Қаһармандар құрметсіз қалмайды

Әлемді фашизмнің қаратүнегінен құтқарған жеңімпаз жауынгерлердің ерліктері ел жадынан ешқашан өшпейді. Соның айғағы – жер-жерлердегі олардың есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында қолға алынып жатқан шаралар. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекеленген биылғы жылы Жеңіс жауынгерлеріне деген құрмет әдеттегіден де айрықша екендігі жасырын емес.

Жақында №27 орта мектепте қалалық мәслихаттың әлеуметтік қорғау, құқықтық тәртіп және әлеуметтік сала мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтіп, мұнда қалада жақында бой көтерген 72 орамдағы қос көшеге Әбсамат Тәжбенов пен Мүсілім Нұрышевтың есімдерін беру мәселесі қаралды.

Олардың екеуі де – Ұлы Отан соғысына қатысқан, еліміздің азаттығы мен бостандығы жолында ерлігімен танылған жеңімпаздар еді.

Қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш қос жауынгердің өмір жолдары туралы әңгімелеп, олардың есімдерін қала көшелеріне берудің орынды екендігіне тоқталды.

Аталған ұсынысқа Ұлы Отан соғысының ардагері, қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ш.Байбосынов, қаланың Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Құрметті энергетигі Я.Асатов, «Қазақмыс» корпорациясы ардагерлері Кеңесі Сәтбаев қалалық филиалының төрағасы Ө.Сартов қолдау білдірді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.