Ұлы Даланың мәңгілік елі

Әңгіменің әлқисасын «Ата-баба аңсаған азаттықты құжатқа қол қою арқылы алғанбыз» деп, «адасқандарға» арнайын. Әлдекімдер айтып жүргендей, Тәуелсіздікті «тақиямен ұрып алмағанымыз» тағы анық.

«Қазақстан Республика-сының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Заңды қабылдаудың өзі оңайға соққан жоқ. Қым-қиғаш қарсылыққа килікті. «Орыс пен Қазақ империясының қандай айырмашылығы бар?» деп, бұра тартқандар да табылды. Кейбір қазекемдер «Басқа ұлттың өкілі өзінің тарихи Отанына кететін болса, білікті маманнан айрыламыз» деп байбалам салды.

Тереңнен ойлайтын «тісқаққандары» бұл мәселені референдум арқылы шешуді ұсынды. Сол кезде Қазақстандағы қазақтар үлесі жалпы халықтың жартысына да (39,7%) жетпейтін. Ендеше, қортындының қандай болатыны бесенеден белгілі еді.

Тәуелсіздік идеясы басқа этностың қарсылығын туғызуы мүмкін еді. Екіншіден, елдің шекарасына қатысты «ши шықпасына» кім кепіл? Айталық, Б.Ельцин Тамыз бүлігінің «буы» басылмай жатып БАҚ-қа берген сұхбатында Ресеймен іргелес елдер Одақтан шығатын болса, олардың алдына орыс шекарасы туралы мәселе қойылады» деген мәлімдеме таратты. М.Горбачев Украина теледидарына берген сұхбатында тың игеру кезінде Қазақстанға бес облыстың қосылғанын далбасалап, шекара мәселесін одан әрі ушықтырды. Орыстың кейбір саясаткерлері Қазақстанның солтүстігімен қатар, батысы мен шығысы жөнінде даулы пікір қозғап, отқа май құя түсті.

Үшіншіден, Қазақстанның жер асты табиғи байлығына көз тіккендер көп болды. Одақтың ыдырауы қарсаңында Қазақстан картасына қатысты сұрқия саяси ойындар жүріп жатты. Қазір дүниежүзінде жүз тоқсаннан астам тәуелсіз ел бар. Олардың тәуелсіздік алуы да тарихи және саяси жағдайларға қарай әртүрлі жолмен шешілген. Жоғарғы Кеңестегі елге танымал азаматтар жоғарғыдай жөнсіз пікірге салмақты да тапқыр жауап қайтарып, Тәуелсіздік туралы Заңның қабылдануына біліктілігі мен беделін салды.

Сөйтіп, Конституциялық Заң басым дауыспен қабылданды, 16 депутат қарсы дауыс берді. 1991 жылғы 16 желтоқсан — Қазақстан тарихында алтын әріппен таңбаланып қалған қастерлі күн. Тәуелсіздік туы желбіреген сындарлы сәт. Келесі күні Республика алаңында митинг болды. Бұдан дәл бес жыл бұрынғыдай, дәл сол алаңға есепсіз ел жиналды. Айырмасы — бес жыл бұрын солақай саясатқа, қызыл империяның үстемдігіне наразылықтан, бұл жолы ата-баба армандаған күннің туғанына разылықтан бас қосты.

Алғашқы жылдары ұлттық жаңарудың жөні осы екен деп, бас-көзге қарамай ұрандатушылар да шықты. «Біз бұндай халықпыз», «Ондай ұлтпыз» деп, әлі етек-жеңді жимай жатып бүкіл шекараны жабуды, тек мемлекеттік тілде сөйлеуді, басқа тілдегі мектептерді жабуды ұсынғандар табылды. Ұлттық мүддені қозғаса елді соңынан ертудің оңай екенін білген олар Қазақстанның ерекшелігін, қазақ халқының азшылдығын, бұрынғы экономикалық байланысты қайта қалпына келтіру қажеттігін, тағы сол сияқты өзекті мәселелерді түсінгісі келмеді, бәлкім түсінбеді.

Ондай асыра сілтеу опа таптырмайтын. Мәселен, ұлттық мүддені ұрандату арқылы Әзірбайжан Президенті болған Әбілфайыз Елшібей биліктің бишігін ұзақ ұстаған жоқ. Өзін баспанасыз әдебиет зерттеушісі ретінде танытқан ол сайлау науқаны кезінде берген даңғаза уәдесін орындай алмады. Таулы Қарабақты қайтаруға жанығып жүргенде, масқара болып жеңіліп, жерінің үштен бірінен айырылды. Сонда ғана Әзірбайжан халқы кімге дауыс бергенін, кімге сенгенін, қателескенін түсінді. Осындай жолмен басшылыққа келген З.Гамсахурдианы да Грузия халқы биліктен тайдырды.

Қазақстанда да осындай жағдайдың нышаны бой көрсеткенімен, халық олардың сөзіне сенбеді, соңынан ермеді. Сол кезде қазақ зиялыларының басым бөлігі ұстамдылық танытты. Қазақтың кең байтақ даласының тұтастығын сақтап қалу үшін ұлттық бірлік, ең алдымен, қазаққа керектігін түсінді. Қазақ өзіне жүктелген аса маңызды жауапкершілікті терең сезініп, бұл тарихи миссияны абыроймен атқарып шықты. Ата-бабамыз Тәуелсіздік жолында күрессе, біздің алдымызда Тәуелсіздік тұғырын нығайту міндеті тұр.

Отан! Атамекен! Атажұрт! Қай құлаққа да асқақ естілетін ұлы ұғым. Адамзат олар үшін небір дүрбелеңді бастан кешті. Әдетте, сондай дүрбелеңнен, демек қанқұйлы қақтығыстан кейін «Әлем картасы» аталатын алақағаз бетіне түзету түсетін. Ал, жиырманшы ғасырдың соңғы он жылдығында әлем ажары көп қақтығыссыз-ақ өзгеріп шыға келді. Оған Жаһанның алтыдан бір бөлігін бауырына басып, қаһарымен алыс-жақын жұрттың бәрін ықтырып келген алып империяның ың-шыңсыз ыдырай бастағаны себеп болды. Ыдыраған империяның орнына он бес тәуелсіз мемлекет шаңырақ көтеріп, кереге жайды. Солардың бірі — ғажайып әрі қайталанбас тарихы бар Қазақстан.

Дархан дала төсінде жаңа өмір шуағын төкті. Буырқанған жасампаз өмір — тіршіліктің тоқтаусыз соққан жүрегіндей. Адам баласы өз Отанын дүниедегі ең қымбат, ең қасиетті, ең аяулы Анасына теңейді. «Отан – оттан ыстық» деп түйген халықтың батыр ұлы Бауыржан: «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген екен. Біздің халықта Атамекенді ардақтау сезімі соншалықты терең, Туған жерді кие тұту — қанға сіңген қасиет.

Бұл біздің бойға Ана сүтімен сіңген, Әке қанымен дарыған. Қазақ — батыр, ержүрек, намысқой халық. Жауын торғайдай тоздырып, тарыдай талқандаған. Сонымен қатар, ол — сұңғыла саясаткер. Қоқаңдаған Қоқанмен де, қалың Қытаймен де, ормандай Орыспен де тіл табысқан. Соның арқасында ата-бабамыз біз өмір сүріп отырған ордалы Отан — Қазақстанды сақтап қалған. Ол — бізге атадан қалған асыл мұра.

Байтақ еліміз бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Талайды таңдандырған табиғат байлығымен ғана емес, түрлі ұлттан тұратын халқының ауызбірлігімен аты шықты. Бүгінгі Қазақстан — кіндік Азияда ғана емес, бүкіләлемдік мәселелерді талқылауда және шешуде ықпалды орны бар мықты мемлекет.

Қазақстан татулық пен ынтымақты сақтаудың, алуан түрлі ұлттық мәдениет мен діннің үйлесімді дамуына қамқорлық жасаудың жарқын үлгісін жаһанға паш етті.

Әлеуетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да — өз қолымызда!

Әлібек ӘБДІРАШ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Комментарии закрыты.