Әнмен өрілген 40 жыл

20151204-07-1Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Т. Қалмағанбетов атындағы филармонияның әншісі Ғалым Мұхамединнің кәсіби сахнада ән шырқап жүргеніне биыл 40 жыл болды. Осыған орай, әнші Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде «Мамырлап қоңыр қаздай баяулаттым» атты шығармашылық кешін өткізіп, халық алдында есеп берді.

Қазақтың өнердегі тарланы Жүсіпбек Елебековтің әншілік мектебінде білім нәріне сусындаған Ғалым Жезқазған облыстық филармониясындағы еңбек жолын 1975 жылдың жазында бастаған еді. Сол жылы есімі елге танымал «Қаракөзден» іріктеліп алынған өнерпаздардың басын біріктіріп, «Жезкиік» эстрадалық жастар ансамблін құру қолға алынған екен. Студия бітіріп келген Ғалым Мұхамединді облыс басшылығы қуана қарсы алды. Домбырамен халық әндерін орындаушы ретінде «Жезкиіктің» құрамында көрерменге таныла бастады. Үлкен өнердегі жолы осылайша басталған дүлдүл әнші 40 жыл бойы осы қарашаңырақта тапжылмай, Жезқазған өнерінің шежіресін жасауға өзінің лайықты үлесін қосып келеді. Ол жемісті еңбегіне орай Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталған, Жезқазған қаласының және Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы.

Салтанатты кеште әншінің өнер айдынындағы елеулі еңбегі туралы жеткізе айтылды. Құттықтау тілегін білдірген Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар қазақтың Біржан, Ақан, Естай сынды дүлдүлдерінің өшпес мұраларын кеңінен насихаттап, бүгінгі жас ұрпақтың бойына сіңірудегі Ғалекеңнің орасан зор еңбегін ерекше сүйсініспен атап өтті. «Ат мініңіз» деп ақшалай сыйлығын ұсынды. Сондай-ақ, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова әншіге қала әкімінің құттықтауын жеткізіп, иығына шапан жапса, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Нұрлыбаева облыстық мәдениет басқармасының құттықтау хатын және ақшалай сыйлық тапсырды.

Халықты 40 жыл бойы өнерімен сусындатқан Ғалекең шығармашылық кешінде шабыттана шырқады. Үкілі Ыбырайдың «Гәккуінен» бастап, халық әндерінің талайын тамылжытты. «Мен филармонияға алғаш келгенімде «Жезкиікті» Жақсыкелді ағамыз бен Болат Есмұқанов эстрадалық мәнермен айтып жүр екен. Домбырамен айтып көріп едім, «осы дұрыс екен» десіп, менің репертуарыма біржола берді», – деп өткен кезеңнен сыр өрбіте отырып Жақсыкелді Сейіловтің «Жезкиігін» әуелетті. Енді бір сәтте абыз ұстазын еске алып: «Бір жолы Жүсекең «қайран, туған жер, еске түскенде осы әнді айтқым келеді» деп, «Қарқаралыны» баяулатып отыр екен, қолқа салып, айту мәнерін үйрендім»,– деді де Мәдидің шерлі әнін қоңырлата жөнелді. Ұстаз аманатын арқалаған Ғалым Мұхамедин ел ішінен маржан тергендей, ұмыт болып бара жатқан талай әнді тауып, қайта жаңғыртқаны белгілі. Тайжан Қалмағанбетовтің оншақты әнін өмірге қайта әкелді. Қаратау жағынан «Көк айдай», «Жалғыз жусан», «Алтын кесе» сияқты қазақтың көне әндерін үйреніп, оларды халық арасына кеңінен таратты, шәкірттеріне үйретті. «Шәкіртсіз — ұстаз тұл» демекші, осы кеште Ғалекеңнің бір топ шәкірттері де өнерлерін ортаға салып, көрерменді әсем әнмен тербеді. Ән кеші осылайша жалғасып, айтарлықтай әсерлі өтті.

Амандық РАХҰЛЫ. Жезқазған.

Комментарии закрыты.