Ауыл шаруашылығын әртараптандыру – уақыт талабы

20151120-03-1Ауыл шаруашылығы ықылым заманынан бері қазақ халқының негізгі күнкөріс көзі болып келді. Аталмыш сала бүгінгі таңда да өз мән-мағынасын жоғалтпай, ел экономикасының негізгі күретамырының бірі болып саналады. Республика халқының елеулі бөлігі ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, ауыл шаруашылығын дамыту – ел стратегиясының негізгі басым бағыттардың бірі болып табылады. Сондықтан, Елбасы ауыл шаруашылығын әртараптандыруды күн тәртібіне қойып отыр.

Қала негізінен өндіріске бейімделгенімен, аймақта ауыл шаруашылығын дамыту бізге де үлкен міндеттер жүктейді. Осы бағытта біз бизнеске бет бұрғысы келген азаматтардың арасында шаруа қожалықтарын құруды да барынша насихаттап келеміз. Рас, біздің өңір ауыл шаруашылығына өте қолайсыз. Шабындықты айтпағанда, жайылымдық жердің өзі аз. Соған қарамастан, ата кәсіпті серік етуге ниет білдіргендер баршылық. Қазіргі уақытта қалада 34 шаруа қожалығы тұрақты түрде жұмыс істейді. Оның бірі егін шаруашылығымен айналысады. Нақтырақ айтқанда, бау-бақша шаруашылығы дегеніміз дұрыс болар. Өйткені, ол азамат бұрынғы «Жартас» карьерінің маңындағы бақша егуге қолайлы 981 гектар жердің 24 гектарына бау-бақша егіп отыр. Жердің топырағы да, суы да арнайы сараптамадан өтті. Онда ешқандай зиянды қоспалардың жоқтығы анықталды. Бау-бақша өсірумен айналысамын деген азаматтарға барлық мүмкіндіктер қарастырылған.

Ауыл шаруашылығы жұмыстарына озық технология, алдыңғы қатарлы іс-тәжірибелерді енгізу бағытында қолдан келгенінше жұмыстар жасалуда. Айталық, егін және бақша шаруашылығымен айналысушыларға «тамшылата суару» әдісін үйретудеміз.

Мал шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіпкерлер арасында да озық технологиялар мен іс-тәжірибелер кеңінен жүргізілуде. Әсіресе, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында несиені жеңіл, жеделдетілген тәртіппен беру жағдайы оң шешімін тауып келеді. Соның нәтижесінде қаламыздағы шаруа қожалықтарының иелері өз малдарын түрлендіруге қол жеткізе бастады. Жалпы, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасына сәйкес кәсіпкерлерді қолдау бағытында бірқатар игілікті шаралар жүзеге асырылуда. Үстіміздегі жылы 4 шаруа қожалығына асыл тұқымды бұқа сатып алу үшін 3 миллион 636 мың теңге несие берілді. Мал басын түрлендіру үшін де несие беріледі. Мысалы, қаладағы екі шаруа қожалығы 770 мың теңге несие алып, одан 5 асыл тұқымды бұқа сатып алды.

Қолдау мен көмектің арқасында қаламыздың шаруа қожалықтары өздерінің бағымындағы малдың басын да мейлінше арттыруға қол жеткізуде. Мәселен, Аманбек Асанов, Бақытбек Жақып, Амантай Жүнісов, Сейілбек Кенжеғұлов, Бақытжан Оспанов, ағайынды Мейрам мен Мұхтар Үншібаевтар мал басын өсіруге үлкен құлшыныс танытуда. Бүгінгі күні қаламыздағы 34 шаруа қожалығында 3297 бас мүйізді ірі қара (оның 1742-сі сиыр), 8595 бас қой-ешкі, 610 бас жылқы және 1276 бас шошқа өсірілуде. Соның нәтижесінде қаламызда ет, сүт және басқа да мал өнімдерінің бағасы тұрақты. Апта сайынғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде аталған азаматтар өздерінің мал өнімдерін қала жұртшылығына тиімді бағамен ұсынып келеді.

Елбасы алға қойған келелі міндеттерді жүзеге асыру мақсатында өңірде ауыл шаруашылығын дамыту үшін қандай шараларды жүзеге асыру керек? Әрине, ең алдымен, жайылымдарды суландыру, тыңайту мәселесін шешу, жазғы мал жайылымын игеру керек. Қала аумағында мал жайылымдық жерлердің жоқтығы күн өткен сайын өткірлене түсуде. Шаруа қожалықтарының бәрі дерлік Ұлытау ауданының территориясында. Шабындықтар да тым шалғайда. Сондықтан, жерді тыңайту, суландыру, игеру мәселесін күн тәртібіне қойған жөн. Сондай-ақ, қалада ауылшаруашылығы мамандарына деген қатшылық та байқалады. Айталық, күні бүгінге дейін қалада зоотехник жоқ. Ал, мал басын асылдандыру, көбейту, және т.б. мәселелері осы маманның көмегінсіз жүзеге асырылмайды.

Екінші мәселе, саннан сапалық деңгейге көтерілуіміз үшін мал басын күй талғамайтын, жергілікті климатқа бейімделген, етті бағыттағы малдармен түрлендірген абзал. Бұл іспен айналысамын деген азаматтарға да Үкімет қолдау көрсетуде. Субцидиялау, несие беру ауыл шаруашылығын әртараптандыруға негізделген. Сондықтан, қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, ата кәсібімізді жандандыруға біріге күш салайық. Жер асты қазба байлығы мәңгілік емес. Еліміздің жетекші саласы ауыл шаруашылығы болып қала береді.

Әбусағит Әбдікер, қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.

Комментарии закрыты.