«Ең бай үй – кітабы бар үй»

20151106-05-1– Роза Әбдікамалқызы, поэзияға деген құштарлығыңыз қай сыныптан бастап оянды?

– Бала жасымнан. Кішкентай кезімізде ата-анамыз селтеңдеп бос жүргізбей кітап оқып, ертегі тыңдауға дағдыландырды. Ересектеріміз кітап оқимыз, кішкентайларымыз тыңдаймыз. Одан қалды, үйде қазақтың лиро-эпостық жырлары жазылған күйтабақтар көп болатын. Сол жыр-дастандарды тыңдап өстік. Өлеңнің ырғағы, ұйқас иірімдері мені қатты қызықтыратын.

– Ең алғаш жатқа айтқан өлеңдеріңіз есіңізде ме?

– «Дәл мына өлең» деп айта алмаймын. Бірақ, ес біліп, ақыл тоқтатқан кезде ең алғаш оқыған, көңіліме тоқыған өлеңім Мұқағалидың «Жырласам ба екен» деген өлеңі. Ол кезде мен махабаттың шырмауына түсер жастан ерте болсам да өзімнен үлкендердің махабаттың машақатына қалай малшынып, отына қалай өртенгенін, өзі сүйген жанның өзгеге бұйырғаны, оқылған хаттай төрт бүктеліп жыртылған тағдыр сынды сезімдерді түйсігіммен түсінгендей болдым. Менің поэзияға деген махаббатым осы Мұқағалидан басталды.

Әрине, жалғыз Мұқағали ғана емес, Төлеген Айбергенов, Фариза Оңғарсынова сынды сөзден маржан тізген ақындардың өлеңдерін оқып, жаттап өстім.

– География пәнінің мұғалімі болу өз жүрек қалауыңыз ба, әлде?..

– Сіз білесіз бе, менің бала жастан арманым әдебиетші болу еді. Мектепте оқып жүргенде мен өзімді-өзім тәрбиелеуге дағдыландым. Оқыған кітаптарым жайлы пікірімді, сөз тіркестерін қолдану тәсілі, оқиғаны өрбіту шеберлігі жайлы талдауларымды жазып отырдым. Осылайша мен әдебиет әлеміне біртіндеп ене бастадым. Бірақ…

Қолдың қысқалығы, жағдайдың болмауынан Жезқазғаннан алысқа ұзап шыға алмадым. Сол кезде Жезқазғанда қазақ тілі мен әдебиеті факультеті болмады да құжаттарымды география пәнінің мұғалімі факультетіне тапсырдым.

– Бұл ісіңізге өкінбедіңіз бе? Жалпы, «мамандығымды дұрыс таңдамадым-ау» деген ой мазаламады ма?

– Жоқ. Қайта мен қуаныштымын. Осы география сабағын оқыта отырып, мен шәкірттерімді әдебиетті, поэзияны сүюге тәрбиелеп отырмын. Табиғат жайлы, оның байлықтары жайлы сабақ өткенде мен міндетті түрде оны поэзиямен байланыстырамын.  Ақындардың табиғат, жыл мезгілдері туралы өлеңдферімен сабағымды түрлендіріп, оқушылардың қызығушылығын оята алдым. Сол арқылы мен оқушыларымды кітап оқуға үйреттім.

– Күнделікті сабақтың өзін күшпен оқитын бүгінгі ұрпаққа кітап оқыту оңай болмаған шығар?

– Менің бұған дейінгі сыныбым кітапқа құмар болды. Олармен түрлі тақырыптарда поэзия кештерін, оқырмандар конференцияларын өткізу онша қиындық тудыра қойған жоқ. Қазір ол сыныбымның түлектері еліміздің түпкір-түпкірінде білім алып, еңбек етіп жүр. Ал, қазіргі оқытып жатқан сыныпты 2012 жылы алған едім. Несін жасырайын, кітап оқуға мүлдем жоқ болатын. Екі жылда оларды да кітапқұмар етіп шығардым. Сенсеңіз, бүгін осы оқушыларымның үйлерінде өздерінің шағын кітапханалары бар.

– Егер, құпия болмаса, бұған қалай қол жеткізгеніңіз жайлы айтсаңыз?

– Еш құпиясы жоқ. Мен оқушыларыма Елбасының «Бүгін компьютерде отырғандарды ертең кітап оқығандар басқарады» деген сөзін үнемі қайталап отырдым. Осы бағытта ата-аналармен де жұмыс істедім. Қымбат жиһаз, мол дүние жинаған үй бай емес, ең бай үй кітабы бар үй екенін айттым. Ата-аналар да мені қолдады. Балаларына арнап кітаптар сатып алды.

Мен оқушылар арасында «Бәрін тастап, кітап оқиық!» деген акция өткізіп тұрамын. Үлкен үзіліс кезінде балалардың әдеби кітаптардан, балалар журналдарынан әңгіме оқимыз. Оны сынып болып талдаймыз.

– Шәкірттеріңізді поэзияға тәрбиелеу қалай басталды?

– Ұмытпасам, үшінші мыңжылдықтың басы болуы керек, қаламызға ақиық ақын – Фариза Оңғарсынова келді. Мектептерде кездесу кештері өтті. Ол кезде мен №25 мектепте тәрбие ісінің меңгерушісі едім. Біздің мектепте Аякөз Жалбырова деген оқушы болды. Даусы ерекше, сыңғырлап тұратын. Сол бала кездесуде Фаризаның бір өлеңін оқитын болды. Мен оған мәнерлеп, ырғакпен оқуды үйреттім. Аякөздің алғырлығы сондай, бір оқығанымда қағып алды. Кездесу кешінде Аякөз өлең оқығанда Фаризаның кешті жүргізіп отырған Шынар Қаппасқызынан әлдене айтқанын байқап қалдым. Кейін сұрап білсек, Фариза апай Аякөздің өлең оқу қабілетіне дән риза болыпты.

Осыдан кейін мен оқушыларымды поэзияға дайындай бастадым. 2005 жылы қалада тұңғыш рет Абай оқулары өтті. Одан кейін Мұқағали оқулары өмірге келді. Соларға мен  оқушыларымды, өзімнің қыздарымды дайындап, бәйгеге қостым. Қызым Елігай Әбіш Абайдың 320 өлеңі мен қарасөзін жатқа айтып, облыста екінші орынды иемденді. Мұқағали оқуларында қызым Айкүміс Қанат Мұқағалидың 625 өлеңін жатқа айтты.

– Әлгінде, сөз арасында шәкірттеріңізбен поэзия кештерін, оқырмандар конференцияларын өткізетіндігіңіз жайлы айтып қалдыңыз. Мұныңызды әдебиетшілер қалай қабылдап жүр? Көзалартушылық көрсетпей ме?

– О не дегеніңіз?! Қайта әріптестерім осындай кештер өткізген сайын «бір рахаттанып қалдық қой» десіп жатады. Қатыса алмағандары өкініш білдіріп, кешті сыныпта емес, мәжіліс залында өткізуімізді сұрайды. Жуырда сыныбыммен «Есіңе мені алғайсың» деген тақырыпта мұзбалақ Мұқағалидың 85 жылдығына арналған поэзия кешін өткіздік. Жаңа жылға таяу «Бір тойым бар» деген тақырыпта Төлеген Айбергеновке арналған кеш өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта кеше оқушыларыма Төлегеннің бірнеше өлеңдерін жаттауға бердім. Күзгі демалыс уақыттарын босқа өткізбеудің бір жолы бұл да.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.