Ерекше өткен мереке

Ыбырай Алтынсарин атындағы №19 мектепте сәнді де, мәнді той өтті. Ұстаздар ұжымы биылғы жылдың Наурыз мейрамын ерекше атап өтуді ұйғарыпты.

Мектептің жиын залында қазақтың салт-дәстүріне орай әсем безендірілген, қаз-қатар орналасқан ауылдарды көріп, көктемдегі қазақ даласында ақшаңқай киіз үйлерді аралап жүргендей әсер алдық.

Нақтырақ айтсақ, бұл күні Сәкен, Мағжан, Абай, Ыбырай, Шоқан, Шәкәрім, Жамбыл, Бейімбет  ауылдары құрылды. Ұлттық өрнекпен өрнектелген кілем, көрпелер төселіп, қазаққа тән жиһаздармен жабдықталған әр ауылдың өзіндік нышаны ерекшеленіп тұрды. Ал, қыз-келіншектердің ұлттық киімдері ауылдар көркін аса түрлендіріп жіберді.
Мерекені ашу құзыры мектеп директоры Б.Ә.Жандарбековаға берілді. Ұжым басшысы әр отбасына құт-береке, денсаулық пен табыс тілеп, көктемнің көркем мерекесі – Наурыз мейрамымен құттықтады.

Ауылдар тойы «Қара жорға» биінен басталып, ән мен күйге кезек берілді. Өнерден кен емес ұстаздар қауымы мен олардың шәкірттері бұл күні әсем ән мен мың бұралған бидің тамаша үлгілерін көрсетті.

Той барысында ауылдар арасында сайыс жарияланды. Әр ауыл қазақтың ұлттық тағамдарын жасаудың жолын айтып, көпшілік қауымға дәм татқызды. Ыбырай ауылынан 80-жастағы ана дайындаған наурызкөжеден, Шоқан ауылының бал қаймағынан, Жамбыл ауылының қымызынан, басқа да ауылдардың дайындаған ет, манты, ірімшік, айран, жент, шелпек, ірімшік сияқты ұлттық тағамдардан дәм таттық.

Мектеп мерекесінде қазақтың салт-дәстүрінен, өнерінен ұлттық ойындарынан да сайыс өтті. Қорытындысында әртүрлі номинация бойынша ең өнерлі, білімді, шебер, сауықшыл, қонақжай, өнегелі, ұйымшыл, көрікті ауыл деген атақтар берілді.

Шын мәнінде, ұйымшыл да қонақжай №19 мектептің ұстаздар ұжымы осы Наурыз мейрамын есте қаларлықтай, әсерлі де мәнді болатындай өткізді.

Мәди Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.