Бас партияға бәрі де сенеді

Өткен аптада «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалы құқықтық құрылымдар мен банк өкілдерінің қатысуымен қоғамдық қабылдау өткізді.

Қабылдауды «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев ашып, жүргізіп отырды.

Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі банк саласы мен заңға қатысты мәселесі бойынша кеңес әрі көмек алуға келгендіктерін білдірді. Атап айтқанда, қала тұрғыны Елена Колесникова 2007 жылы «Казкоммерцбанктен» несие алған екен. Алайда, сол кезеңдердегі қаржылық дағдарыстың салдарынан несиесін қайтаруда қиындықтар туындап, «қарызгерлер» қатарына кірген. Іс сотқа дейін барған. Соның салдарынан ол пәтерін сатып, кәсіпкерлігіне қатысты ғимараттарын да банкке кепілдікке өткізген.

Қоғамдық қабылдауға келген Е.Колесникова банк басшыларынан несиесін пайыздық жеңілдіктер арқылы қайыра қаржыландыру бағдарламасына орай көмек жасауды сұрады.

Бұл мәселеге байланысты «Казкоммерцбанк» АҚ Жезқазған аймақтық филиалы директорының орынбасары Руслан Нұрахметов пен банктің заңгері – Елена Колесникованың өтініші несиелерді қайыра қаржыландыру бағдарламасына жатпайтындығын нақтылы дәлелдермен түсіндірді.

Қала тұрғыны Қанат Манасбаевтың да өтініші банкке қатысты екен. Ол ипотекалық несиеге пәтер сатып алған. Алайда, кәсіби сырқатына орай мүгедектікке шығып, жұмыстан босаған. Қазіргі табысы ипотекалық несиені жабуға тақыл-тұқыл жетеді. Қ.Манасбаев та жоғарыда айтылған бағдарламаға орай несиесін қайыра қарауды сұрапты. Алайда, өтініш иесінің атында тағы бір үйінің бар болуына байланысты оның да өтініші қанағаттандырылмады.

Құжаттарды рәсімдейтін орындардағы кейбір қызметкерлердің сауатсыздығынан екінші бір адам жапа шегіп жататын жәйттар да жиі кездеседі. Мәселен, қала тұрғыны Гүлзира Семеева қайтыс болған отағасының құжатында әкесінің аты қате жазылуына байланысты оның артында қалған зейнетақы қорындағы қаражатын ала алмай жүр. Сәтбаев қалалық зейнетақы төлеу орталығының басшысы Ербол Хасеновтың айтуынша, марқұмның әкесінің атында бір әріп қате кеткен. Оны түзеу үшін арнайы құжаттар да жинақталыпты. Бірақ, оларда да ала-құлалықтар бар. Г.Семееваға бұл істің түйінін сот арқылы ғана шешуге болатыны түсіндірілді.

Алименттің әлегі әуре-сараңға түсірген Балжан Жұманова сот шешімінің орындалмай отырғанына өкінішін білдірді. Сәтбаев қалалық сот актлерін орындау бойынша аумақтық бөлім филиалының басшысы Данияр Сейдакпаров Б.Жұманованың бұрынғы жұбайының Алматы қаласында жұмыс істейтіндігіне байланысты Алматы қаласындағы сот орындаушыларға тиісті құжаттардың жіберілгенін айтты.

Ол мәселеге байланысты қала прокурорының орынбасары Әлім Есімов Алматы қалалық прокуратурасына хат жазып, тиісті құжаттарды қоса жіберуге кеңес берді. Ал, оның орындалысын қадағалауды өз құзырына алатынын айтты.

Жалпы, қоғамдық қабылдауға келгендердің бәрі өздерін толғандырған түйінді мәселелерге шешім іздеп, көмек сұрап және оның шешімін табарына да үміттене келеді. Бұл жолы да қабылдауға жазылған азаматтардың әрқайсы өз мәселелерінің оң шешілеріне сеніммен қайтты.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.