«Таң самалы» – менің төлқұжатым»

Сейіл Аяған – ұлттық өнерде айшықты қолтаңбасы бар, есті әндері арқылы елдің еркесіне айналған табиғи талант тарланбозы. Алты жасынан бергі жан серігі – гитарасы. Жалпы, аспапта ойнауды домбырадан бастаған. Сондықтан болар, гитарада ойнау мәнері өзгеден бөлек. Ол жеңіл-желпі ән жазып, қарашаның алдына шығуды мақсат тұтпады. Керісінше, қоржынына салмақты дүниелерді жинады, әбден елеп-екшеп, сұрыптап барып тыңдарманға ұсынуды жөн көрді. Оң жамбасына келген әннің өзін айлап, жылдап жүріп толғатып, дүниеге әкелді. Сол себепті, оның елге ұсынғанынан, әлі берері көп. Пенде-ғұмырда дүние қумады, алаш атырабын шарлап ән іздеді, дос жинады. Есесіне, шерленгенде шиыршық атуға әні сеп болды, демеу іздегенде өзі тапқан достары тіреу болды. Ол – отыз жылға жуық сахнада жүрсе де, елдің бас қалаларында жеке концертін ұсынбаған, еншісінде жалғыз ғана үнтаспасы бар әнші. Хош, осы жерден тізгінді тартайық. Ақырын жүріп, анық басуды хош көрген әншінің өмірі мен шығармашылығы өзек болған сыр-сұхбатты назарларыңызға ұсынайық.

– Сейіл аға, киелі Ұлытау-Жезқазған жеріне қош келдіңіз! Қанаттас жатқан Сәтбаев, Жезқазған қалаларында жеке ән-кешіңізді елге ұсынбақшы екенсіз…

– Рахмет! Жалпы, бұл өңірден қазақ өнерінің атағы ат үркіткен небір өнер тарландары қанаттанған. Елдің өнерге деген құрметі ерек, қошаметі бөлек. Осы аймаққа сапарлаған әр өнер иесі көңіл марқайтып қайтып жатады. Соның бірі өзіммін. Уақыт озған сайын жаңа әндер жазылып жатыр, ән қоржынымыз сиясы кеппеген туындылармен толығу үстінде. Әншіні өсіретін де, өшіретін де халық қой. Жаратқанның нәсіп етуімен атбасын бұрып отырмыз. Уақытты да ел үшін маңызы ерек Тәуелсіздік мерекесі қарсаңына тоқайластырдық. Бұл концерт бір жағынан елдің алдындағы есебім десе болады.

– «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дейміз… Ерекшелік бар ма?

– Мені елге кеңінен танытқан ән – Семейдің атақты композиторы Болат Сыбановтың «Таң самалы» әні. Бұл ән бүгінде менің төлқұжатыма айналған. Мақсат – елге рухани әсер сыйлау. Тас жарам, тау қопарам деуден аулақпыз. Кешке келген талғампаз көрермен тамашалап, бағасын бере жатар. Сөзбен өрнектегеннен, өздеріңіздің көзбен көргендеріңіз жөн.

– Аға, қазір қайдасыз, немен айналысып жүрсіз?!

– Жалпы, Қарағандыда тұрамын. Жеке шығармашылығымды жолға қою мақсатында қызметтің бәрінен қол үзген жайым бар. Жалпы, өнер адамдары қалыптасқан қалыпқа сия бермейді ғой. Шүкір, жан-жақтан шақырту көп. Шығармашылық кештер, жеке концерттер, арнайы бағдарламалар… Одан бөлек, қазақтың тойын әнімізбен көмкеріп жүрміз қал-қадірінше.

– Осы жерден аялдап, өткенге шегініс жасасақ. Құрылысты тастап, өнерді таңдадыңыз. Себеп не?

– Сөзіңіздің жаны бар. Әу баста құрылыс оқуына түстім. Әке сөзі ғой. Сол бетпен Қарағандының политехникалық институтына оқуға қабылдандым. Бірақ, әннен қол үзген жоқпын. Өнерге деген іңкәрлік маған байыз таптырмады. Ақыры жүрек қалауы басым түсіп, оқуды тастадым. Оған еш өкінбеймін. Кейін музыкалық білімімді жетілдіру мақсатында Еуразия ұлттық университетіне де келдім. Гитара емес, күй сыныбына түстім. Оны да оқуға арым бармады, күйдің киесінен қорықтым.

– Шаңырақтың тұңғышысыз, әже тәрбиесіне сусындапсыз. Ерке болған шығарсыз…

– Иә, Алтын әжемнің баласы болдым. Отбасында бетімнен қақпай өсіргені рас. Бірақ, еркеліктің бәрі орнымен еді. Сабағымды ақсатпадым, қоғамдық жұмыстан да шет қалмадым. Өнерге жібермесе де, әкем мен анам бүгінгі күннің алғашқы сатысын сол кезде қалаған ба деймін. Музыкалық аспаптың бәрін алып берді, үйге өнер адамдарын әкем жиі ертіп келетін. Түнді таңға ұрып, өнердің айналысында әңгіме шертіліп, ән-күй асқақтайтын. Өздерінің де ел ішінде әу дейтіні бар.

– Өнер адамдарының бәрін туысыңызға балайды екенсіз. Көпшілдігіңізден бе?

– Мен өнерге бас ұрғалы ән іздедім, сосын дос жинадым. Бұлар – менің бар байлығым. Мен орындап жүрген әндердің көбі Қайрат Байбосынов ағамыздың репертуарынан. Халық әндері, халық композиторларының әндерімен қатар, қазақтың маңдайына біткен Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Қасымхан Асанов, Ілия Жақанов, Әбілахат Еспаев, Жақсыкелді Сейілов, Кәкімбек Салықов, Жағыпар Әлімханов сынды композиторларымыздың керемет әндерін осы Қайрат ағадан үйренгенмін. Қарағандыда жүріп-ақ, қаншама айтулы ақын, композиторлармен танысып, жақынымдай араласып келемін. Қазіргі таңда Рамазан Стамғазиев, Қайрат Асқаров, Ерлан Төлеутай, Роза Әлқожа қарындасым. тағы басқа айтулы өнер иелерімен берік шығармашылық байланыстамын. Жан досым сәулетші Үсен Жұмагелдин менің рухани қолдаушым.

– Өзіңіз айтқандай, дүние қумапсыз. Естуімізше, баспана алуға мүмкіндік туғанда, сіз гитара сұраған көрінесіз…

– Баспананың тауқыметін Алматыда, Қарағандыда жүріп тарттық қой. Бірақ, оның салдарынан өнерде ұтылдым деп айтпаймын. Сенің айтып отырғаның мына жағдай ғой. Өнеріме тәнті болған бір ағамыз: «Сейіл, айналайын, басыңа баспана немесе қолыңа гитара алып берейін», – деді. Қалауым гитара екенін айтқанда, ана кісі: «Айналайын-ау, жалаң аяқ жүріп, баспана тауқыметін тартып жүргеніңде мұның қалай?!» деп біраз кейіп тастаған еді.

– Сыйға алған гитараларыңыз көп пе?

– Баршылық. Олардың ішінде халықтың еркесі, әнші Мейрамбек Бесбаевтың да тартуы бар. Азаматтың төл өнерге деген ерекше құрметі болар, бір жылдары АҚШ-тан Алматыға жылына екі-үшеуі ғана келетін құны 630 мың теңгенің гитарасын сыйға тартқаны бар.

– Сейіл Аяған десе, ел бірден «Қорабай Есеновтың шәкірті» дейді. Жауапкершілік жүгін сезінесіз бе?

– Қорабай ағаны мен сонау тоқсаныншы жылдардан бастап танимын. Ең алғаш жолымыз қазақтың тойында түйіскен еді. Кейін шаңырағына арнайы іздеп бардым. Ол менің ғана емес, гитара ұстаған әр қазақтың ұстазы. Сондықтан, жауапкершілік жүгін абыроймен алып жүруді парыз санаймын.

– Ең алғаш орындаған әніңіз есіңізде ме?

– Әуелі Ілия Жақанов ағамыздың «Асылым» әнін орындағанмын. Сол кезде студенттер қауымы арасында бұл ән кең таралып үлгерді. Ал, кәсіби сахнаға ақын Мұхтар Шаханов ағамыздың «Тасада өскен бір гүл» әнімен шыққан болатынмын.

– Бард әнші, қазақтың Табылдысының бірқатар әндері бар екен репертуарыңызда. Ел қалай қабылдады? Жалпы, Табыл ағаның көзін көрдіңіз бе?

– Өкінішке орай, Табыл ағамен кездесу маңдайыма жазылмапты. Таяуда Атырауда, Алматыда еске алу кеші ұйымдастырылды. Ортамызда болғанда еңселі елуді еңсереді екен. Мүмкіндігіңше, Табыл ағаның бояуын сақтай отырып, «Қара гүл», «Кешіккенің қайткенің?!» әндерін орындап шықтым. Бұл концерт енді Астана қаласы, еліміздің басқа аймақтарымен қатар, Моңғолия, Қытай елдерінде де көрермендерге ұсынылатын болады. Ұйымдастырушылар аталмыш әндерді менің орындағанымды қалап отыр. Мұны Табылды ағамыздың әруағының қолдағаны деп ойлаймын.

– Бір емес, жүрекке жасалған екі отадан аман қалыпсыз, не түйдіңіз?!

– Оныңыз рас. Бала кездегі сырқаттың табы бар, тағдырдың тосын сыны бар, осының бәрі жүрекке қатты әсер етті. Ота жасатар алдында ойыма келген жалғыз нәрсе – жарыққа шықпаған әндерімнің жай-күйі болды. Ақеділ Алаш жұртының тілегінің арқасында Жаратқан маған тың дүниелерді тудыруға тағы мүмкіндік бергендей.

– Отбасыңызға ойыссақ…

– Әкем Жамали мен анам Гүлсімнің Тәңірден тілеген тұңғышымын. Әжемнің бауырында өстім. Жауқазындай жайқалған үш қарындасым, Шыңғыс есімді соңымнан ерген інім бар. Бауырым – композитор. Құдай қосқан Қымбат есімді жан жарым өмірде де, өнерде де тірек болып, демеп келеді. Назерке есімді қызым өсіп келеді.

– Тәуелсіздік тойы қарсаңында Алаш жұртына тілегіңіз…

– Тәу етер Тәуелсіздігіміз баянды болғай. Іргеміз сөгілмесін, елден ауызбіршілік кетпесін. Ұлт үшін аянбай еңбек ететін ұлы дала перзенттерінің қатары көбейіп, еліміз мәңгі жасасын!

Сұхбаттасқан Меруерт Наурызбай.

Комментарии закрыты.