Жаңа ғимараттағы жаңа жыл

Қалалық емханада Наурыз мейрамы қарсаңында мерекелік жиын өткен болатын. Бұл тойға қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай, қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева, әкім аппараты әлеуметтік бөлімінің бастығы Г.Таңсықбаева және басқа да қонақтар қатысты.

Дәстүрлі құттықтау сөздерден кейін емхана қызметкері Р.Базылұлы домбырамен арнау айтып, жас бүлдіршіндер би билеп, Наурыз қызығы басталып кетті.

Емхананың мәжіліс залында бастау алған бұл думан өз жалғасын «үш ауылдан» тапты. Олар – шектеулі мамандық иелерінің «Ерден» ауылы, жедел жәрдем бөлімінің «Нұреке» және бөлімшелік қызметтің «Абай» ауылдары болды. Ауыл-ауылға бөлініп, Наурыз мейрамын тойлау – жаңа ғимараттағы жаңа жылды қарсы алу кешінің ерекшелігі болды. Барлық ауылдардың «тұрғындары» қазақтың ұлттық киімдерін киіп, ән салып, бір-біріне қонаққа барып, шашуларын шашып, дастархандарын жайып бар ықыластарымен қарсы алды. Мереке барысында қазақ халқының салт-дәстүрлері сақталып, әдет-ғұрыптары насихатталуы Наурыз тойлаудағы басты мақсатты айқындады.

Ұлыстың ұлы күніне арналған бұл мерекелік іс-шараның мұндай жоғары деңгейде өтуі, әрине, ақ халатты абзал жандар мен мекеме басшысының қажырлы еңбектері мен тынымсыз ізденістерінің арқасында екені белгілі.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.