Байқау өтті. Бәйгесі қайда?

№7 орта мектепте болған кездесуде мұғалімдер көпшіліктің көзқуанышы болып, жалпақ жұрттың қолдауына ие болған «Ел іші – өнер кеніші» байқауының қорытындысының шығарылмай қалғаны туралы мәселе көтерді.

– Арнайы хормейстер жалдап концертке дайындалдық, киім тіктірдік. Сырттан реквизиттер алдырдық. Бірақ, байқаудың қорытындысы шығарылмады. Неге? – дейді №7 мектептің информатика пәнінің мұғалімі Гүлбаршын Аманжолова.

Бұл сауалды қала әкімінің орынбасары Серік Имамбайға жолдадық:

– Қала әкімінің тапсырмасы бойынша шаһар жұртшылығының бос уақытын тиімді өткізу мен ұлттық өнерімізді дәріптеу және ел ішіндегі таланттарды анықтау мақсатында өткізілген «Ел іші – өнер кеніші» байқауы қалың бұқараның қызығушылығын тудырғаны мәлім. Арнайы жасалған кесте бойынша барлық мекемелер өнерлерін ортаға салып шықты.

Баршаға мәлім, үстіміздегі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы сынды айтулы мерейтойлар қат-қабат келді. Осыған орай, аталған байқаудың қорытындысының шығарылмай қалғаны рас. Бұл орайда ұстаздардың өкпе-реніші орынды-ақ. Десек те, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесіне орай байқаудың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар анықталатын және марапатталатын болады, – деп жауап қайтарды ол.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.