Жабдықтар жаңғыртылады

«АтомЭнергоМаш» және «KazakhmysEnergy» компаниялары «Қазақмыстың» энергетикалық нысандарында қазандық жабдықтарын жаңғырту жөнінде ынтымақтастыққа қол жеткізді. Ресей жағынан бұл шаруамен «РосАтом» машина жасау дивизионына кіретін «ЗИОМАР» инжинирингтік компаниясы шұғылданатын болады.

Қол қойылған құжатта зерттеу жұмыстарын жүргізу, техникалық шешімдер шығару, жобалау, қазандық жабдықтарын жасау мен жеткізу, сондай-ақ, сервистік қызмет көрсету қарастырылған. Энергетика саласындағы бұл ынтымақтастық жабдықтардың жұмыс тиімділігі мен «Қазақмыстың» ірі өндірістік нысандарын энергетикалық қуатпен жабдықтау сенімділігін арттыруға игі ықпал етеді.

«Қазақмыс» корпо-рациясының құрамындағы «KazakhmysEnergy» компанияның кәсіп-орындарын, сонымен қатар, Қарағанды облысының қалалары мен аудандарын жылу және электр қуатымен қамтамасыз ететіні белгілі. Оның құрамында Топардағы қуаты 663 МВттық ГРЭС, Жезқазған мен Балқаштағы қуаты тиісінше 152 және 115 МВттық екі жылу-электр орталығы бар.

Бұл жағымды жаңалық жүзеге асқанда біздің кенді аймақты электр қуатымен сенімді жабдықтауға септігін тигізері анық.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.