Жауынгердің жорық жолы

20151106-08-1Мүсілім Нұрышев. Естіген құлаққа бұл есім таныс. Себебі, ол Ұлы Отан соғысының ардагері ғана емес, соғыстан кейінгі жылдарда Жезқазған өңіріндегі кен саласын дамытуда сүбелі еңбегі бар атақты кенші.

Майдан даласындағы ерліктерінің өзі бір дастан. Оның жеке қорына зер салған адам алапат соғыста екі мәрте «Даңқ» орденін омырауына таққанын дәлелдейтін құжаттарды көреді. «Кеңестік дәуірдің аса құрметті орденіне Мүсілім Нұрышев қалай қол жеткізді? Қандай ерлік жасады?» деген сауалдардың да жауабы деректерде сайрап тұр.

1917 жылдың 2 қазанында Ұлытау ауданы Қаракеңгір ауылында дүниеге келген Мүсілім бала жастан еңбекке араласты. Ол заманның жастары еңбекпен шыңдалып, білімге құштарлық танытты. Қарсақбайдың он сыныптық мектебін бітірген соң, аудан бөлімінің инспекторы болып жұмыс істеді. Он сегіз жасында қызыл әскер қатарына алынып, ежелгі орыс қалаларының бірі – Псковта әскери міндетін өтеді.

Кенет, 1939 жылы дүниені дүр сілкіндірген соғыс өрті тұтанды. Тарихта Фин соғысы аталып кеткен шайқаста Мүсілім Нұрышев ерлікпен көзге түседі. 1939 жылдың 22 қыркүйегінде финдіктер кеңес шекарасын атқылауды бастайды. Әскери дабыл бойынша артполк бірінші болып алғы шепке шығады. Сол полкте М.Нұрышев әскери міндетін өтеп жүрді. Артиллериялық жекпе-жектің бірінде Мүсілім жараланады. Полктің санитарлық бөлімінде жатып, Финляндиямен бейбітшілік келісімге қол қойылғанын естіп, мамыражай тыныштықтың орнағанына іштей қуанады. Жарақаты жазылып, қатарға қосылған соң әскери міндетін әрі қарай жалғастырады.

Отан алдындағы борышын адал өтеп Ұлытауға қайтады. Үйленіп, балалы-шағалы болып, Қарсақбайда теміржолда жол айырушы, станция кезекшісі болып жұмыс істейді.

Мамыражай тіршіліктің тағы сұрқы қаша бастады. Ел абыржулы. Дүрбелең басталды. 1941 жылдың маусым айында Кеңес жеріне тұтқиылдан шабуыл жасаған Германия әскері тыныштықты қашырды.

Ұрыс даласына бет алғандардың қатарына Мүсілім Нұрышев та қосылды. Қайтадан қолға қару алып, бораған оқ пен лаулаған оттың арасына енді. Ақмолада жасақталған 310 атқыштар дивизиясының құрамында шайқасқа кірді. Осыған дейін жүріп өткен Псков жолдары қайтадан алдынан шықты. Ауыр қантөгістер, жаудың басым күші оларды Ленинград қаласына шегінуге мәжбүр етті.

Ол өзінің естелігінде «Екі жылға таяу уақыт біздің жауынгерлер Ленинград маңында өлім мен өмірдің арасында тұрып, жаумен арпалысты. Ақыры 1944 жылдың 12 қаңтарында 310 атқыштар дивизиясы Ленинградты азат ету шайқасына көшті. Қыстың қақаған бораны, ормандағы батпақ, сүрлеу соқпақ жолдар, жауын-шашындарға қарамастан Кеңес әскерінің күші жауды Ленинградтан тықсыра қуды», деп жазады.

Мүсілімнің көзге түсіп, бірінші «Ерлігі үшін» медалін алған сәті Белоруссияны азат ету шайқасы болатын. Алдыңғы дивизияның соңғы жолы Польша арқылы өтіп, Варшавадағы тосқауылдарды қақ жарып, аға сержант М.Нұрышев өз артиллериясын ыңғайлы жерге шығарып, жаудың бірнеше танкілері мен жаяу әскерлерін атқылады. Өз естелігінде жаудың екі бірдей артиллерисін өлтіріп, бірнешеуін жаралағанын жазады. Өзі де жараланып, госпитальдың төсегіне таңылады. Осы шайқастағы ерлігі үшін ол үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Аздаған жарақатқа мойынсұнбай, дивизиясының намысын ойлаған қайсар қазақ баласы қайта сапқа қосылады.

Батыс Пруссияға беттеген Кеңес әскері Кенигсбергті қоршауға алды. Қаладағы қан майданнан жан түршігіп, атылған оқтан құлақ тұнады. М.Нұрышев жоғарғы қолбасшылардан жаудың Велийский шығанағындағы нысанасын оқпен бората беруге бұйрық алады. Жаудың атқылау нүктесін тып-типыл еткен дивизия Балтық теңізіне шығады. Осы тұста әскери қолбасшылар жаудың бораған оғынан қоластындағы сарбаздарды аман-есен алып шыққаны үшін М.Нұрышевтың омырауына екінші дәрежелі «Даңқ» орденін тағады.

Майдандағы жауынгердің жорық жолы Берлинде аяқталады. Алайда, туған жерге 1946 жылы оралды. Бір жылға таяу уақыт жас офицерлерді даярлау ісіне үлес қосады.

М.Нұрышев еңбекте де озат атанды. Қан қасап қырғыннан жігері мұқалмай келген ол тау-кен шеберінің қысқа мерзімдік курсынан өткен соң, Жезқазған кентіндегі №31 шахтада бөлім басшысы болып жұмысқа кіріседі. Қатпар-қатпар тастардың арасынан ел ырысына жарайтын байлыққа түрен салған әскер сарбазы енді маңдайдан шыққан ащы тердің кермек дәмін тата жүріп, еңбектің ерен үлгісін көрсетеді. Жоспарларды уақытылы орындап, бригадасын алға жетеледі. Арада бірнеше жыл өтіп, Мүсілім Нұрышев №42 шахтаға директор болып тағайындалады. Ағылшындар мыс алған өндіріс ошағындағы кенді қайта өндіру ісін қолға алған тұста Мүсілім Нұрышев шахта механигі Василий Опря екеуі соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру үшін кәдеге жарайтын кенді алуда 5 жылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындады. Сол үшін М.Нұрышевтың адал еңбегі Еңбек Қызыл Ту орденімен бағаланды.

1967 жылы зейнеткерлікке шыққанымен, 1985 жылы ғана еңбектен қол үзген Мүсілім Нұрышев соғыс даласында да, еңбек майданында да абыройға бөленген жан. Ол 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40 жылдық мерейтойында І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған.

Аймаққа есімі танылған Мүсілім Нұрышев 1996 жылы дүниеден өтті. «Өмірінің соңына дейін ұрпағын адалдықпен, парасат-пайымдылықпен елге қызмет етуді мұрат етіңдер» деп тәрбиелеп өткен жан еді» – дейді көзін көргендер. Сол ұрпақтары бүгінде өніп-өскен бір бәйтерек іспетті. Балалары әке жолын жалғап, кеніштерде жемісті еңбек етуде.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.