Ағысқа қарсы жүзген

20151211-12-1Ол он жылдан астам уақыттан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Нарықтың заңын да, тәртібін де, қиыншылығы мен қызығын да біркісідей жақсы біледі. Мұрат Сманұлы кәсіпкерлік пен қайырымдылықты егіз санайды. Сондықтан да, ол қазіргідей дағдарысты кезеңде кейбір әлеуметтік топтар үшін қызмет ақысына 10 пайыздық жеңілдік белгілеп отыр.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев күні кешегі халыққа Жолдауында іс адамдарын, кәсіпкерлерді қайырымды болуға шақырды емес пе? Мен бір дана кісінің «Көжеңді көптен ірікпесең, артады пәсі нарқыңның» деген сөзін оқыған едім. Сондықтан, осындай ойға тірелдім, –деп түсіндіреді Мұрекең өз бастамасының мәнін.

Ұлы Отан соғысының қатысушылары, I және II топтағы мүгедектер, жасы жетуіне және аурулығына байланысты зейнет демалысына шыққан жандар мен әлеуметтік көмек алушылар қазірдің өзінде Мұрат Жағыпаровтың тіс емдеу емханасында 10 пайыздық жеңілдікті пайдаланып, бұл үшін кәсіпкерге өздерінің шын ықыласты алғыс лебіздерін білдіруде.

– Біздің қызметіміздің бағасын белгілеуде сыртқы факторлардың әсері көп. Сондықтан, алдағы уақытта қызмет ақысының қазіргіден де өсе түсуі әбден мүмкін. Нарықтың қалай қалыптасатынын ешкім де нақты болжай алмайды. Бірақ, қалай болғанда да, жоғарыдағы әлеуметтік топтар үшін белгіленген жеңілдік сақталып қала береді. Мұның үстіне, қазір қызмет ақысын бөліп төлеуді енгізудің жолдарын қарастырып жатырмын, – дейді М.Жағыпаров.

Дағдарысты, теңгенің құнсыздануын алға тартқан көптеген кәсіпкерлердің бағаны орынсыз көтеріп жіберетіндігіне Елбасымыз да талай рет назар аударған болатын.

Қалыптасқан жағдайды пайдаланып қалтасын қалыңдата түсуді емес, халықтың аз қамтамасыз етілген топтары үшін қайырымдылық қадамдарын ойластырған Мұрат Сманұлы Жағыпаровты «ағысқа қарсы жүзген кәсіпкер» деп әспеттеп жатқанымыз да сондықтан.

Абдолла НҰРТАУҰЛЫ.

Комментарии закрыты.