Геологиялық-барлау жұмыстарына қаржыны шектемейік

20151127-02-04Қазақстан Республикасы Үкі­метінің 2014 жылғы 28 маусымдағы №728 қаулысымен бекі­тілген «Өңір­лерді дамытудың 2020 жыл­ға дейінгі бағдарламасының іс-шаралар жоспарын» іске асыру мақ­сатында Қазақстанда пайдалы қазбалардың перспективалы кен орындарын анықтауға және еліміздің минералдық-шикізаттық базасын арттыруға бағытталған геологиялық-барлау жұмыстары бас­талды.

2015 жылы бюджеттік қаржы­ландыру есебінен минералдық ши­кі­заттың алуан түрлері бойынша жалпы сомасы 11,2 млрд. теңге болатын 67 геологиялық-барлау жобасының іске асырылуы қамтамасыз етілді. Осы жобалар бойынша барлау жұмыстары қазіргі таңдағы ең жаңа, ең озық геофизикалық жабдықтар мен технологияларды, оның ішінде аэрогеофизиканы пайдалана отырып жүргізіліп жатыр. Алғашқы жұмыс жылының алынған нәтижелерін талдап-түсіндіру қазірдің өзінде зерттелу үстіндегі учаскелердің болжамды минералдық шикізат әлеуетін арттыру бөлігінде перс­пективасы жоғары екенін айтуға мүмкіндік береді.

Алайда, 2016 жылы бюджет жоба­сында жүр­гізілетін жұмыс­тарды қаржыландыру лимиті 3,2 млрд. теңге мөлшерінде белгіленген, бұл бұрын басталған жобалардың 21-і бойынша ғана жұмысты жал­ғастыруға мүмкіндік береді. Іске асырылып жатқан, ал кейбір жағ­дайларда аяқталып келе жатқан жобаларды қаржыландыру жоспары қаражатының мөлшерін де, санын да 3 еседен астам қысқарту жос­пар­ланып отыр. Бұл жобаларды консервациялау стратегиялық пайдалы қазбалар түрлерінің ресурстарын өсіру жөніндегі инди­кативтік көрсеткіштерді бұзуға және болашақта бекітілген жә­не қолданыстағы сметаларда көз­делмеген, ұйымдастыру және аяқ­тау жұмыстарына шығындардың ұлғаюы салдарынан жұмыс құнының қымбаттауына алып келеді.

Әлемдік үрдіске сәйкес шикізат ресурстарын тұтыну көлемінің кө­беюі оларды анықтау бойынша геологиялық зерттеулер жүр­­­­­­гізуді жандандыра түседі. Гео­логиялық-барлау жұмыстарын жүргізу қарқынының баяулауы республиканың минералдық-шикізаттық әлеуетінің төмендеуіне және отандық, сондай-ақ, шетелдік инвесторлардың қаржы қаражаты ағынының азаюына алып келуі мүмкін. Яғни, инвесторларды болжамды ресурс­тар деңгейінде ең аз шикізатқа алдын ала бағалау жүргізілген перспективалы алаңға ғана тартуға болады.

Экономикалық дағдарыс жағ­дайын­да еліміздің ми­­нерал­дық-шикізаттық ресурстарын көбейту негізді болып табылады, бұл дағ­дарыстан шығу кезінде игеруге дайындалған пайдалы қазбалар, оның ішінде стратегиялық пайдалы қазбалар (алтын, мыс, полиметалдар, сирек кездесетін метал­дар) кен орындарына ие болуға мүм­кіндік береді. Бұл жағдайда шикізат базасының жай-күйі мүшкіл, геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізу үшін болжанған негізі, қайта өңдеуші, көбінесе қала құраушы тау-кен-металлургия қуаттары; эко­но­микасы күйзеліске ұшыраған шағын және моноқалалары бар Жезқазған, Торғай, Балқаш бойы секілді өңірлер геологиялық-барлау жұмыстарын бірінші кезекте қаржыландыруды талап етеді.

Өкінішке қарай, осы өңірлердің бірқатар пер­спективалы объектілері қаржыландырудың шектелуі салдарынан 2016 жылы жұмысы жалғас­тырылатын жобалардың тізбесіне енбей қалған. Атап айтқанда, 2016 жылға жоспарланған жобалар тізбесіне Сарыадыр, Алтыншоқы, Тасты, Керей-Опар учаскелері енгізілмеген. Бұл учас­келерде жүргізілетін жұмыстарды қосымша қаржыландыру сомасы – 825 337,02 мың теңге.

Аталған учаскелер шегінде жүр­гізілген алғашқы жұмыс жы­лының нәтижелері перспективалы аномалия­ларды анықтап алуды қамтамасыз етті, кендік құрамы бұрғылау жұ­мыстарымен айғақталды. Бұл учаскелердің жиынтық болжамды бағасы шамамен 1,7 млн. тонна мысты, 8 млн. тон­надан астам қорғасынды, 7,8 млн. тонна мырышты құрайды.

Аталған учаскелердің ықпал аясына Арқалық, Шұбаркөл, Жез­­­­­қазған, Сәтбаев, Қаражал, Жәйрем, Балқаш, Ағадыр секілді моноқалалар кіреді. Геологиялық-барлау жұмыстары, ал кейіннен кен орындарын игеру аталған елді мекендердің экономикасын жандандырып, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға жол ашады. Инвесторларды тарту жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді, салық салу базасы пайда болады.

Қазіргі таңда перспективалы алаңдарда пайдалы қазбалардың кен орындарын іздестіру мен барлау бойынша бірлескен жұмысқа RioTinto, Iluka, Kores, Ulmus секілді әлемдік деңгейдегі жетекші тау-кен компаниялары тартылып отыр. Бүгінгі күні бірлескен жобалар бойынша іздестіру сатысында жұмсалған 1 теңге бюджет қаражатына орта есеппен 5 теңге инвестициядан тура келіп отыр.

Жоғарыда айтылғанды ескере отырып, ел Үкіметі 2016 жылы гео­логиялық-барлау жұмыстарын қаржыландыру бюджетін қосымша 825 337,02 мың теңгеге арттырса және келесі жылы іске асырылатын жобалар тізбесіне Сарыадыр, Алтыншоқы, Тасты, Керей-Опар учаскелерін енгізу мүмкіндігін іздестірсе, тек ұтатынымызға еш күмән жоқ.

Арман ҚОЖАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты.

Комментарии закрыты.