«Үреймен өтті көп күнім»

20151211-03-2Желтоқсан – Тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық күрестің заңды жалғасы. Сонау, 1986 жылы ұлт мүддесі үшін Кеңес өкіметінің тоталитарлық өктемдік жүйесіне қарсы шыққан жалынды жастар болатын. Сол кездегі өрімдей қыз-жігіттер бүгінде еліміздің ертеңі, кемел келешегі үшін еңбек етуде. Солардың бірі – Еркін Сәдуақасов. Ол бүгінде қаламыздың батыс аймағында салынып жатқан үлкен құрылыс алаңында, «Сарыжайлау» мердігер компаниясында еңбек етеді.

Дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан басталған кезде Еркін Талғар қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумының студенті еді. Осы оқу орнында агроном мамандығы бойынша оқи жүріп, техникумның намысын қорғап, қалы кілемде белдесіп жүретін.

– Өзіммен бірге оқитын Шелектің ұйғыры – Қаһарман, Тараздың қазағы – Серік, ақтөбелік – Талғат және мен күнде Алматыдағы қазіргі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жаттығуға баратынбыз.17 желтоқсан күні де әдеттегідей автобусқа отырып Алматыға келдік. Сонда естідік, Дінмұхамед Қонаевты ешқандай себепсіз қызметінен алып, орнына Мәскеуден Колбин деген біреуді әкеліпті. Автобустағы қазақтар өздерінше наразылықтарын білдіріп жатты.Наразылықтың көкесін «Саяхат» автовокзалына келгенде көрдік. Алматының жастары Брежнев атындағы орталық алаңға жиналып, өздерінің ұсыныстарын айтып, талаптарын қойды. Шеру негізінен бейбіт түрде басталды. Жастар да, жиналған өзге де ел Компартиядан әділдікті талап етті. Басшылыққа қазақ азаматын тағайындауды сұрады. Орталық алаңға арнайы келген Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова апаларымыз бен өзге де бірнеше қазақ зиялылары жастарға «Тараңдар. Босқа арандап қаласыңдар. Бәрін Орталық Комитет ойластырып шешеді», деп басу айтқан болды. Тіпті, алдыңғы шепте тұрған қазақ жауынгерлері де «Бауырлар, тарасаңдаршы. Қазір бізге де ауыр болады ғой», деп жалынғандай болды. Әуелде біз оған онша мән бермеген едік. Сойқан кеш түсе басталды. Билік әуелі қазақты қазақтың қолымен ұрды. Жауынгер жасақтардан кейін тұрған милиция жасағы алдыңғы лекте тұрған қыздарды резеңке сойылмен ұра бастады. Біз арашалауға ұмтылдық. Аласапыран басталып кетті. Бір байқағаным, милиция жасағы алдыңғы қатарда тұрған қыздарды қоршап алып, шашынан жұлып, жерге жығып салып, тепкінің астына алып жатыр екен. Жігіттер одан әрі шыдап тұра алмадық. Милиционерлердің қолдарындағы сойылдарын тартып алып, өздерін төмпештей бастадық. Сол кезде өрт сөндіру машиналарынан су шаша бастады. Артынша қаруланған, басында каскалары бар әскерилер бізге қарай лап берді. Қалай құтылғанымызды да білмейміз, – дейді Еркін сол бір аласапыранды еске алып.

Бейбіт шерумен басталып, аяғы қантөгіске айналған Желтоқсан көтерілісі үш күн толастаған жоқ. Алматыдан бастау алған дүрбелең еліміздің көптеген аймақтарында жалғасып, «Қылышынан қан тамған» кеңес өкіметін бір дір еткізді.

– Ертесіне орталық алаңға тағы бармақ болдық. Бірақ, бұл жолы көшеде жүру мүмкін емес еді. Топ-топ болып жүрген милиционерлер қазақ жастарының кезіккенін машинаға тиеп, алып кетіп жатыр екен. Алаңға жастар кешегіден де мол жиналыпты. Қарулы жасақтардың да қарасы көп екен, – дейді Ерекең.

Желтоқсан оқиғасынан кейін жастардың көпшілігі сияқты Еркін Сәдуақасов та әуре-сарсаңға түсті. Талай жастар тергеуге алынды. Тіпті, алаңда түсіп қалған конспектлердегі фамилиялар бойынша да студенттер жауапқа тартылып, жазықсыз жапа шекті.

– Біздің курстың бір студенті опыр-топырмен жүріп қалтасындағы дәптерін түсіріп алса керек. 19 желтоқсан күні бізді Талғар қалалық ішкі істер бөліміне алып келіп жауап алды. «Алғашқы күні шығып, таяқ жеген соң жатақханадан шыққанымыз жоқ» деп құтылдық. Бірақ, істің мұнымен бітпесін сезіп, бой тасалаудың амалын жасауға кірістік, – деп еске алады Ерекең сол бір үрейлі күндері жайлы әңгімелей келіп.

Совхозтехникум директорының орынбасары, ұйғыр қызы – Хамара, кураторы Анна Ильясовна сынды жүрегі таза жандардың көмегімен кейінгі мерзіммен жазылған өтініштері бойынша төрт жігітке отбасы жағдайларына байланысты академиялық демалыс беріліп, олар жан-жаққа кетті. Еркін тараздық Серік деген досына еріп Мойынқұмда бір айға жуық бой тасалап жүрді. Қаңтар айының ортасына таман Ұлытауға келді. Көп уақытқа дейін үрейленумен жүрген ол оқуын тек 1987 жылдың қазанында ғана қайта жалғастырды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.