Арманы алдамаған айнұр

20151127-05-01Қала мәртебесін иеленгеніне 40 жылдан асқан қаламыздың одан арғы өсіп-өркендеу жолдарын еске алатын болсақ, тарихымыздың терең қатпарлы екендігін бағамдау қиын емес. Осы уақыт ішінде қаламызда туған, өскен, білім алған сан жүздеген адамдар қазір еліміздің әр түкпірінде, тіпті, шетелдерде де еңбек етуде. Біз оларды орынды түрде мақтаныш етеміз. Егер перзенті үмітін ақтап, өмірден орын тауып, салиқалы азаматқа айналып жатар болса, қай ата-ананың мерейі тасымайды?! Сол сияқты, өзінің даңқын асырып, атағын аспандатып жүрген ұл-қыздарын мақтаныш тұтуға қаланың да толық қақысы бар.Сондықтан, бүгінгі нөмірден бастап қаламыздан шыққан, қазіргі кезде басқа жақта жүрген мақтаулы азаматтарды дәріптеу, оларды бүгінгі һәм ертеңгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде насихаттау мақсатында «Қаныш қаласының қарлығаштары» атты жаңа айдар ашып отырмыз. Осы айдар аясына лайықты санаған тұлғалар, жандар туралы ұсыныстарыңыз болса айтыңыздар немесе өздеріңіз жазыңыздар. «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйсінуге жарар ол» деген жоқ па ұлы Абай?! Ендеше, сөз сүйсінуге тұрарлық сәтбаевтықтар туралы болсын!

Қазақтың «болар бала» деп келетін бір сөзі бар. Әдетте сүйсінгендіктен айтады. Ол да «болашақта болатын бала» екендігін оқушы шағынан-ақ байқатқан еді.

Ол қаламыздағы С.Сейфуллин атындағы гимназияда оқыды. «Аға, мақала алып келіп едім» деп табалдырықтан имене аттаған кезі көз алдымда. Ақ бантигі мектепте оқитынын айтпай-ақ ұқтырған. Аты-жөнін сұрастырғанда, таныс фамилияны естігендей болсам да, ә дегенде есіме түсіре алмадым. Әп-әдемі ойтолғау екен.

– Келешекте журналист болғың келеді ғой. Солай ма? – деген сауалыма естігенім жауап емес, қарсы сұрақ болды.

– Аға, қайдан біліп қойдыңыз?

– Енді, мынандай мақала жазған соң…

– Шынында да, сондай ойым, арманым бар. Менің папам да журналист қой, білетін шығарсыз?

Сол сәтте ғана «Кенебаев» деген фамилия санама сарт ете қалды.

– Оу, тоқта. Сонда сен Секеңнің, Сейітбаттал ағаның баласымысың?

– Ия, аға.

Міне, Айнұрмен осылай танысқан едік. Сейітбаттал Кенебаев – Жезқазған – Ұлытау аймағындағы қазақ журналистикасына біркісідей еңбегі сіңген қаламгер. Зайыбы Айманның дәрігер екенінен де хабарымыз бар-тын. Секеңнің «Журналист – адам жанының, дәрігер – тәнінің инженері» демекші, үйдегі екеуміз де «инженерміз» деген әзіл-шынды айтқан сөзі де бар еді. Айнұрдың жазбасын оқып шыққан соң, «екі инженердің ортасынан тағы бір мықты «инженер» өсіп шыққалы тұр екен» деп әрі сүйсініп, әрі оның ертеңіне үлкен үмітпен қараған едік. Содан бері де оншақты жылдың жүзі ауып кетіпті ғой..

«Біздің баяғы Айнұрымыз қазір докторлық диссертация қорғады» деді Аманкелді Бұқар бауырымыз бір сәті түсіп жүздескенімізде. Ол – С.Сейфуллин атындағы гимназияның мұғалімі. «Айнұрдың әдебиет әлеміндегі жеке ұстазы» дейді А.Бұқар туралы Сейітбаттал ағамыз. Ұстаздың еңбегіне деген ризашылығы мен алғысын жеткізгендегісі ғой. Бұл жаңалық жанымызға тыныштық бермеді, қашан анық-қанығына жеткенше асықтық. Рас екен. Айнұр Кенебаева 2014 жылғы 12 желтоқсанда Алматы қаласында, Қазақ Ұлттық Университетіндегі кеңесте «Қазақстандағы агротуризм дамуы және оның келешегі туралы» деген тақырыпта ғылыми диссертациясын қорғаған көрінеді. Және мына кереметті қараңыз! Ол диссертациясын ағылшын тілінде қорғаған. Мінсіздігі соншалық, ғылыми кеңес жұмысына қатысқан Түркия, Венгрия елдерінен келген ғалымдар да Айнұрдың ізденістері мен ой-тұжырымдарын жоғары бағалаған. Ал, биылғы жылғы сәуірдің 24-і күні ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Бақылау комитетінің шешімімен А.Кенебаеваға туризм мамандығы бойынша философия докторы (PHD) ғылыми атағы берілді. Аманкелді ұстазы осыны мақтаныш етсе керек. Шынында да, «сүйер ұлың болса сен сүй, сүйсінуге жарар ол». Ал, мұндай жетістікке қол жеткізу Айнұрға оңайға түсті ме? Бұлай ойласаңыз, қателесесіз.

– Айнұрдың білімге құштарлығын қалыптастырған бастауыш сыныпта сабақ берген ұстазы – Бәтіш Атымтаева. Жатқан жері жайлы болғыр, нағыз бала үшін жаратылған жан болатын. «Білім негізі – бастауышта» дегенді жиі айтатын және айтып қана қоймай, әркез баланың көп білмекке деген ұмтылысын, құлшынысын оятып отыратын еді, –деген Секең перзентінің алғашқы ұстазы хақындағы лебізін: – Әрине, одан кейін Қамбар Оразбековтің де берген тәлімі ерекше болды. Сынып жетекшісі Аманкелді Бұқар туралы әлгінде айттым, – деп жалғастыра түсті.

Білікті ұстаздарының ақыл-кеңестерін басшылыққа алған Айнұр білімнің осы заманғы ең озығын игермекке ұмтылды. Әлемдегі ең жетекші тіл саналатын ағылшын тілін ана тілінен кем білмеуді алдына мақсат етіп қойды. Талпынған мақсатына жетпей тынбайды екен.

– Бірақ, ең негізгі нәр – ана тілі, қазақ әдебиеті болды. Мені әсіресе, халқымыздың ауыз әдебиеті ерекше қызықтыратын. Гимназияда оқып жүргенде «Қалқаман – Мамыр» дастаны негізінде қойылған қойылымда Мамырдың ролін сомдап, «актриса» болып кеткенім де бар, – деген Айнұрдың сөзінен «толыққанды азамат болып өсу үшін жан-жақты болу, соның ішінде, ұлттық құндылықтарды қастерлеу керек» дейтін ойды айтқысы келгені аңғарылып тұрды. Ал, осыны жастар жағы ескере жүрсе, нұр үстіне нұр емес пе?

Айнұр қаламды жанына серік етті. Ол өмірден көргенін, көңілге түйгенін ақ қағаз бетіне сөзбен өрнектеді. 2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай толғау-эссесі «31 канал» телеарнасының бас жүлдесін иеленді. Бәлкім, былайғы көпшілік бұл хабарды естігенде таң қалған да болар. Бірақ, өз басым Айнұрдың бұл жетістігіне шын жүрегіммен қуансам да, мақтаныш етсем де таңдана қоймаған болатынмын. Неге? Өйткені, соның алдында ғана А.Кенебаева «Қазақмыс» корпорациясы жариялаған бәйгеде «Жаңашылдығы үшін» деп аталатын арнаулы жүлдеге ие болған еді. Аймақта озық шыққан Айнұрдың ел көлеміндегі бәйгеден де мәреден көрінетіндігіне сенімді едік. Сол сенім алдамады бізді.

Сол жылы, яғни 2005 жылы, Айнұр гимназияны «Алтын белгіге» бітірді. Астанадағы Еуразия Ұлттық университетіне оқуға түсті. Аталған университетті туризм мамандығы бойынша бітірген соң, ол осы саладағы білімін шет елде жалғастыруды ойлады. Сөйтіп, «Болашақтың» іріктеуіне қатысты. Комиссия сүзгісінен сүрінбей өткен Айнұр Швейцарияда бір жыл оқып, елге «Туризм саласындағы халықаралық бизнес MIB магистрі» дипломымен оралды.

– «Болашақ» бағдарламасы туралы айтқанда шетелдік студенттер ертегі тыңдап отырғандай күйге түседі. «Сонда қалай, сендердің оқу ақыларыңды мемлекет өз мойнына алған ба? Қаншама баланы тегін оқытатын елдеріңіз қандай бай?» деп таңданып, бастарын шайқайды. Өйткені, әлемнің бірде-бір мемлекеті біздің еліміз сияқты білімді жастарын дүниежүзіндегі ең озық оқу орындарына мемлекет есебінен оқытуды жүзеге асырмайды. Тек біздің Қазақстанда ғана осындай бағдарлама бар. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елдің ертеңін ойлағандықтан қолға алған бағдарламасы. Мен көптеген болашақшылармен бірге Елбасымен кездесу бақытына да бөлендім, – деген Айнұр сол кездесуден алған әсерін: – Елбасы жастармен, соның ішінде, «Болашақтың» түлектерімен немесе сол бағдарлама бойынша шет елдерде білім алып жүрген жастармен дәстүрлі түрде кездесіп тұратыны белгілі. Маған Елбасының «Біздің ғасыр – білімнің ғасыры. Кімнің білімі мықты сол озады» деген сөзі ұмытылмастай әсер қалдырды. Біле білген адамға бұл сөздің астарында зор мән жатыр, – деп жалғастырды.

Елбасы! Әлем таныған Тұлға! Сондай адаммен жақын жерден жүздесіп, лебізін тыңдау бақыты Айнұрға қалай бұйырды? Бұған бір ғана сөзбен яғни, «бәрі де білімнің арқасы» деп қана жауап қайтарса артығы болмайды.

Шетелден оралған соң А.Кенебаева «Қазинформ» агенттігінің тілшісі қызметіне орналасты. Яғни, өзінің бала кезгі «тілші болсам» дейтін арманына жетті. Бірақ, көп ұзамай өзі кеше студент болған Еуразия университетінің Болон процесі және білім беру бағдарламасы бөлімінің бас маманы атанды.

Елімізде туризмді, әсіресе, ауылдық жерлердегі туризмді қалайша дамытуға болады? Айнұр осы мәселені ғылыми тұрғыдан зерделеуді ұйғарды. Сөйтіп, елдің орталық, солтүстік, оңтүстік облыстарын аралап зерттеу жұмыстарын жүргізді. Әрине, Жезқазған-Ұлытау аймағын зерттеу еңбегіне айрықша көңіл бөлінді. Америка, Түркия, Кипр елдеріне арнайы іссапармен барып, сол елдердегі туризмнің ұйымдастыру тәжірибесін зерделеді. Айнұрдың «Агротуризм – отандық туризмдегі нарықтағы өнімнің жаңа түрі», «Бір Ұлытаудың өзі – қыруар табыс көзі», «Агротуризмнің ауыл халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартудағы ықпалы», «Агротуризм тұжырымдамалары: шетелдік тәжірибеге талдау», «Кәсіпкерліктің жаңа келбеті – ауылдық туризм» және т.б. зерттеу мақалалары берісі өз еліміздегі, әрісі Англия, Түркия, Ресей, Украина секілді шетелдердегі әртүрлі жинақтарға енгізілді. Осындай ізденістер мен зерттеудің ақыры қандай нәтижеге жеткізгенін сөздің басында айттық. Төккен тердің, ерінбеген еңбектің абырой шыңына көтеретіндігіне Айнұрдың жеткен жетістігі тамаша мысал емес пе?

Қазіргі таңда Айнұр Кенебаева Алматы қаласындағы Халықаралық бизнес университетінде доцент. Студенттерге дәріс оқиды. Ол, әрине, шәкірттерінің өзінен де артық болғанын қалайды. Өйткені, «шәкірті өзінен артық шықса, ұстаз бақыты – сол». Ал, Айнұр алдағы уақытта өзін қазіргіден де гөрі бақыттырақ сезінгісі келеді. Арманы алдамасын!

Абдолла ДАСТАНОВ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Комментарии закрыты.