен қуаныш! Осы қуанышты бөлісуге келген сіздерге алғысымыз шексіз.

… Той тамаша өтті. Қонақтар да риза болып тарап барады. Әсіресе, сыныптас достарының қуанышында шек жоқ. Шырқағандары – Шәмшінің «Қуаныш вальсі». «… Өзіңмен жан құрбым, Қосылды тағдырым, Қосылған қос өзен секілденіп». Қандай тауып айтылған сөздер. Бейнебір Ермұханбет пен Құттыбекке арнап айтқандай.

Жетпістің айдынына желкенін жайған ерлі-зайыпты Ермұханбет Айбеков пен Құттыбек Бексейітова шын мәнінде қосылған қос өзен секілді жұптары жарасқан жандар.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.