«Участок» жедел алдын алу шарасы басталды

20181030-04-2Еліміздің өзге де өңірлері сияқты кеншілер қаласында да республикалық «Участок» жедел алдын алу шарасы басталды. Бұл шараға қаламыздағы учаскелік полиция бекеттерінің қызметкерлері мен тәртіп сақшысы жұмылдырылды. Учаскелік полицейлер өз қарамақтарындағы мекенжайларды аралап, азаматтар туралы мәліметтер жинастыруда.

Жуырда біз қалалық ішкі істер бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесі басшысының орынбасары Жалғас Жүнісовке жолығып, жедел шара жайлы әңгімелескен едік.

– Аймақта жедел жағдайды тұрақтандыру, қызмет көрсететін әкімшілік учаскелерде құқық бұзушылық профилактикасы бойынша жұмысты жандандыру, халық арасында учаскелік полиция инспекторларының және жалпы ішкі істер органдарының имиджі мен беделін арттыру, азаматтармен тығыз сенімді қарым-қатынас орнату мақсатында үстіміздегі жылдың 20 қазан мен 20 желтоқсан аралығында Қарағанды облысының аумағында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Осыған орай, қалалық ішкі істер бөлімі басшысының арнайы бұйрығымен жедел-профилактикалық іс-шараны өткізу жоспары әзірленіп, бекітілді. Соған сәйкес қалада жедел алдын алу шарасы қолға алынды.

«Участок» жедел алдын алу шарасының басты мақсаты – көпқабатты үйлердің әрбір пәтерін, аулаларды, жеке үйлерді аралап, онда тұрып жатқан адамдар жайлы ақпарат білу. Нақтырақ айтқанда, пәтерлер және үйлер бойынша әкімшілік учаскелерді тексеру, тұрғындар туралы мәліметтерді әкімшілік учаскеде тұратын тұлғаларды тіркеу журналына енгізу; қару иелерін тұрғылықты орындары бойынша тексеру, ІІО-ның есебінде тұрған адамдарды мекенжайы бойынша тексеру, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізу, – дейді әкімшілік полиция бөлімшесі бастығының орынбасары.

Сонымен, Сәтбаев қаласында «Участок» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр. Учаскелік инспекторлар үйлерді аралап, ішкі істер органдарында есепте тұрған сәтбаевтықтарды тексеріп жүр. Бөлімше басшысы орынбасарының сөзіне қарағанда «Участок» шарасы кезінде қала түгел дерлік тінтіледі. Жалға берілетін пәтерлер, жертөлелер, шатырлар, базарлар тексеріледі. Инспекторлар өз учаскесінде есепте тұрған адамдардың қайда, не істеп жүргенін бір қарап шығады. Қылмыс жасауға бейім тұлғалар анықталса, есепке алынады. Шетел азаматтарына бақылау күшейді. Пәтерді жалға беріп, астыртын пайда тауып отырған адамдар анықталды.

– Қалада қоғамдық тәртіпті күшейтуге, тұрғындардың қауіпсіздігін нығайтуға және қылмыстың алдын алуға септігі мол бұл шараға қала бойынша 25 учаскелік полиция инспекторлары, 9 учаскелік полицияның жасөспірімдермен жұмыс жөніндегі инспекторлары, 6 арнайы жабдықталған автокөліктер қатыстырылады.

Орайы келгенде қала тұрғындарынан жедел алдын алу шарасының өз деңгейінде өтуіне түсіністікпен қарап, инспекторлардың сауалдарына дұрыс жауап берулерін сұраймыз. Сондай-ақ, өздеріңіз тұратын аймақтардан әлдебір келеңсіз оқиғаларды, сезікті жағдайларды байқасаңыз, қоғамдық тәртіптің бұзылуына куә болсаңыз мына төмендегі мекенжайлар бойынша телефондарға хабарласыңыздар. Біз әрқашанда көмекке әзірміз, – дейді Жалғас Жүнісов.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.