Күй төгіліп, ән шырқалды

20151127-04-02Қалалық өнер мектебінде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Күй – қастерлі әуез» деген тақырыпта жас музыканттардың қалалық байқауы болып өтті. Жас дарын иелерін қолдау мақсатында ұйымдастырылған шараға қазақтың қара домбырасын жанына серік еткен отыздан астам жас өнерпаздар қатысты.

«Өнерге әркімнің ақ бар таласы» демей ме хакім Абай?! Бұл байқауға да 2-сынып оқушысынан 10-сынып оқушыларына дейін қатысып, бақтарын сынады. Байқау ережесі бойынша өнерлі өрендер үш топқа бөлінді. Бірінші топта 8 бен 10 жас аралығындағы, екінші топта 11 мен 13 жас аралығындағы, үшінші топта 14 пен 17 жас аралығындағы жас домбырашылар додаға түсті.

Ән мен күйді жанына серік еткен үміткерлердің өнерін қалалық өнер мектебінің кәсіби мамандары саралады. Әр үміткер ән және күй номинациясы бойынша халық туындыларын ұлттық аспапта орындады.

Күй – мәңгілік сарын. Ол ғасырдан-ғасырға жетіп, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, қазақ деген халықтың жан дүниесін тербетіп, көңіл күйін шертіп, өмір пернесін басып келеді. Табиғаттағы бар құбылысты құдіретті екі шектің өн бойына өре біліп, өмірдің өнегесін сыр етіп жеткізген қазақтың қара қобызы мен қоңыр домбырасының, шерлі сыбызғысының қасиеті ерекше. Дыбыстың әуезі мен әуенін тоғыз пернеге тоғыстырған домбыраның орны алабөтен.

Қалалық күй байқауына үміттерін үкілеп келген өнерпаз өрендер де қара қобыз бен қоңыр домбыраның шанағынан күй төгілтіп, намыстарын қолдан бермеуге барын салып бақты. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» демекші, біреуі суырылып алға шықса, біреуінің орындауында қателер кетіп жатты. Сарапшылар оның бірін де қалт жібермей, қалтқысыз бағып отырды. «Жас қой, шанағына құшағы, сағағына құлашы жетпей жатты» демеді.

Нәтижесінде №27 орта мектептің 8-сынып оқушысы Абылай Мырзахмет байқауға Құрманғазының «Бозшолағымен» келіп, бас бәйгені қанжығасына байлады. Ал, А.Әубәкіровтың «Талас» күйін тамаша орындаған Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің 4-сынып оқушысы Абай Нарбаев І орынды иемденді. Дамир Мизамбаев мен №7 мектептің оқушысы Еркеназ Есмағанбетова, №19 мектептің 10 сынып оқушысы Динара Ахметова – ІІ орынды, С.Сейфуллин атындағы гимназияның 3-сынып оқушысы Зият Әбдіқасов, Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің 3-сынып оқушысы Әліби Әбдіқадыр және Қазыбек Қахарман ІІІ орынды өзара бөлісті. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.