Немесе «Неке шарты» туралы не білеміз?

«Балалардың дәм-тұздары жараспады. Ақыры сот арқылы ажырасып тынды. Дүние-мүлік бөлуде дау-дамай туып, заңгерлерден кеңес алдым. Олар «Әу баста неке шартын жасап қойғанда мұндай қиындықтар туындамас еді», дейді. Ондайды кім білген. Шынын айтсам, «Неке шарты» дегеннің болатынын да сол жолы естідім.

Танысымның әңгімесінен.

 

  1. Неке шарты дегеніміз не?

Атам қазақ «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген аталы сөзді тегін айтпаған ғой. «Үй болу қиындығының» салдары кейде ажырасуға алып барады, ал, ажырасудың ақыры әдетте үй бөлуге, мүлікті, бірге жүріп жиған-тергенді бөлісуге соғады. Ал, заңды құжат болмаса, ажырасудың ақырында «Алтын балық» ертегісіндегідей қырық тесік астауыңызды құшақтап қалуыңыз ғажап емес. Жоо-оқ, бұл «Ажырасуға алдын ала дайындал» деген сөз емес, керісінше «Ажыраспа, бірақ, сонда да құжаттарың сақадай-сай болсын!» деген сөз.

Алда-жалда «екінің бірі ажырасып жатыр ғой» деп екі жастың жолы екіге айырылғандай болса, ерлі-зайыптыға ортақ болған шаңырақ кімде қалмақ? Кереге кімге, уық кімге тиесілі болмақ? Бұл сұрақтардың жауабын не сот, не неке шарты анықтайды.

Сонымен, бәрін ың-шыңсыз шеше салатын «Неке шарты» деген керемет не? Біз осы сауалды адвокат һәм кәсіби медиатор Бекежан Жаналиновтың алдына көлденең тарттық.

– «Неке және отбасы туралы» Кодексте неке шартына мынадай анықтама беріледі: «Некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың келiсiмi немесе ерлi-зайыптылардың некедегi (ерлі-зайыптылықтағы) және (немесе) ол бұзылған жағдайдағы мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерiн айқындайтын келiсiм неке шарты деп танылады. Неке шартында некеде (ерлі-зайыптылықтан) туған немесе асырап алынған балалардың мүліктік құқықтары көзделуі мүмкін». Түсініктірек айтсақ, бұл – шаңырақ көтеруге бел байлаған жастардың алдағы уақытта ажырасатындай жағдайға тап болса, бір-бірінің бетін тырнамай екеуі бірге жүріп тапқан-таянғанын, яғни, жылжымайтын және жылжымалы мүліктерін ың-шыңсыз бөлісіп алу ережелерін реттейтін құжат, – дейді Бекежан Айтқұлұлы.

Адвокаттың айтуынша, азаматтар арасында неке шартына қатысты екі түрлі пікір бар екен. Оның бірі «Неке шартын жасасу қазақы менталитетке сай келмейді, оның қажеті шамалы», дейді. Себебі, неке шартын жасасу – отау құрып жатқан жастардың жолына жамандықты шақырумен бірдей-міс. Расында да, махаббаттан бастары айналып, қол ұстасып бірге өмір сүруге талаптанған жас жұбайлардың миында «ертеңгі күні ажырасамыз, сонда үй мен көлік кімге тиесілі болады?» деген мысқалдай ойдың болмайтыны рас. Бірақ, өмір заңы қатал, махаббатыңа да, шаңырағыңа да қарамайды – ойранын салып, ортасына түсіреді. Сондайда екі жақ қырық пышақ боп қырқысып, ортаға баланы салып, құдандалы жекжаттардың ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, бетінен қауып, ата жау боп жатқандары.

– Неке шарты қажет дейтіндер осындай жағдайларды есепке алады. Қоғамда болып жатқан түрлі жайттар неке шартының қажеттілігін айқындай түседі. Мысалы, қазір алаяқтар өте көп. Отбасын құрып, кейін жанжал шығарып, ерінің не зайыбының мүлкін сатқызып, ақшаны бауырына басып алған соң, ажырасып кетуді әдет қылған, тіпті бизнес етіп алған әйелдер де, еркектер де бар. Үйіңізге бір чемодан киіммен келіп, айла-шарғымен ажырасып, бір чемодан ақшамен кетуді армандайтын сондай алаяқтарға жем болмау үшін неке шартын жасаған тиімді. Немесе алаяқ емес, түрлі себептермен жолыңыз екіге айырылатын ақ-адал жарыңызға өзіне тиесілі дүние-мүлікті беру барысында періштені де жолдан тайдыратын пиғылдың сіздің бойыңызды билеп кетуіне жол бермеу үшін неке шарты керек-ақ. Қазақта «Жаман айтпай жақсы жоқ» деген сөз бар. «Сақтансаң, сақтайды» дейтін де қазақ. Кодекстің көздегені – осы, – деп нығарлай түседі тағы да адвокат бауырымыз.

  1. Өте сирек жасалатын құжат

Отбасы туралы заң жұбайларды неке шартын жасауға міндеттемейді. Яғни, сақтануды әркімнің өз құзырына қалдырады. Дегенмен, әзірге өз құзырын пайдаланатындар аз. Бейресми дерекке сенсек, елімізде отау құрғандардың бір пайызы ғана осындай шарт жасасады екен.

Ал, бұл жағдай бізде қалай? Соны білмек болып біз нотариус Алевтина Абилеваға телефон шалдық.

– Неке шарты – өте сирек жасалатын құжат. Бір-екі жылда бір рет қана жасалуы мүмкін. Менің өзім 21 жыл жұмыс істегенде 4 рет қана неке шартын жасадық. «Неге аз» деген сауалға келсек, оның мынадай себептері бар болуы мүмкін. Біріншіден, азаматтардың құқықтық сауаттылықтары төмен, яғни, неке шарты туралы көбі біле бермейді. Екіншіден, олар ырымға сенеді, неке шартын жаман ырым деп есептейді. Үшіншіден, жұбайлар өз болашақтарының жақсы боларына сенеді, яғни, неке шарты қажет болады деп ойламайды, – дейді Алевтина Испатырқызы.

Жалпы, елімізде «Неке шарты» ұғымы 1993 жылдан бастап қолданысқа енген екен. Содан бері жиырма екі жылдай ғана уақыт болды. Ғаламтордағы ақпаратқа сенер болсақ, осы жиырма жылда некеге тұрушылардың жоғарыда айтып өткеніміздей бір пайызы ғана бұл шартты қажет еткен көрінеді. Әрине, өмірлік серігіңізге сенген дұрыс. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ екенін де ұмытпаған жөн-ау…

Айтпақшы, жоғарыда айтқан отау құрғандардың ішіндегі неке шартын жасағандардың бір пайызының көбі, бейресми мәліметтер бойынша, екінші рет үйленгендер деседі. «Аузы күйген үрлеп ішеді». Тағы бір бөлігі – есеппен отау құратындар. Енді бірі – «тең-теңімен, тезек қабымен» дегенді басшылыққа алып, кейін әлдеқандай жағдай бола қалса… деп шарт жасасатын көрінеді.

  1. Көтерілген шаңырақ – 544, Күйрегені – 253. Себеп?..

Хош, сонымен неке шарты дегеннің не екенін тамтұмдап болса да ұққандаймыз. Пайымдағанымыз, неке шартын жасасуға қазақтардың қошы жоқ көрінеді. Ол заңды да. Қойымыз қоздаса да ырымдап жататын халықпыз. Ал, неке шартының түп төркіні отау құрған не құратын екі жас ғайыптан ажыраса қалса дүние-мүлікті талассыз бөліп алуына негізделген. Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, ешкім «мен ертең ажырасамын-ау» деп үйленбесі тағы анық.

Десек те, бүгінде үйленіп алып, соңынан дәм-тұздары жараспай жататындар көбейіп кетті. Оның соңы анау айтқандай дау-дамайға ұласып жатады. Сондайда, «неке шарты» дегенің керек нәрсе екен-ау» деген ой келеді жұмыр басқа.

– Бүгінде үйлену де, ажырасу да оңай болып кетті. Еліміздің «Неке және отбасы» туралы Кодексінің 17 бабына сәйкес, өтініш берушілердің бөліске жататын ортақ мүлкі болмаса, және кәмелетке толмаған балалары жоқ болған жағдайда неке бұзу өзара келісім бойынша АХАТ бөлімінде жүргізіледі. Әйтсе де, біз отбасын сақтап қалу мақсатында өтініш берушімен әңгіме өткізіп, татуласу үшін бір ай уақыт береміз. Осы уақыт ішінде өзара келісімге келе алмаған жұптар ажырасуға өтініш береді. Ал, аталмыш заңнаманың 19 бабына сәйкес, кәмелетке толмаған балалары бар ерлі-зайыптылардың некесін сақтап қала алмаған жағдайда неке сот шешімі бойынша бұзылады. Үстіміздегі жылдың он айында 544 неке тіркеліп, керісінше 253 неке бұзылды, – дейді қалалық АХАТ бөлімінің басшысы Алмаш Әлімбаева.

Статистикалық мәлімет-терге жүгінер болсақ, өткен жылдың осы мерзімінде 568 неке тіркеліп, 249 неке бұзылған. Көрсеткіштер бір-бірінен онша алшақ жатқан жоқ. «Бар бәле неке шартын жасасқаннан болды» дейін десек, олардың бәрінде неке шарты жасалмағаны да күмәнсіз. Сонда ажырасуға не себеп болып отыр? Осы бір келеңсіз жағдай неге жиілеп барады? Осы сауалды біз қалалық АХАТ бөлімінің басшысына да қойып көрдік.

– Қазіргі уақытта неке бұзуға арыз берушілердің көбі 20 мен 30 жас аралығындағылар. Олардың үйленгендеріне бір жыл уақыт өтпей жатып-ақ неке бұзуға өтініш беріп жатады. Жастардың бұлайша жаппай ажырасуына нендей жағдайлар себеп болатынын біз өзімізше сараптап көрдік. Сонда байқағанымыз, біріншіден, тараптардың мінезінің келіспеушілігі, екіншіден, тұрмыстық жағдайдың төмен болуы, үшіншіден, ата-аналардың ұл-қызына дұрыс тәрбие бермеуі, төртіншіден, құда-құдағилардың арасындағы түсініспеушілік. Оған жас қыздар кезінде жауапкершілікті ойламай, аяғы ауыр болып қалып, амалы жоқтықтан тұрмысқа шығып жататын жағдайларды қосыңыз. Олар кейін «мінездеріміз келіспеді» деген жағдаймен ажырасып жатады, – дейді Алмаш Әбірезқызы.

P.S. Ғаламтордағы ақпараттардан Европада неке шарты кең қолданысқа ие екенін көруге болады. Ең қызығы, оларда мұндай келісімге отырғандармен салыстырғанда, шарт жасаспағандар арасындағы ажырасудың үлесі жоғары деседі. Алайда, батыстық шарттың бір айырмашылығы – олар көлік, үй, саяжай сынды мүліктік құқыққа көп мән береді. Бұл біздің менталитетке аса сай келмейді. Біздің халық рухани дүниеге көбірек мән береді. Соған орай келісімшарттарда жұбайлардың міндеттері көбірек орын алса мүмкін ажырасушылардың қатары да азаяр ма еді… Сіздер не дейсіздер?

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.