Ғалымның ғажайып ғаламы

20151120-07-1Қоңыр дауыс. Әдемі әуен. Домбыраның үздіктірген үні…

Қазақи қалыпқа қорғасындай құйылған керемет көрініс!

Әлде, сезімді әлдилеген сұлу сыр?!

Қалай бағаласаң да,

балталағанмен бұзылмайтын тектілік тұғыры!

Өзгеге бұйырмаған өнер өрісі!

Бұл — Ғалымның ғажайып ғаламы!

Ән қанатындағы қырық жыл ғұмыр!

Сөзбұйдаға салсам, әдемі әсердің әрін кетіріп аламын-ау! Алайда, амал нешік, артық-кемін оның әнін тыңдаған, талантына табынған әлеумет таразылар. Әңгіме Ғалым Мұхамедин туралы. Ресми атақтарын айтпаймын. Оның шынайы бағасын халық әлдеқашан беріп қойған! Ал, халық — Аллатағаланың жердегі аты. Бұл жалғанда одан асқан сыншы жоқ! Біздікі — өнер тарланының тағдырындағы мәлім-беймәлім беттерді тағы бір парақтау.

… «Адамның табиғаты туған топырағына тартады» деген түсінік бар. Рас шығар! Бірақ, бәрі бірдей емес. Тек тума таланты ғана! Осы топшылау оң жамбасқа келеді. Ал, Ғалекең — көптің бірі емес, тума таланттардың тобынан! Демек, кіндік қаны тамған топырақтың табиғаты жұғысты болары жалған емес. Ендеше етегінде оның талбесігі тербетілген Ескене тауы тегін болмағаны!

Кие қонбаса Сарыарқаның сансыз жотасының жалғасындай жалғыз Ескене «тау» атана ма? Қасиетіне қарап қадірлеген халық солай әспеттеген. Етегінен өзен өрген осы өңірде ауыздығымен алысқан ақбоз арғымағын ойнақтатып Сәкен Сейфуллин де сан мәрте серуен құрғаны анық. Сөздің сыңайын осылай суыртпақтасақ, сұңғыла ой қайдан қайтатынын шамалау қиын емес шығар?!

Иә, Ғалым жарық дүниеге келгенде Ескене де егіліп, басына үйірілген шөкімдей ақша бұлт Аллатағаланың ақ нұры — жаңбырға айналып, нөсерлетіп құйып өтіпті, деген әңгіме бар. Әрине, шаттыққа кенелген шаңырақты айналсоқтап, шілдехананың шаруасымен шапқылаған шағын ауыл мұны жақсылыққа жорыған. Бәлкім, бұл — ел мұрасын жаңғырту пешенесіне жазылған өнер иесінің өмірге келгенін сездірген беймәлім күштің белгісі болар?!

Жүсіпбек Елебеков сынды қазақтың маңдайына біткен өнер саңлағының тәлім-тәрбиесін көріп, соңына еріп, ел ішін еркін араласа да Ғалым үшін Ескененің етегіндегі туған ауылдың орны бөлек. Қайда жүрсе де, түтіні түзу шыққанын тілейді. Жаңаарқа жағына жолы түссе, кіндік қаны тамған топыраққа тағзым етуді перзенттік парызы санайды. Өйткені, туған жерден тамыры үзілмесін ерте түсінді. Ауылды арман биігіне аттандырған алтын тұғырына балайды.

Алпысыншы жылдардың аяғы. Ғалым өмірінде өшпес із қалдырған кезең. «Сегізіншіде» оқиды. Елге Ж.Елебековке ерген «Қазақконцерттің» әншілері келді. Кешкілік ауылдың тайлы-тұяғы қалмай клубқа жиналды, іште ине шаншыр жер жоқ. Ағасы Қарақойшы екеуі сахнаның жиегіне жайғасты. Кезек Жүсіпбек Елебековке келгенде, әнін радиодан ғана есітіп жүрген Ғалымда ес қалмады. Елестің етегінен ұстағандай сезінді. Сенбеді!

Қос жанары сахнаға қадалған. Әнші домбырасын қағып-қағып жіберіп, «Сұржекейді» шырқай жөнелгенде барып иланды, елес емес екен! Енді жұдырықтай жүрегі аттай туласын. Керемет әуен тұлабойын кернеп барады. Сол алғашқы алған әсер ақыры айықпас «өнер дертіне» айналды. Екі жылдан соң сол концерттік топ тағы келді. Бұл жолы Қарақойшы екеуі концерттен кейін ретін тауып табындырған таланттың қолын алды. Жүсекең маңдайдан иіскеп, арқадан қақты.

Төрт жылдан кейін Алматы эстрада-өнер студиясына түсіп, Жүсіпбек Елебековтің шәкірті атанды. Бағын сынаған қырық шақты талапкердің сегізіне одан дәріс алу бақыты бұйырды. Олар: Нарынқолдан — Нұргүл, Тарбағатайдан — Әнуза, Семейден — Тұрсынғазы, Көкшетаудан — Мара, Баянауылдан — Қадиша, Алматының Ұйғыр ауданынан — Хасен, Талдықорғаннан — Мырзахмет, Жаңаарқадан өзі болатын. Ол кездегі сезімді, көңіл-күйді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ауданның автоклуб меңгерушісі өнердің соны соқпағына солай шықты.

Келесі жылы Жүсекең 70 жылдық мерейтойына орай Талдықорған облысын өнер сапарымен аралады. Қасына шәкірттерінен Әнуза екеуін қосып алды. Содан екі ай бойы ел ішінде болды. Шәкірттері халықтың оған деген қалтқысыз құрметі мен ыстық ықыласын көрді, онысы шынайы өнерге деген құрмет екенін ұғынды. Жарықтық Ғалымды жанынан қалдырмайтын. Әрі концерттің алдында ауылдың сыртына шығып, серуендеп қайтатын әдеті бар еді. Сондайда суыртпақтап сыр тарқататын. Бірде ұстазының:

— Ғалым, саған айтатын ақылым бар. Біріншіден, халық әндерін, халық сазгерлерінің шашау шыққан шығармаларын жиі орында. Концерт сайын жаңа репертуармен шық. Сонда айтып жүрген әндеріңді ұмытпайсың. Екіншіден, ел ішінде айтылмай қалған әндер көп. Соларды тауып, елден үйреніп, халыққа кері қайтар. Үшіншіден, менен үйренгеніңді кейінгі буынға бұзбай жеткіз. Осыны әрқашан есте сақта, — деген сөзі күні кеше айтылғандай құлағының түбінде күмбірлеп тұр. Ұстазының өсиетін аманаттай қабылдап, бұлжытпай орындап жүр.

Жезқазғанға 1975 жылы келді. Содан бері ән қанатында ғұмыр кешіп келеді. Егер оның тінін тарқата бастасақ, әңгіме ұзап кететін түрі бар…

Сондықтан, Ғалымның ғажайып ғаламынан ләззат алғыңыз келсе алдағы аптада өтетін мерейтойлық концертінен қалмаңыз.

Әлібек ӘБДІРАШ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Комментарии закрыты.