Есеп-қисаптың маманы

20151113-03-2Қарағанды қаласындағы есеп-несие техникумын 1992 жылы бітіріп, жолдамамен Сәтбаев қаласындағы «Жинақ» банкіге» жолдамамен келген Ләззат Сүлейменова жиырма үш жыл қаржы саласында абыройлы еңбек етуде.

– Мен ең алғаш еңбек жолымды бастағанда қаржы саласындағы жүйеге жаңа реформалар енгізіліп, жаңа төл теңгеміз айналымға түсті. Ұлттық валютаның қолданысқа енуі – сол жылдардағы қаржы секторы тарихындағы алтын әріппен жазылған оқиға болатын. Қаржы саласына келген алғашқы жылдарда есеп-қисаптың әдіс-тәсілдерін мен «Жинақ» банкінің» сол кездегі бөлім меңгерушісі Валентина Боженкодан, есепшілер Несібелді Ибескенова мен Галина Здордан үйрендім. Ол кезде барлығы қол машинкасының күшімен атқарылып, бума-бума бланктермен уақыт өтетін. Содан бері арада жиырма жыл ғана өтсе де ғаламдық өзгерістердің нәтижесінде қаржы саласының екінші бір тынысы ашылды. Жаңа технологиялар, заманауи құрылғылар банк саласында қолданысқа енгізіліп, тіпті қаржылық операцияларды әлем халқы ғаламторда отырып-ақ атқара беретін дәрежеге көтерілді.

Банк саласындағы жиырма үш жылдың бір шама уақытында «Халық» Банкінде, ал, 2012 жылдан бастап «Центркредит» ұжымында аға кассир болып еңбек етіп келемін. Банктің директоры Дәурен Оразбаев, қаржы саласының ардагері Татьяна Наурызбаевадан да үйренгенім мол болды. Ол кісілер әрбір атқарылатын жұмыстың мән-маңызына аса мұқияттықпен қарауды талап етеді. Ал, жергілікті филиалдың жетекшісі Дулат Бейсембаев, кассирлер – Галина Молькина, Ақшекен Зейнұр сынды өз ісінің мамандары әр клиентпен ортақ тіл табысып, қоян-қолтық жұмыс жасайды.

Қазіргі таңда жаһандық деңгейдегі қаржыдағы құбылыстар, әрине, кім-кімге болмасын оңай соғып тұрған жоқ. Әлемдік экономикадағы өзгерістер қаржы нарығына да өз әсерін тигізіп жатыр. Мұның барлығы өтпелі кезеңнің сынағы.

Қоғамның қорын сақтауға үлес қосып отырған қаржы саласының мамандарын алдағы төл мерекелерімен құттықтай отырып, олардың еңбектеріне жеміс тілеймін, – дейді Ләззат Зәкірқызы.

Л.Сүлейменова өз ұжымында басшылық құрметіне бөлене білген жан. Кейінгі жас буын мамандардың тәлімгері атанған Ләззат Зәкірқызы жайлы әріптестерінен сұрай қалсаңыз «Ол кісі нағыз есеп-қисаптың маманы. Әр ісін тыңғылықты атқарумен қатар, ұжымға қосылып жатқан жас мамандардың әрқайсына апалық, әріптестік ақылын айтып, жол көрсетіп отырады. Жүйеде болып жатқан өзгерістерді дер кезінде меңгеріп алады. Тұтынушылар да әріптесіміздің жұмысына дән риза» деп оң баға береді.

Қызметте озық маман атанған Ләззат Зәкірқызы жолдасы Бауыржан екеуі отбасында үш қыз тәрбиелеп отырған ардақты жан.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.