Заманның зауалын дөп басқан

20151127-04-01Қараңғы түнекке аттанған қазақ жастары. Бірі – салт бас, бірі отбасымен кетіп жатыр. Олар қоғамдағы тастанды жетім баланың зарын, арын сатып ұятсыздыққа бел буған қыздардың ұлттық болмысын қайтаруға, ата-анасын қартайғанда қарттар үйіне тапсырып, зар жылатқанды тоқтатуды алға қойды. Бірақ, шын мәнінде осы бір келеңсіз құбылыстарды олар жеңе ала ма? Жоқ! Олардың санасын тек алдау мен арбау шырмап алған.

Тура жолдан адасқан, ислам дінін желеу етіп, талайды өлімге итермелеген ұстазсымақтардың шала-шарпы ілімі қазақ отбасыларын да құрдымға итермелеуде. Бұл – қазіргі қоғам ақиқаты.

Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтың бастамасымен жарыққа шыққан «Адасқандар» спектаклі өткен бейсенбі күні Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайының сахнасында қойылды.

Облыстық С.Сейфуллин атындағы театрдың актерлері сомдаған радикалдық ағымның жетегінде кетіп, ата-ананың ақ сүтін ақтамай, өзгенің ақылына жүгінген, жас жігіттің отбасы тап болған тауқімет спектакль арқылы баршаны тура жолдан адаспауға үндейді. Баянғали есімді жігіт – жастайынан білімді, оқыған, көзі ашық жан. Алайда, алдау мен арбаудың шырмауына түскен ол ақырында өзге елде топырақ құшуға мәжбүр болады.

– Бүгінгі жастарымыздың еліміздің іргесінен аулақ кетіп, адасып, ислам дінін әртарапқа бөліп, біреудің алдауына көніп, сол жақта марқұм болып жатқандары жанға батады. Алдауға түсіп, ақылынан адасқан жастарымызға ой салу – біздің басты мақсатымыз. Бұл спектакль бұған дейін Қарағанды, Абай, Теміртау, Саран, Жезқазған қалалары мен Жаңаарқа ауданында қойылды. Сахнаға шығарылғанына бір ай ғана болған туындыны енді жаз шыға ауылдарда, одан кейін өзге облыстарда да қою жоспарда бар, – дейді спектакльдің қоюшы-режиссері Сламбек Жұмағали.

Театрдың драматургі Кеңес Жұмабековтың қаламынан туған қойылым көп ізденістерден соң жарыққа шыққан. Шам еліне кеткендердің отбасы мүшелерімен, ол жақтың тағдыр тауқіметін көріп төзбестік танытып қайта келген азаматтармен кездесіп, сұхбаттасқаннан соң осындай бір ойға ой қосатын құнды дүние жасалғанға ұқсайды.

Спектакльді тамашалауға келген сәтбаевтықтардың қатарында сахнадағы көріністен қатты әсер алып, көздерінің жасына ерік бергендер де болмай қалмады.

Сахна шымылдығы жабылған соң біз бір-екі көрерменді сөзге тарттық.

Арайлым Қазиева, №3 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі: – Қазіргі қоғам келбетін шынайылықпен сомдаған актерлердің шеберлігіне тәнті болдым. Оқиға желісі басталған сәттен соңғы шарықтау шегіне жеткенше басты рөлдегі Баянғалидің тағдыры не болмақ деген оймен отырдым. Өкінішті. Ата-ананың ақылына қолын бір-ақ сілтеп, «өзім білемдікке» салынған азаматтың өмірі, жан-жарымен қоса өздері пір тұтқан адамдардың қолынан мерт болуы жанды жаралады. Демек, қазақтың әрбір шаңырағынан кеткен азаматтардың тағдыры осылай қыршынынан қиылып жатыр. Ойланатын шақ келді, бауырлар!» Арамзалардың арбауына түсіп, өзіңнің жас ғұмырыңды өзгенің арам пиғылды әрекетіне бұрмауға шақырған қойылымды әлі де болса кеңінен насихаттаса деген ұсыныс бар.

Шағабай Шалабаев, қала тұрғыны: – Студенттік шақта осы сұңғыла жырдың сардары атанған Сәкен ақынның атындағы театрдағы спектакльдерге жиі баратынбыз. Ол кезде К.Станиславский театрынан еншісі бөлінбеген болатын. Қазір өз алдына аймақтағы өнердің қара шаңырағына айналған театр ұжымының бүгінгі спектакльдері өте жоғары деңгейде өтті. Қазақ жастарының бүгінгі болмысын, бет алысын сомдаған кесек туындыдан көп нәрсені санаға тоқуға болады. Бір өкініштісі, осы қойылымға жастардың қызығушылығының болмағандығын байқадым. Біз – жас буынның жақсылыққа деген құштарлығын, тура және әділдік жолына деген көзқарасын тек осындай рухани дүниелер арқылы ғана жеткізе аламыз. Осыған мән берген облыс басшысына, театр актерлеріне айтар алғысымыз шексіз.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.