Инновациялық технология – өндіріске

«Қазақмыс» құнарсыз күкіртті кеннен шақпақ мыс шығаруға негізделген инновациялық технологияны өнеркәсіптік сынақтан өткізуді қолға алды. Бұл жөнінде компанияның баспасөз қызметі мәлімдеді. Биыл тамызда Жезқазған мыс қорыту зауытының аумағында гидрометаллургиялық тәжіри-белік-өнеркәсіптік телімнің тұсауы кесіліп, тестілеуден табысты өткен еді. Таяуда ғылыми-зерттеу жұмыстары мен зертханалық сынақтың тізбесі толық аяқталды. Қортындысында шақпақ мыс шығаруда оң нәтижеге қол жетті.

Гидрометаллургия өндіріске қолданыстағы технологиямен қатар енгізіледі. Келешекте Жезқазған мыс қорыту зауытын Жыланды тобы мен Жаман-Айбаттың екінші кезегі сияқты қуатты кен орындары шикізатпен жабдықтайтын болады.

Компания мәліметіне қарағанда, Жезқазған аймағындағы кеніштерді пайдаланғаннан бері 1 миллиард тоннаға жуық кен өндірілді. Минералдық шикізат қорының түгесілуі — табиғи үдеріс. Дегенмен, компаниядағы геологиялық қызметтің дерегі бойынша, әлі бір миллиард тоннаға жуық құнарсыз теңгерімнен тыс мыс кені бар. Бірақ, оны қазіргі дәстүрлі технологиямен өңдеу тиімсіз. Сондықтан, Жезқазғанда ірі гидрометаллургиялық зауыт салу жоспарланып отыр.

— Бұны болашақтың технологиясы десек те болады. Біз ірі зауыт салмас бұрын кез келген өндірістік тәуекелді барынша болдырмауға тиіспіз. Демек, «жеті өлшеп, бір пішкен» абзал. Сондықтан, өнімділігі әртүрлі екі зауыт салу жоспарланып отыр. 2017 жылдың басында жылына 32 мың тоннадан астам мыс концентратын өңдейтін тәжірибелік зауыт қатарға қосылады. «Қазақмыс» бұл жобаға 30 миллион долларға жуық қаржы бөлді. 2018-2021 жылдары жылына 600 мың тоннадан астам мыс концентратын өңдейтін ірі гидрометаллургиялық зауыт салынады. Оған 350 миллион доллардан астам қаражат қарастырылады, — дейді жоба жетекшісі Талғат Тоқболатов.

Сонымен қатар, «ҚазГидроМыс» фирмасымен бірлесіп Жезқазған байыту фабрикасында жиналып қалған 850 миллион тоннадан астам өндірістік қалдықты қайта өңдейтін инновациялық технология жасалды.

Осының бәрі аймақтағы минералдық шикізат базаны нығайтуға бағытталған.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.