Құрметке лайық мамандық

Елбасының Жарлығына сәйкес 2011 жылдан бастап, елімізде қазан айының соңғы жексенбісі әлеуметтік сала қызметкерлерінің күні болып белгіленді. Содан бері бұл мерейлі күн – кәсіби мереке ретінде аталып өтіп келеді…

Алтындай уақытын басқаларға арнай білетін маман иелері – әлеуметтік қорғау сала қызметкерлері. Бұл мамандық иелері үлкенге иіліп, кішіге қиылып тұрады. Көмекке мұқтаж адамдардың жанына, жүрегіне үңіле біледі. Ал, біз өмір сүріп отырған қоғамда көмекке мұқтаж жандарға барынша көңіл бөлінгені абзал. Осыған орай, Елбасымыз қазан айының соңғы демалысын әлеуметтік қорғау күні деп бекітті. Осынау кәсіби мерекені кеншілер қаласының әлеуметтік сала қызметкерлері өзіндік табыстарымен қарсы алып жатыр.

20151023-01-1

– Биыл біздің кәсіби мереке елдік деңгейде аталып өтетін асқаралы тойлармен астасып жатыр. Жыл ішінде аз жұмыс атқарылған жоқ. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты әлеуметтік сала қызметкерлері де өздерінің төл міндеттерін абыроймен атқарды. Есепте тұратын жалғызілікті жандар мен мүгедектер және мүмкіндігі шектеулі балаларға, көп балалы отбасыларына мемлекет және қала әкімдігі тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтарды шашау шығармай жеткізіп беріп отырмыз. Бұған қаламыздағы жомарттығы басым қалталы азаматтар да өз үлестерін қосуда.

Мәселен, мәдениет қызметкерлері адам өміріне ән сыйласа, дәрігерлер ем көрсетсе, әлеуметтік сала қызметкерлері адам жасын ұзартады. Бұл сала қызметкерлері зейнеткерлерге, мүгедек жандарға көмек беруден жалықпайды. Ол үшін де үлкен төзімділік қажет. Осындай үлкен шыдам-дылықтың иелерін мерекемен құттықтаймын, – деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бауыржан Әпеков.

Бөлім басшысының айтуына қарағанда, әлеуметтік қызметкерлер үш топта жұмыс істейді екен. Оның екі тобы қаламыздағы жалғызбасты қарттар мен соғыс ардагерлеріне және соғыс мүгедектеріне үйде қызмет көрсетеді. Мұндай санаттағы 215 адам орталықтың есебінде тұр. Өткен тоғыз айда 20 адам есептен шығарылыпты. Оның 13-і қайтыс болуына байланысты есептен алынғандар. Есесіне 21 адам өзгенің көмегіне мұқтаж жан ретінде есепке кірген.

Міне, сол өзгенің қамқорлығына мұқтаж жандарға орталықтың 35 әлеуметтік қызметкері құрақ ұшып қызмет көрсетіп жүр. Олардың 14-інің жоғары, 2-інің арнаулы орта білімі бар. Есепті мерзім ішінде үйде қызмет көрсету талаптары мен белгіленген іс-шараға сай қызметтер толық көрсетіліп келеді. Оларға тиесілі жәрдемақы, азық-түлік уақытылы жеткізіліп беріледі. Мерекелер мен атаулы күндерде орталықтың есебінде тұратын жандар да мерекелік дастархандар мен өзге де сый-сияпаттардан қалыс қалып жатқан жоқ. Үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде есепте тұрған 30 адамға жалғысбасты және мүгедектігіне орай олардың күтіміне облыстық бюджеттен 53514 теңге көлемінде ақшалай жәрдемақы төленді.

Өмірдің бір жағы көл, бір жағы шөл деп тегін айтпаған. Олай дейтін себебіміз, өмірде ештеңеден тарлық көрмей, көз тоярлық сұлулығымен өмір көлінде өмір кешіп жүргендер бар. Ал, өмірдің шөлін бастан кешіріп жүрген көмекке мұқтаж жандар қаншама десеңізші. Олар үшін аялы алақан, денсаулық өмірдің көлі болып көрінеді. Көмекке мұқтаж жандардың арасында мүмкіндігі шектеулі, мүгедек, зейнеткерлер де бар. Осындай жандардың жауқазын көңілін аулап, жақсы істерімен баулап жүрген әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері әрдайым құрметке лайық деуге сияды.

Комментарии закрыты.