Сөз төресі – сахна төрінде!

20151204-12-1Әңгіме тектіліктің табиғатын танытқан терме өнері туралы. ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткен аймақтық байқау ата-баба өсиетін ұлықтап, өмірлік ұстанымын үлгі тұтуға үйрететін текті сөздің төресі — термеге арналды.

Әрине, байқау болғасын «қара қылды қақ жарған» қазылар бағын сынағандардың бағасын беріп, жүлделі орынға лайықтысын анықтайды. Жиырма жас термешінің талантына шайыр Шынболаттың шәкірті, термеші, өнер жанашыры Мұханбет Қожахметов, күйші-термеші, аймақтық ұлттық өнер орталығының үйірме жетекшісі Балтабай Сағидоллаев, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматтары — музыка маманы, ұстаз Айгүл Күлшекенова мен кенші-ақын Мұса Тілеуов, әнші, жыршы-термеші, ҚР Мемлекеттік оркестрінің мүшесі, халықаралық «Шабыт» байқауының бас жүлдегері, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Әлихан Дүйсенбай төрелік айтты.

Алдымен атаулысын айтайық: ең жас термеші, №16 мектептің оқушысы Абай Омаров (Ш.Ділдебаев. «Тәуелсіз ел») — «Жас екпін», ал №4 мектептің оқушысы Бексұлтан Қамиев («Ж.Кәрменов. «Жігіттерге өсиет») «Шынболат атындағы» жүлдені қанжығасына байлады. Үшінші орынды №19 мектеп оқушысы Дәуіржан Жапаров («Шал ақынның жігіттерге өсиеті») пен №4 мектеп оқушысы Алдияр Серіков (Ж.Еңсепов. «Күндерім») өзара бөлісті. Екінші орынды №1 мектеп-гимназия оқушысы Диана Нушанова («Майлықожаның термесі») еншіледі.

Бірінші орынға Жәнібек Кәрменовтің «Ойламаңдар жігіттер!» термесін келістіре орындаған Жезқазған музыкалық колледжінің оқушысы Жандос Сыздықов (суретте) лайық деп табылды. Егер «қолымда билік» болса, мен жүлдегерлер қатарына осы оқу орнының оқушылары Алғыс Орманов (Нұртуған. «Кәнеки, тілім сөйлеші») пен Төре Чапайды («Не керек?!») және №16 мектеп оқушысы Нұрай Игілікті («Қызым, саған айтамын!») де қосар едім. Екі жігіттің орындау шеберлігі мен қызымыздың ашық дауысы еріксіз тәнті етті. Бұл — қазылар қортындысына қарсылық емес, көрермен ретіндегі пікір.

Ел арасында «Асан Қайғыдан қалыпты» деген бір сөз бар: «Таза, мінсіз, асыл сөз ой түбінде жатады». Ой түбіндегі сол сөздің мәйегін теңіз толқынындай тербеп бетіне шығарған текті термеге шөліркеген көрерменнің ынтық көңілі мен шынайы сүйіспеншілігі жиналған жамиғаттың жарқыраған жанары мен жайнаған жүзінен аңғарылып тұрды. Көңілдегі көрікті ойды жыр маржанымен кестелеп, кесек-кесек көркем шумақтан тегеуірінді тасқын тудырған жас термешілер осы өнерге сусаған өрендерді аталы сөзге ұйытты. Тіпті осы мәдени шараны өткізуге қазынаның қалтасынан қаражат шығартпай, шығынын қала кәсіпкерлерінің көтеруінде де бір заңдылық жатқандай.

Терме — кенжелеп қалған өнер. Керек десең, оның табиғатын түсініп, ерекшелігін екшейтін қазақ некен-саяқ. Домбырамен айтылған ұзын-сонар өлеңнің аражігін ажырата алмай далбасалап жататынымыз сондықтан. Әрине, терменің ғылыми анықтамасы бар, алайда, оны музыка мамандары ғана біледі. Осы орайда, қазыларға жетекшілік жасаған, елі еркелетіп «Мұқаш» атап кеткен Мұханбет ағамыздың айтқаны біз үшін бағыт-бағдар болуға жарап-ақ жатқандай. Ол байқау қортындысына тоқталғанда қысқа әрі нұсқа былай деді: «Терме нотаға түсірілмейді. Өйткені, әннің әуені болады, ал термені әркім өзіне тән мақаммен, белгілі ырғақпен орындайды. Терме тек домбырамен айтылады. Ол — шоу немесе ән емес!». Тоқтайтын тұжырым!

Терменің тоқырағанына тағы бір тұжырым — қазір «сиясы кеппеген» терме табу қиын. Көбіне ел аузында жүрген, авторы анда-санда айтылғаны болмаса, халық шығармасына айнала бастаған терме орындалады. Ол осы байқауда бір термені бірнеше үміткердің орындағанынан-ақ аңғарылып тұр. Әйтпесе, жыр әлемінің жанпоздары Шымболат пен Жәнібектің өзі бақилық болғалы қашан?! Шынтуайтына келсек, қазіргі қоғам тынысы — термеге тіленіп тұрған тұнған тақырып. Сондықтан, бұл байқауды төл өнерді қайта түлетіп, олқылықтың орнын толтыруға жасалған қайырлы қадам деп бағаладық. Асылы рухты көтеріп, жасыған жігерді жанитын, көңіл көзін ашып, жаныңа шипа болатын заманға сай терме керек. Сонымен қатар, терменің табиғаты мен сипаты, ерекшелігі мен дамуы төңірегінде кейінгі ұрпаққа шашау шығармай жеткізіп отырудың басқа да тиімді жолын қарастырған артық емес.

Енді, азды-көпті «әттеген-ай!» айналасында. Ол ұйымдастыруға қатысты. Біріншіден, байқауға қатысушылардың аты-жөні мен орындайтын шығармасын, қайдан келгенін келешекте толық айтуды қадағалау қажет. Екіншіден, мұндай байқау тек көңіл көтеретін емес, көзқарасты қалыптастыратын, мәдениеттілікке тәрбиелейтін, керек десең, сауатты шыңдайтын шара екенін ескерген жөн. Мұндайға көбіне мектеп оқушылары келетіні де жасырын емес. «Байқаудың атын қатесіз жазса қайтеді!» дегенді естіп қалдық. Оның қандай қате екенін жіліктеп жатпай-ақ қояйық, дұрысы мынау: «ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Текті сөздің төресі – терме» аймақтық термешілер байқауы». Бұқаралық жұмыста ұсақ-түйек болмайды.

Әлібек ӘБДІРАШ. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.