Байқаудан – бәйгемен!

Қазақстан халқы Ассамблеясының қоры достық пен толеранттылықты, отбасылық құндылықтарды насихаттайтын «Бірге өмір сүру» жастар фестивалін ұйымдастырған еді. Жуырда Астана қаласында мәресіне жеткен байқау қорытындысында сәтбаевтық жас отбасы Евгений Грицуняк пен Сабина Зимарина бірінші орынды иеленді.

Орайы келгенде айта кетейік, шараның негізгі мақсаты – ұрпақтар сабақтастығы мен мәдениетін, отбасылық құндылықтарды сақтау. Фестиваль биыл екінші мәрте өткізілді. Биылғы байқауды Қазақстан халқы Ассамблеясының қоры мен Білім және ғылым министрлігінің Жастар ісі жөніндегі комитетімен бірлесіп ұйымдастырды.

20181030-01-1

Астана қаласындағы «Қобыз сарайында» өткен ақтық сайысқа еліміздің он облысынан он отбасы қатысты. Солардың ортасынан Сәтбаев қаласының жас отбасы Евгений Грицуняк пен Сабина Зимарина және олардың ерке қыздары Альбина мен Анель өнелерімен де, өнегелерімен де оқ бойы озық шықты.

Евгений мен Сабина – кеншілер қаласындағы «Мерей» балалар үйінің тәрбиеленушілері. Бала жастан бірге өскен екі жас үлкен өмірге жолдама алған сәттерінде қол ұстасып, отау құрған еді. Қазір олардың отбасында Альбина мен Анель атты екі бүлдіршін тұлымшағы желбіреп өсіп келеді. Альбина №2 мектептің дайындық сыныбында оқыса, Анель осы мектеп жанындағы шағын орталықта тәрбиеленеді. Екеуі де өнерге бейім.

Айтпақшы, Евгений мен Сабина өздерін бала жастан тәрбиелеген «Мерей» балалар үйінің бұрынғы директоры Баймұса Игеновты өкіл әке тұтады. Байқауға Баймұса Әшентайұлы отбасының қамқоршысы ретінде барып қатысып, балаларымен бірге өнер көрсетті.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.