Жұмыс ауқымды, күш шектеулі

20151204-07-2«Қыс шанаңды жаз сайла» деген нақыл бар қазақта. Қаланың коммуналдық сала қызметкерлері де осы қағиданы берік ұстанып келеді. Соның нәтижесінде соңғы жылдары қатал қасқа жан-жақты әзірлікпен келу жақсы үрдіске айналды. Бұл үрдістен құрылымдалғанына көп уақыт бола қоймаған «Сәтбаев-Транзит» коммуналдық мекемесі де қалас қалып жатқан жоқ.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар автокөлігі, автокөлік жолдары және құрылыс бөлімінің жанынан ашылған бұл мекеме негізінен қаламызда жаңадан салынған жекеменшік үйлер мен коттедждердің кәріз желілері мен жылу және суық су құбырларын қадағалауға бағытталған. Сондай-ақ, жекеменшік үйлер маңындағы септиктерді уақытылы тазалап тұру да аталмыш мекеменің міндетінде. Былай қарағанда «Сәтбаев-Транзиттің» атқарар ісі пәтер иелері кооперативтері мен тұрғын үй-коммуналдық цехтардың ісімен шамалас көрінуі мүмкін. Бірақ, мұндағы жұмыс ауқымды. Өйткені қаланың «қазақы ауыл» аталатын бөлігі мен батыс ауданындағы бес көше осы мекемеге қарайды. Оның жылуы да, суы да, кәріз желісі де солардың мойнында. Мұның сыртында батыс аудан мен шығыс бөліктегі ағын суларды сорып, орталық кәріз желісіне қосатын екі сорап та «Сәтбаев-Транзиттің» еншісінде. Ал, осы міндеттерді мінсіз атқаратын күш оларда шектеуі. Соған қарамастан, аталмыш мекеме қатал сынақ – қысқы маусымға жап-жақсы дайындықпен келіп отыр.

– Біздің жұмыс ауқымды, ал күшіміз шектеулі. Қаланың шығысы мен батысындағы жекеменшік үйлер мен коттедждердің барлық коммуналдық жұмыстары біздің еншімізде. Оның сыртында ағын сулары мен кәріз суларын орталық кәріз желісіне жіберіп тұратын екі сусорғы станцияның да тұрақты жұмыс істеп тұруын қадағалап отырамыз. Бұл жұмыстарды бар жоғы 9 апаттық қызмет жұмыскерлері мен 3 жүргізуші және дәнекерлеуші мен электриктен тұратын онбес шақты адам ғана атқарады. Бір «КамАЗ», бір эксковатор және бір су соратын машина тәулігіне тоқтаусыз жұмыс істейді, – дейді коммуналдық мекеменің басшысы Талғат Серікбаев.

Мекеме басшысының айтуынша, құбырлар мен кәріз желілірін қалыпты жағдайда ұстап тұру, су сораптарының жұмысын тоқтатпау үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар автокөлігі, автокөлік жолдары және құрылыс бөлімі қажетті көлемде қаржы бөліп тұрады екен. Әйтсе де ол қаржы тапшылық көрсететін сыңайлы. Өйткені, үйлер жаңадан салынып, құбырлар күнні кеше ғана тартылса да оның стандарттан көп алшақ жатуы жұмысты күрделендіріп отыр. Мәселен, кәріз желілерін тартатын мердігерлер оны қалай болса солай жүргізген. Желінің бір жағы жоғары, бір жағы төмен. Тіпті, кейбір үйлердің кәріз желілері жоғарыдан төмен емес, керісінше төселген. Соның салдарынан ағын су дұрыс жүрмей, оны қазіп алып, қайра төсеуге мәжбүрлеуде.

– Мұндай жағдайлар әсіресе қаланың батыс ауданындағы үйлерде жиі кездеседі. Жекеменшік баспан болған соң оны ешқандай мемлекеттік комиссия қабылдап алып жатқан жоқ. Соны білетін мердігерлер ақшаны қалтаға басып, жұмысты сапасыз жасап кетеді. Ал оның кесірін біз көреміз. Егер қалалық ТКШ бөлімі бізге қажетті мөлшерде қаржы беретін болса, біз мұндай құбырларды өзіміз ауыстырып шығар едік. Қысқа әзірлік барысында біз осындай жұмыстармен айналыстық. Сонымен қоса осы аймақтардығы ауыз су құбырлары да біздің қарауымызда, олардың да жарылғанын жаңғырттық. Жалпы, қысқа қапысыз қамдықпен келдік. Ал, жоғарыда айтып өткенімдей, егер қаржы бөлінсе қате төселген желілерді қыс демей ауыстырып шығар едік, – дейді мекеме басшысы.

Талғат Серікбаев бізбен әңгімесінде қаланың батысы мен шығысындағы екі су сорғы станцияларының жұмысы жайлы да баяндап өтті. Оның айтуынша бұл станциялар қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Батыс аудандағы станцияның апатты жағдайда тоқ болмай қалған кезінде іске қосатын арнайы помпалары да бар екен. Және бұл станция жеке тоқ көзімненқуаттандырылып тұр.

– Өздерініңзге мәлім, осыдан үш-төрт жыл бұрын бұл аймақ сулы, батпақты қамыс-қоғалы болып жататын. Қаланың ағын сулары осы аймаққа жиналатын. Егер мына су сораптар сәл тоқтап қалса болды аймақ сол төрт жыл бұрынғы қалпына әп сәтте келеді. Сондықтан станцияның тоқтаусыз жұмыс істеп тұруы қажет. Біз оны қамтамасыз етіп отырмыз, – дейді Т. Серікбаев.

Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей аталмыш мекеме жеке меншік үйлер маңындағы септиктерді де уақытылы тазартып отырады. Осылайша қала халқына хал-қадірінше қызмет көрсетуде.

– «Қыс – қатал сыншы», – дейді Талғат Серікбаев әңгімесін түйіндей келіп, – сондықтан, ол тыңғылықты даярлықты қажет етеді. Біз соңғы жылдары бұл шараға аса мән беріп, дайындық жұмыстарын ерте бастап келеміз. Ол өз нәтижесін де беруде. Бірақ, тоқмейілсуге де болмайды. Жалпы, қысқа дайындық шараларына коммуналдық кәсіпорындар ғана емес жекелеген тұрғындар да жауапкершілікпен қарағандары жөн. Қыста өздері қиналмас үшін кәріз желілері мен су құбырларын дұрыс пайдаланып, оның әубаста дұрыс тартылуын қадағалап отырғандары абзал. Әркім өз қызметтерін өзара үйлестіріп істеулері керек…

Иә, бұл орынды айтылған сөз.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.