«Қазақ қызы, қандайсың?»

№16 орта мектепте «Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі» тақырыбында өткен тәрбие сағаты осы сұрақ төңірегінде өрбіді. Оны «Инабат» қыздар клубы ұйымдастырды. Тәрбие сағатына қатысқан қалалық білім бөлімінің әдіскерлері мен мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ата-аналар мен мұғалімдер қыздар тәрбиесіне арналған орамды ойларын ортаға салды.

– Тарихқа көз жүгіртсек, көшпенді қазақ халқы қызын қырық үйден тыя отырып, алақанына салып әспеттеген. Қыз баланы отбасының сенімді серігі, қара қазанның иесі, үйдің ұйытқысы деп бағалаған халқымыз оның тәрбиесіне айрықша мән берген. Сондай тәлім-тәрбиенің арқасында талай қазақ әйелі «Ел анасы» атанды. Ұлы даладан шыққан сақтың батыр қызы Томиристың, Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі Гауһардың, ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі Бопайдың, Ұлы Отан соғысы тұсындағы Әлия мен Мәншүктің есімдері елге аңыз болып тарады. Елін ақылымен басқарған Шоқанның әжесі Айғаным ханымды, Абайдың тәрбиешісі болған Зере әжемізді қалай ұмытамыз?! Бұның бәрі ата дәстүрдің, тәрбие жолының дұрыстығын көрсетеді, – деді өз сөзінде ардагер ұстаз Әлима Жақыпова.

Кеш барысында қазіргі заман қыздары туралы сауалнамаға толы бейнеролик назарға ұсынылып, нақыл сөздерге, ақындардың жырына кезек берілді. Сонымен қатар, XXI ғасыр қыздарының қылығы, олардың әдебі, «қазақ қызы» деген қасиетті атқа қаншалықты лайықтылығы сараланды.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.