Ұлы абайдың ешкімге жаттығы жоқ

Қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастырумен жыл сайынғы дәстүрге сай биылғы жылы да өзге ұлт жастарының арасында өтетін «Абай оқулары» жалғасын тапты.

Ұлт данышпанының 170 жылдық торқалы тойында балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өткен байқауда ақынның шығармашылық әлемін жас буынға насихаттай отырып, халықтар арасындағы достықты нығайту басты мақсат етіп алынды. Шаһардағы колледждердің студенттері де бұл мақсатта бар өнерлерін салып бақты.

20151127-12-02

Ақын шығармаларындағы білім, ғылым және өнер тақырыптарына өрілген поэзиясын немесе қарасөзін жатқа мәнерлеп оқу, «Абай жолы» романының 1-кітабындағы «Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Жолда» тарауларының бірінен үзіндіні көркем бейнеде жатқа айту, Абай әндерін орындау сынды үш бөлімнен тұрған байқауда жастар өздерінің Абай әлемін қаншалықты меңгергендіктерін көрсетті.

Осылайша, ұлы Абайдың ешкімге жаттығы жоқ екендігі тағы бір мәрте дәлелдене түскендей болды.

Байқау қорытындысының нәтижесінде «Денсаулық» колледжінің оқушысы Искандир Раджабов ІІІ орынды иеленсе, ІІ орынға технологиялық колледждің оқушысы Андрей Пономарев табан тіреді. Ал, жүлделі бірінші орынды «Денсаулық» колледжінің студенті Ибодат Мамаюсупова жеңіп алды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.