Әр мәселе терең пысықталсын

Сейсенбі күні қала әкімі Әнуар Омардың төрағалығымен әкімдікте кезекті кеңейтілген аппараттық жиын өтті. Оның күн тәртібінде діни экстремизмнің алдын алу, қысқы уақытта туындайтын төтенше жағдайлармен күрес шаралары және желтоқсан айындағы мемлекеттік мерекелерге дайындық барысы пысықталды.

Аппараттық жиында Сәтбаев қалалық ішкі істер бөлімінің экстремизммен күрес бойынша бөлімшесінің бастығы А.Хамитов қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлама жасады. Қала басшысы Ә.Омар діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда аса сақтық шараларының барлық тетіктерін қарастыру қажеттігіне тоқталды.

Жиынның күн тәртібінде қысқы уақытта төтенше жағдайлардың алдын алу мәселесі де жан-жақты пысықталды. Осы бағытта өткізілген оқу-жаттығу жұмыстарының нәтижесі не берді, қай мекеменің тарапынан кемшіліктер туындады, техникамыз қанша, соның қаншасы жарамды? Әкім мәселені негізінен осы тұрғыда қарастырды. Кәсіпорын, ұйымдардың материалдық-техникалық жарақтандырылуы да әңгіме өзегіне айналып, жалпы төтенше жағдайларды болдырмаудың жолдары қарастырылды.

Желтоқсан айында еліміз маңызы зор екі мемлекеттік мерекені атап өтеді. 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай қаламызда бірқатар іс-шаралар жоспары бекітіліп отыр. Мереке күніне орай түрлі мәдени шаралар, салтанатты жиындар және қайырымдылық акциялары ұйымдастырылмақ. Қала әкімі Ә.Омар ұлтымыз үшін қадір-қасиеті жоғары тұрған қос мерекенің маңызын атап көрсетті. Ол мемлекеттік мерекелерді жоғары деңгейде өткізу мәселесіне көңіл бөлу қажеттігіне тоқталды

Қала басшысының «Жаңа жыл мерекесіне дайындық Тәуелсіздік күнінен кейін ғана басталсын» деген ұсынысына қалалық актив толық қолдау білдірді.

Сәтбаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Комментарии закрыты.