«Арқаның алқасы»

Кеншілер қауымы «Анненск» шахтасын осылай әспеттейді

Ал, ол пайдалануға берілгеннен кейін алғашқы құрметті қонағы болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шахта шыңырауына түсіп, технологиясымен танысқан соң «Еліміздегі кен өндіру өнеркәсібінің болашағы — осындай алыптар» деп қадап айтып, жоғары бағалаған.

20151211-07-1Шындығында, сәулеттік сипатына қарасақ, оның тұрпаты осы өңірдегі көзіміз үйренген басқа шахтаға таза ұқсамайды. Тіпті, талай елдің топырағына табаны тиген тарландардың өзі «мұндай жобаны кездестіру қиын» дегенді айтады. Әкімшілік-тұрмыстық корпусын сырткөз өнер отауының ғимараты деп ойлап қалуы ғажап емес. Оған өзіндік үйлесіммен қабысқан қос каперді қос. Қысқасы, көрген көзді қызықтыратын көрініс. Мәскеулік архитекторлардың қиялынан туған бұл жоба Францияда өткен әлемдік байқауда екінші орынды, ал Канадада алтын медальді иеленді.

Егер өткеніне үңілсек, оның «толғағы» да қатты болды. Кеңестік кезеңде басталған құрылысы жиырма жылдай «жырға» айналып, ақыры қоғамдағы тоқырауға келіп килікті. Одақ ыдырады. Экономикалық байланыс босаңсыды. Қаржыландырудың қиюы қашты. Қуаты кеткен комбинат оны қатарға қосудан күдерін үзген кезде келген шетелдік инвестор шаруаның бетін бері қаратты.

Алғашқыда «Шығыстың» құрамында болған ол тиісті техника мен адам күші бөлінген соң жеке шаңырақ көтерді. Оңтайландыру кезінде қайтадан «Шығыс» шахталары қатарына қосылды. Онда небір танымал шетелдік фирманың жетілдірілген техникасы кездеседі. «Параматик» бұрғы бойлатады. Қуатты «Катер» кен тиесе, төзімді «ТОРО» тасымалдайды. Проходкаға алымды «Аксера» мен қарымды «Миниматик» қойылған. Забой төбесін «Робольт» бекітеді.

«Анненск» — аймақтағы ең терең шахта. Шыңыраудың түбі —шамамен жеті жүз метр. Кен қатпары — күрделі. Әдетте, Жезқазған аймағындағы көлбей жатқан кен қабаты онша ойыс болмаса, ал «Анненск» — айрықша. Оған қалыптасқан технологияны қолдану қолайсыз, әрі онша тиімді емес. Сондықтан, кен қатпарының орналасу ерекшелігіне қарай оны өндірудің арнайы жүйесі жасалған.

Сыртқы сипаты соны кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі — шахта құрылысының тарихында тұңғыш рет оқпандарды проходкалау мен коперларды монтаждау қатар жүргізілді. Ал, скиптердің жұмыс процесі таразы тәріздес қозғалысқа негізделген: бір басында кен тиелсе, келесі басында түсіріліп жатады. Кенді көтерудің өнімділігін арттыратын мұндай ерекшелік басқаларда кездеспейді.

Скип оқпанының өнімділік қуаты сағатына 750 тонна кен көтеруге жетеді. Бастапқы кезеңде ол жылына 2 миллион тонна кен өндірсе, жобалық қуатына санаулы жылда жедел жетті. Дәлірек айтсақ, 2000 жылдың өндірістік тапсырмасын негізгі көрсеткіштер бойынша мерзімінен бұрын орындап, жаңа ғасырдың табалдырығын бес миллион тонналық межемен аттады.

Мұның астарында ұйымшылдығы жарасқан ұжым мүшелерінің моншақтата төккен маңдай тері мен бірегей біліктілігі жатыр. Кеншілер «Арқаның алқасы» атанған келбеті келісті шахтада жұмыс істейтінін мақтаныш етеді, мәртебе санайды. Олар он айда өндірістік жоспарды кен өндіруден — 5,9%, кен құрамындағы металл үлесінен — 3,3%, іргелі кен дайындығынан 10,2% асыра орындады. Жыл мәресіне бәрінен бұрын жетті.

Елбасы елеген, дүйім ел демеген шахтада шаруаның шырайын шығармау мүмкін бе?!

 

«КәсіпҚазақмыс» қызметі – кеншілерге

 

Сержан ЖАҚСЫБЕКОВ, кеніштегі кәсіпком төрағасы:

— Жаңа Жыл қарсаңында отырғандықтан, алдымен, жағымды жаңалықтармен бөлісейін. Мерекеге бір апта қалғанда кеншілердің балаларына сыйлық таратамыз. Сосын желтоқсанның соңғы жексенбісінде «Керемет» мейрамханасында керемет «Көгілдір от» өткіземіз. Онда ата-анасы кеніштің төрт шахтасында еңбек ететін бес жүздей баланың басын қоспақшымыз. «Анненск» шахтасындағы асхана күрделі жөндеуден өткізіліп, күні кеше ғана кеншілерге есігін айқара ашты. Бұл шын мәнінде мықты сыйлық болды. Асхана емес, мейрамхана!

Жалпы кәсіподақтың басты міндеті — кеншілер қауымы еңбектің түпкі нәтижесінде тұрақты табысқа жетіп, өндірістік көрсеткіштерді көтеруі үшін қарапайым еңбек адамына қалыпты жағдай жасау. Бұл бағытта кеніш басшылығымен бірлесіп мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Қаражаттан қысылғандарға, өндірісте жарақат алғандарға материалдық көмек көрсетіледі. Кеншілер отбасы мен балаларының корпорацияға қарасты емдеу мекемелері мен демалыс орындарының қызметін тұтынуына толық мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, еліміздегі 8 курорт-санаториямен келісім-шарт жасалған. Барғысы келгендер жолдама құнының жартысын ғана төлейді.

«КәсіпҚазақмыстың» қаражаты-мен компанияның технологиялық колледжінде арнайы оқытып алған алты қоғамдық инспекторымыз бар. Олардың күшімен көптеген шаруаның басы қайтарылуда. Олар, әсіресе, қауіпсіздік техникасының мүлтіксіз сақталуына елеулі еңбек сіңіруде. Сондай-ақ, асханалар мен әкімшілік-тұрмыстық кешендер қызметінің де талапқа сай болуын қадағалайды. Тексеру жүргізгенде кеткен кемшілікке қатысты жазбаша ескерту жасайды. Соған сәйкес жұмыс жүргізіліп, кемшілік жойылды.

Кәсіподақтың қызметі сан қырлы…

Әлібек ӘБДІРАШ. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.