Үш алтын, екі күміс, бір қола!

Ағымдағы айдың екісі және үші аралығында Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойына арналып Қарағанды қаласында ұйымдастырылған облыстық қоян-қолтық ұрыстан өткен турнирде жас спортшыларымыз жеңіс тұғырына көтерілді.

20151113-12-2

Атап айтар болсақ, мәдени-сауықтыру спорт орталығына қарасты жаттығу залында қоян- қолтық ұрыстың қыр-сырын меңгертіп жүрген жас спортшы Нұрқанат Қуанышбековтың шәкірттері – Әділет Тілеков, Әбдіжәлел Сембі, Бақтияр Екібаев турнирде алтыннан алқа тағынды. Ал, Данияр Байдәулетов пен Темірлан Қошмағамбетов күміспен күптелсе, Бақдәулет Әбдуәли қола медалді місе тұтты. Сөйтіп, сәтбаевтық спортшылардың қоржыны үш алтын, екі күміс, бір қоламен толықты.

– Елімізде соңғы жылдары жақсы қарқынмен дамып келе жатқан спорттың бұл түрін сәтбаевтық жас өрендер арасында кеңінен насихаттау және чемпиондар әзірлеу мақсатында қолға алынған істің нәтижесі жоқ емес. Орталықтың қолдауымен өткен жылы арнайы жаттығу залын ашып, қазіргі күні 20-дан аса шәкіртті тәрбиелеп отырмын. Олардың спортқа деген қызығушылықтары өте жоғары. Қазір республикалық турнирлерге дайындық үстіндеміз, – дейді бапкер Н.Қуанышбеков.

Алғашқы қадамдарын сәттілікпен бастаған жас спортшыларымыздың тұғыры биік болғай!

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.