Шәкірт, сазгер һәм шебер

20151211-05-1Фейсбукті парақтап отырып, сүйінші сұраған мына бір хабарды оқыдым. Оқыдым да оны газетке беруді жөн көрдім. Онда: «Кеше, 2015 жылдың 23 қарашасында Халық музыкалық аспаптар мұражайында Түркі өркениетінен бастау алып, әлем халықтарына кеңінен тараған көне үрлемелі аспаптардың бірі – МЕС СЫРНАЙДЫҢ тұсауы кесілді. Мес сырнайды қайта қалпына келтіруде Д.Шоқпарұлы бастаған бір топ шеберлер үлкен еңбек сіңірген. Аспаптың қыр-сырын ашып, көптеген ізденістер арқылы аспаптың жасалу әдістерін тануда үлкен қадам жасаған, ҚАЗАҚТЫҢ МЕС СЫРНАЙЫНА жан бітірген Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Халық музыка факультетінің 3-курс студенті Бақия Азаматқа және осы аспапты жасауға үлес қосқан бір топ жігіттер мен қыздарға Халық музыкалық аспаптар мұражайының және «Тұран» тобының атынан шексіз алғысымызды білдіреміз!!!», деп жазылыпты.

«Осы да жаңалық болып па? Және газетке беріп, сүйінші сұрайтындай оның бізге қандай қатысы бар еді?» дейтіндер де болып қалары анық. Сондықтан, оқырмандарға түсінікті болу үшін бәрін жіктеп, жіліктеп берейін.

«Тұран» этнографиялық ансамблінің жігіттері «Қазақтың мес сырнайына жан бітірген» деп ерекше құрмет танытып отырған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын халық музыкасы саласы бойынша оқып жатқан ІІІ курс студенті Бақия ақсақалдың немересі Азамат Бейсенәліұлы бауырымыз Қаныш қаласының қарлығашы, осы қаладағы №7 орта мектептің түлегі. Әріден айтар болсам, Ұлт ұясы – Ұлытаудың ұланы…

Электрондық ақпараттың заманы емес пе, Азамат екеуміз фейсбук арқылы егжей-тегжейлі әңгімелестік.

– Қазақтың көне ұлттық музыкалық аспаптарын жаңғырту, оның ішінде ұмыт болған аспаптарды қайыра қатарға қосу сонау сексенінші жылдардан бері қолға алынған екен. Оның басы-қасында ұлттық өнердің шынайы жанашырлары Өзбекәлі Жәнібеков, Нұрғиса Тілендиев аталарымыз жүріпті. Сол игілікті істі бүгінде біз жалғастырып жатырмыз.

Менің қайыра жасап, жаңғыртқаным «Желбуаз» деп аталатын аспап. Оны мен Болат Сарыбаев ағамыздың «Қазақтың көне музыкалық аспаптары» деген еңбегінен көрген едім. Аталмыш еңбекте П. Юдин деген орыс зерттеушісі «Қырғыздар (қазақтар)» атты этнографиялық зерттеуінде әсерлі әуен шығаратын саз аспабы туралы қызықты ақпарат қалдырған. Онда: «…қысқа екі қамыс түтікше (най) үрлеген қарынның аузына қосып байланады. Сол най түтікшеден шығатын үн «волынканың» үніне ұқсас» деп жазған. Зерделей келгенімде бұл аспапты Астрахань қазақтары пайдаланған екен, – дейді Азамат інім.

Негізінен мес сырнай теріден жасалған, үрлемелі аспаптарға жатады. Оның істелуі де, қолданылуы да күрделі болғандықтан уақыт өте келе ұмытылғанға ұқсайды. Өйткені, оны жасайтын және ол аспапта ойнайтын азаматтардың есімдері сақталмаған. Музыка зерттеушілердің айтуынша мес сырнайға арнап жазылған шығарма да болмаған.

– «Желбуаз» деп аталатын аспап шотландтықтардың «волынкасына» қатты ұқсайды. Әйтсе де оны қазақы әуенге келтіріп жасау оңайға түспеді. Сыбызғыларын табиғи қамыстан жасап көріп едік, үні дұрыс шықпады. Сынып қала берді. Өте жұқа тілінген шпон деген ағашты орап та жасадық. Онымыз да сәтсіз шықты. Табиғи үн шығармады. Ақыры бук деген ағаштан сыбызғы жасадым. Оның ысқырығын сол ағашпен бірге ойдым. Бұрын бөлек ысқырық жасайтынмын. Сірә, қателік содан болды-ау деймін. Өйткені, ысқырығы бірге ойылған сыбызғының үні керемет болды. Сөйтіп ұлттық болмысымызға тән әуен шығаратын көне, ұмыт болған аспапты қайыра өмірге әкелдік, – дейді Азамат мақтаныш сезіммен.

Сөзіміз дәлелді болу үшін фейсбуктегі мына бір хабардан да үзінді бере кеткенді жөн көрдім. Онда:

«16.11.2015 жыл Халық музыкалық аспаптары мұражайында тарихи күн!!! Мұражайдың ғылыми-зерттеу бөлімінің қызметкерлерінің бастамасымен және керемет ізденіс жолында жүрген шебер, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының 3 курс студенті Азамат Бақия мен «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің көне үрлемелі «Желбуаз» аспабын қайта жаңғырту жолында ғылыми кеңес өткізді. Ғылыми кеңес мүшелері: «Құрмет» орденінің иегері Жарқын Шәкәрім ағамыз, Доцент, күйші-домбырашы, «Көкіл» музыка мектебінің директоры Абдулхамит Райымбергенов, Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық-этнографиялық оркестрінің дирижері, профессор Жалғасбек Бегендиков, аспаптанушы, тарих ғылым.докторы Забира Жакишева, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының аға оқытушысы Гүльфайруз Далбағай, театровед Мұқан Амангелді, «Хассақ» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының оқытушысы, күйші-домбырашы Ержан Жаменкеев және т.б. бір шешіммен аспаптың атын «Мес сырнай» деп протоколға қол қойған сәттен естелік сурет!!!!», делінген (Сурет қоса беріліп отыр).

Әңгіме барысында Азамат өзінің халқымыздың ұлттық өнері мен музыкалық аспаптарын насихаттап жүрген «Хассақ» этно-фольклорлық ансамблінің мүшесі екенін де айтып қалды. Сазсырнай, сыбызғы, шаңқобыз, шертер, дабыл сынды музыкалық аспаптарда еркін ойнайды екен. Музыкалық білімді Сәтбаев қаласындағы өнер мектебінде алып, кейін Жезқазғандағы музыка колледжін тәмамдаған. Қазір Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқиды. Жалғыз емес, осы Сәтбаев қаласынан бірге қанаттанған өнердегі серігі Жалғасбек Ілеспен жұптары ажырамай келеді.

– «Жігітке жеті өнер де аз» дейді ғой атам қазақ. Өнердің жолына түскен соң оны тереңдете игеруге ден қойдым. Әйтсе де, әр нәрсе негізіне қарай ғой. Әкем – Бейсенәлінің негізгі мамандығы электрик болғанымен, өнерге жақын. Домбырада, гитарада ойнап, «әу» деп қоятыны бар. Қолының да ебі бар кісі. Нағашы жағым да өнерден құралақан емес. Анамның анасы – Сақып әжемнің шешесі арқаға белгілі ақын – Тайжан Қалмағамбетовтың туған қарындасы екен. Мүмкін, сол жағынан да бір ұшқын түскен шығар, – дейді «осынша өнер өзіңе қайдан қонған» деген сауалыма.

Айтпақшы, Азаматтың өзі жазған «Тарту» деп аталатын тырнақалды күйін «Хассақ» этно-фольклорлық ансамблі өздерінің төлқұжаты ретінде ұстап жүр.

Шәкірт, сазгер һәм шебер – Азамат Бақия жайлы айтылар сыр әлі де аз емес. Оның Халық музыкалық аспаптар мұражайы жанынан шеберхана ашып, сол жерде қолынан іс келетін студенттердің халқымыздың ұлттық музыка аспаптарын жасап, нәпақа тауып отырғанының өзі бір әңгімеге арқау боларлық. Әйтсе де, мен мақаламды Азаматтың өнердегі досы – «Хассақ» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі Ержан Жәмеңкеевтың фейсбуктегі мына бір жүрекжарды сөзімен түйіндегенді жөн көрдім:

«Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады!». Іздемпаздығы мен байсалдылығы бір жерде тоғысқан Азамат Бақия бауырым жайлы айтып отырмын. Саз сырнайдың, сыбызғының мүмкіншілігін арттырып, түр-түрін жасап шығарғаны өз алдына, енді қазақтың ұмыт боп бара жатқан «Мес сырнай» аспабын қайта жаңғыртуы үлкен жаңалық болды. 23.11.2015ж. Халық аспаптар мұражайында осы оқиғаның куәгері болғаныма шын жүрегіммен қуанамын. Аспапқа қазақи қоңыр үн беру, пішінін өзгерту, материалдарын экспериментке түсіру, алып, қосып, есептеп, сызу неткен сабырлық пен білімді қажет етеді десеңізші!

«Хассақ» этно-фольклорлық ансамблінде осындай тапқыр бауырыммен бірге жүргеніме өте қуанамын! Біз Азаматпен мақтанамыз! Шеберхана жігіттеріне «Қолдарыңа қуат берсін» дейміз! Талмай, ұлт үшін еңбек ете беріңдер! «Тұран» ансамблінің бастамасымен жасалған осындай үлкен шараның басы-қасында жүрген біз үшін абырой!

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой. Болат Сарыбаев атасының нақ ізін жалғастырушы Азамат боп тұратыныңа өте сенемін, жолың ашық болсын! Құттықтаймыз Шебер — Азамат!!!».

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.