Сезіліп тұрушы еді адалдығы

Асыл азамат, Сәтбаев қаласында байланыс саласының өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан білікті басшы Нұрлан Құрмашұлы Қапаровтың дүниеден озғанына да 5 жыл болыпты. Осы 5 жыл ішінде Нұрекеңнің ұл-қыздары өз алдына шаңырақ құрып, немерелері жетіліп, өмірінің жалғасы іспетті Қапаровтардың әулетін көбейтуде.

Кезінде сол кездегі Никольский байланыс торабында жүздеген жұмысшылары мен қызметкерлері болған ұжымды басқарған, қазіргі «Қазақтелеком» АҚ-ы Жезқазған қалалық телекоммуникация дирекциясының Сәтбаев бөлімшесінің қарышты қадамында Нұрлан Құрмашұлының қалдырған ізі білініп тұр.

Нұрлан Қапаров 80-90-шы жылдары байланыс саласындағы алдыңғы қатарлы жетістіктер мен жаңалықтарды енгізуге мұрындық болды. Жас байланысшыларды оқытып, үйретуге мол үлес қосты. Сол кезде енді ғана қолға алынып жатқан оптикалық-талшықты байланыс жүйесін, жаңа қондырғылармен телефон станцияларын жабдықтауға алғашқылардың бірі болып кірісті. Шын мәнінде, Нұрекең жаңашылдыққа жаны құмар еді. Ташкенттегі байланыс институтын үздік бітірген білікті инженер, Жезді поселкесінің байланыс саласын көп жыл басқарған әкесі Құрмаш Әлібекұлының ісін жалғастырушы ретінде қызметіне берілген адал азамат Нұрлан Қапаровтың еңбегі абыройлы, беделі жоғары болды. Көп сөзден гөрі, нақты іске мығым Нұрекеңнің іскерлігі, адамгершілігі бір төбе еді.

1980-шы жылдардың ортасында Нұрлан Құрмашұлының қарамағында еңбек еттім. Қарапайым монтерден бастап, бригадирдің міндетін атқардым. Нұрекеңнің қарапайым жұмысшыларға деген көзқарасы ерекше еді, жаны ашып тұратын, қолынан келген көмегін аямайтын. Әлі есімде, Нұрекең қыс кезінде біз «Абақ-Алик» деп атайтын жігіт екеуімізді ертіп, Жездіге апарды. Ол жақта 5-6 қойды сойып, жіліктеп, осындағы байланыс жүмысшыларына таратып бергізді. Міне, осыдан ақ Нұрекеңнің қамқорлығын, қолының молдығын, көңілінің кеңдігін көруге болады.

Нұрекеңнің жанында жүріп, байланыс саласының қыр-сырын меңгерген маған ол кісі: «Мәди, көзіңнің майын тауысып, газетте қағаз жазғанша, осы біздің салада  қалсайшы. Мен саған оқуға жолдама алып берейін, екінші жоғары білім аласың, байланыс инженері боласың» деуші еді. Бірақ, маңдайыңа не жазылса, сол болады екен. Мен журналистикаға қайтып келдім. Оның есесіне, ұлым Бақытжан байланысшы болды. Нұрлан ағасының жолын қуып, ісін жалғастырып, Сәтбаевтағы «Қазақтелекомның» бөлімшесін басқарып отыр.  «Нұрлан Құрмашұлы сияқты жұмысыңа адал бол, сол кісі сияқты әділ бол, қарапайым жұмысшылардың қамын ойла»… деп ұлыма айтып отырамын. Нұрекең байланыс ұжымында әсіресе, қазақ жігіттерін жақсы қолдайтын еді, соларға қамқор болып жүретін.

«Адам – жұлдыз

Ағып  өте шығады.

Бізден де бір із

Естелік боп қалады».

Артында өшпес із қалдырған сол ағамның кейде ақылын аңсаймын, жарқын жүзі мен жымыңдаған күлкісін сағынамын… Жатқан жерің нұрға толсын, Нұрлан аға.

Мәди Әлжаппаров, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Комментарии закрыты.