Кітапханашылар бас қосты

20151120-12-1Шаһардағы білім ошақтарының кітапханашылары Б.Бұлқышев атындағы орталық кітапханда бас қосты. Қала әкімінің орынбасары Серік Имамбайдың бастамасымен алғаш рет «Бүгінгі таңдағы мектеп кітапханасы және мектеп кітапханашысын толғандыратын мәселелер» тақырыбында семинар өтті.

Семинар жұмысында орта білім беретін мекемелердің орталық кітапханалармен қарым-қатынасы, оқушыларды кітап оқуға баулу, электронды каталогта жұмыс істеу бастамасы және оның мәселелері, білім ошақтарының қорын оқулықтармен толықтырудағы қаржыландыру мәселесі талқыға салынды.

– Қазіргі күні жастардың кітапқа деген қызығушылығын ғаламтор алмастырған дәуірде көркем шығарма оқу шет қалып тұр. Соңғы жылдары мектеп кітапханаларына жақсы көңіл бөлінуде. Біздің оқырмандарымыз негізінен 2–5 сынып оқушылары. Олардың кітапқа деген қызығушылығын арттыра түсу үшін біз қолымыздан келген мүмкіндікті жасап отырмыз. Кітапханалар қорын жас оқырмандар қызыға оқитын көркем туындылармен толықтыру, ғаламторға қосылу сынды мәселелер күн тәртібінде тұрғаны жасырын емес.

Орталық кітапханамен де байланыс бір жүйеге қойылған. Оқушылар мектеп кітапханасында табылмаған деректерді осы кітапханалар қорынан іздейді. Ғаламторды да пайдалануға мүмкіндік бар. Сол үшін де осы орталық кітапхана ұжымына алғысымыз шексіз, – дейді мектеп кітапханашылары.

Қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мадинат Игенберлина сөз сөйлеп, ортаға салынған мәселелердің оң шешімін табу жолдарын қарастыру қажеттігіне тоқталды.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.