Тапсырмалар тиянақталып, міндеттер нақтыланды

20151023-02-1Облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев Жезқазған-Ұлытау аймағына іссапармен келді. Ел тарихын тасқа таңбалаған қасиетті қарт Ұлытаудың экономикалық даму бағыт-бағдарымен танысудан жұмыс сапарын бастаған Асылбек Жексенбайұлы кенді қалаға да атбасын бұрып, бірнеше нысандарда болды.

А.Ж.Дүйсебаев әуелі қалаға іргелес жатқан республикалық маңыздағы «Есіл-Петропавл» тас жолының құрылысын және Сәтбаев қаласын ауызсумен қамтып отырған «Есқұла» су қоймасының тас жол тұсындағы құбырларын жаңарту жұмыстарымен танысты.

Қала әкімі Әнуар Омар мен құрылысқа жауапты мердігер компаниялардың өкілдері республикалық деңгейдегі бұл жолдың біраз бөлігі өндірістік аймаққа енгендіктен, 15 шақырымының жүру бағыты өзгертілгендігін алға тартты.

«Қазақмыс» корпорациясы «Есқұла» су қоймасы құбырының бағытын өзгертіп, жаңадан салып шығуды көздеуде. Жыл соңына дейін құбыр тарту, жол төсеу толығымен аяқталады», – деп түсіндірді құрылысқа жауапты мамандар жұмыс барысын.

«Ютария LTD» компаниясы бөлімшесінің қызметімен А.Дүйсебаевты компанияның бас директорының орынбасары Тұрсынай Ибадатова таныстырды. Бөлімшеде 80-нен аса жұмыскер еңбек етеді.Олардың негізгі міндеттері – кеншілердің киімдерін жуу және қайта өңдеу.

Алып компания «Қазақмыстың» қолдауымен жаңа технологиялармен қамтамасыз етілген индустриалдық кешен алдағы уақытта да жүйелі жүрісінен танбақ емес.

Биылғы жылы құрылысы қолға алынған тоғыз 5 қабатты үйдің салыну барысымен танысқан Асылбек Жексенбайұлы мердігер компаниялардың басшыларына «сәнді үйлердің сапасы да талапқа сай болуы керек» деген талап қойды.

Қазіргі таңда көпқабатты үйлдердің 50 пайызының жертөлесі дайын, бірінші қабаттың тіреуіштері орнатылуда. Инженерлік желілердің де біраз бөлігі іске асырылған.

Жаңа үлгіде қолданысқа берілетін бұл үйлердің иелері келер жылы қоныс тойын тойлайды деп күтілуде.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.