«Айтар сыры көп ақын»

20151127-07-01Жезқазған қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Сара Смағұлдың 60 жасқа толған мерейтойына арналған шығармашылық кеш болып өтті.

«Жүрегім – жолым, өмірімнің өрнегі» деп аталған кешке қанаттас жатқан қос қаланың жырсүйер қауымы мен өнер жанашырлары және кеш иесінің әріптес-достары, студент жастар қатысты.

Жыр кеші Сара Кәрім-саттарқызының өлеңге деген қызығушылығы мен осы бір сыйқырлы әлемге жасалған алғашқы қадамын бейнелейтін сахналық көрініспен басталып, оның соңы ақынның өмір жолдарына арналған бейнеслайдқа ұласты.

Журналист, ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, аймақтық «Сарыарқа» газеті редакторының орынбасары Сара Смағұл талай жақсылар мен жайсаңдарға кіндік мекен болған – Жаңаарқаның тумасы. Алғаш еңбек жолын бір кездегі облыстық «Жезқазған туы» газетінде бастап, күні бүгінге дейін сол қарашаңырақты ұстап отырған «Сарыарқа» газетінде еңбек етіп келеді. Ақынның «Көңіл толқындары», «Жанарымда жаз күліп» атты кітаптары өз оқырмандарын тапқан. «Адамдықтан айнымау – зор құндылық» атты бейнеслайдта ақынның осындай қырлары айқын баяндалды.

Кеш иесін алғашқы болып Жезқазған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Нұрлыбаева құттықтап, сый-сияпат жасады. Бұдан соң Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Серік Имамбай жылы лебізін жеткізіп, Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омардың құттықтауын табыс етті.

Жыр кешінде «Жас толқын» поэзия мектебінің оқушылары ақынның жыр шумақтарын оқыды.

Кеш барысында дарынды журналист, өзіндік өрнегі бар ақын Сара Смағұлға ақтарылған ақ тілектер аз болмады. Жазушылар Одағы Жезқазған филиалының төрағасы Батырбек Мырзабеков ақынның өлеңдеріне қысқаша шолу жасай келіп, сөзін «Айтар сыры көп ақын», деп түйіндеді.

Жыр кешінің қонақтары – аймақтық «Сарыарқа» газетінің бас редакторы Төлеш Асантегі, білім меценаты, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбеков, «Дидар» телеарнасының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Базарбай Әлеуханұлы және «Орталық Қазақстан» газетінің Жезқазған аймағы бойынша меншікті тілшісі Амандық Рахұлы, басқа да бір топ әріптестері һәм достары кеш иесіне деген өздерінің ақжарма тілектерін жеткізіп, сый-сияпаттарын жасады. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин өз тілегін әсем әнмен жеткізді.

Кеш барысында Сәкен Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған ақынның шығармашылығы жайлы сыр шерткен «Сырлы сезім, асқақ үнді ақын» атты кітап көрмесі жұртшылыққа таныстырылды.

Кезек кеш иесі Сара Смағұлға да беріліп, ақын өзінің бірқатар өлеңдерін оқыды.

Ақынның алпыс жылдық тойын тоқсаннан асса да топтан қалмаған абыз – белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Аппаз Қаражігітов ақ батасын беріп түйіндеді. Кеш соңында Айхан Мұсабеков Сара ақынның сөзіне жазылған Ахат Байбосыновтың «Бақ құсым» әнін орындады.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.