«Табыс» табысқа бастайды

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» ұлттық жоспарында еліміздің дамуы үшін шағын және орта бизнесті дамытуымыз керектігі баса айтылған. Тұңғыш Президент күні өз тұтынушыларына есігін айқара ашқан «Табыс» азық-түлік дүкені сол ұлттық жоспардың жүзеге асырылып жатқанының айқын дәлеліндей болды.

Қазақ елінің тағдырын мойнына алған Ұлт Көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегі мен көрегендігінің арқасында Қазақстан 24 жылда әлем таныған, жаһанға аты жеткен мемлекетке айналды. Болашағы жарқын жоспарлар құрып, елдің экономикасы жақсарып, халықтың әл-ауқаты да көтерілді. Оны қаламызда ай санап бой көтеріп жатқан жаңа әлеуметтік нысандардан да аңғаруға болады. Биылғы жылдың өзінде қалада кәсіпкерлік салада жеті нысан салынып, пайдалануға беріліпті. Соның бірі қызыл лентасы қиылғалы тұрған «Табыс» азық-түлік дүкені.

Дүкен иесі Кәрімжан мен Гаухар Ерғазиновтар кәсіпкерлікке осыдан он бес жыл бұрын, яғни 2010 жылы келген екен. Ең алғаш аумағы 30 шаршы метр болатын шағын дүкен ашыпты. Араға жылдар салып, қор жинап алған соң олар дүкендерін үлкейтіп, аумағы 140 шаршы метр болатын жаңа дүкен ашып отыр.

– Ел ауызекі «Төменгі» деп атап кеткен аймақта біздің «Табыс» дүкеніндей үлкен азық-түлік дүкені жоқ. Шағын дүкендерден тұрғындар керегін таппай орталыққа баруға мәжбүр болып жатады. Сол мәселенің түйінін шешу үшін біз осы сауда үйін ашып отырмыз. Сауда үйі деп отырғаным бұл жерден азық- түлікпен бірге күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды да табуға болады. Сондай-ақ, біз бүгін үш адамға жаңа жұмыс орнын да аштық, – дейді Гаухар Ерғазинова.

Жаңа дүкеннің ашылу салтанатына қала әкімі Әнуар Омар қатысып, жиналған жұртшылықты Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, кәсіпкерлерге істеріне сәттілік тіледі.

Салтанатта сондай-ақ, кәсіпкерлердің жақындары да өздерінің жүрек жарды лебіздерін білдіріп, қазақы дәстүрмен шашу шашты.

Бұдан соң қала әкімі Әнуар Омар мен дикен иесі Гаухар Ерғазинова ғимараттың лентасын қиды. Сөйтіп иелерін табысқа бастайтын «Табыс» азық-түлік дүкені алғашқы тұтынушыларына қызмет көрсетуге кірісіп кетті.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.