Сыр сүлейлерінің сарқыты…

20151218-05-1– Жыр елі – Сыр елінің баласынан ән айту өнері кімнен дарыған деп сұраудың өзі артық болар. Әйтсе де, осы қасиетті өнер кімнен қонды?

– Менің туып-өскен жерім Сыр өңірі, Қызылорда облысының Қазалы ауданы. Ал, бұл өңір өзіңіз білесіз өнерден және өзге де саладан кенде жер емес.Өңірден елге танымал көптеген азаматтар шыққан.

Жалпы, адам бойындағы өнер табиғаттан берілсе керек-ті. Мен өнердің нәрін сол тәрбиелеп, өсірген ортадан алдым деп ойлаймын. Өйткені, менің нағашы атамның інісі Шайхы деген кісі Құрманғазының елуге тарта күйін білген екен. Ал, Бүркітбай нағашым барған жерінде, отырған ортасында Сүгірдің термелерін төгілтіп өтіпті. Өз атам Кенжеғара жырау заманында елге белгілі кісі болған. Хиуа, Қарақалпақ елін аралап жыр айтқан кісі екен.

Қасқадан төбел туатынындай, мен де сол өнерден өрілген ұрпақтың бірімін. Жастайымнан ән айтып, үлкендерден бата алып өскен мені әке-шешем Қазақ Ұлттық өнер университетінің колледжіне түсіп, оны тәмамдаған соң университетке түсіп, оны әнші, жыршы мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Одан кейін тағы екі жыл магистратурада оқып, білім алдым. Қоржынымда 4 дастан, 200-ге тарта терме-жырлар, көптеген айтыстар бар. Мақтанғаным емес, кешегі жыр сүлейлері сынды бір таңға төтеп беретін өнерім бар деп айта аламын.

– Сіз дәстүрлі ән өнерінің өкілісіз. Эстрада саласында да еңбектеніп жүрген жайыңыз бар. Жалпы, осы екі өнердің қайсына көбірек көңіліңіз ауып тұрады?

– Бұл екеуі де қамшының өріміндей қатар өріліп жүретін дүниелер ғой. Сондықтан, екеуін де қатар алып жүруге тырысамын. Өйткені, заман солай, сұрау солай. Десек те, қазақтың қоңыр домбырасы жаныма жақын екенін жасырмаймын. Әлім келгенше қоңыр домбыраны заманауи тұрғыда эстрадамен байланыстырып, дәстүрлі әндерді орындауға талаптанып жатқан жайым бар.

Дәстүрлі әншілердің жартысынан көбі эстрада сахнасында өнер көрсетіп жүр. Эстрада мен дәстүрлі әнді қосақтап алып жүргендері де бар. Өз басым дәстүрлі ән өнерінің ауылынан алыс кеттім деп айта алмаймын. Ел алдына шыққанда да дәстүрлі әннің бояуын жоғалтпауға тырысамын. Әуенімде дәстүрлі әннің сарыны бар десем, қателеспеймін.

– Ең алғаш сахнада орындаған әніңіз есіңізде ме? Дәстүрлі әнмен шықтыңыз ба, әлде эстрадалық үлгідегі ән орындадыңыз ба?

– Ондай сәттер еш уақытта ұмытылмайды ғой. Мен ол кезде 11 жаста едім. Қалалық «Әнші балапан» байқауы өтетін болды да, мен соған Бекболат ағамыздың «Елім менің» әнімен шықтым. Бұл әнді дәстүрлі ән десек те, эстрадалық ән десек те болады. Екеуіне де сыйып тұр. Осы әнді орындап, жүлделі орын алған едім. Сол кездегі толқуым әлі есімде. Үлкен сахнаға алғаш шыққан кезім. Танымал әншілердің қолынан ұстамақ түгел көргенімізге мәз боп жүрген шағымыз. Сол әнді орындау кезіндегі толғанысым ерекше еді.

– Толғаныс пен толқу жайында айтып қалдыңыз. Бүгінде сахнаға бейімделген әншісіз. Дегенмен, сахнаға шығар алдында бойыңызды әлі де толқу билейді ме?

– Әрине! Иманды болғыр Роза Бағыланова апамыз да, Мәдина Ералиева апамыз да «15 адамның алдына шығып ән салсақ та қобалжып шығамыз. Кейін үйреніп кетеміз» дейді екен. Сахнаға шығар алдындағы әншінің қорқынышы оның жауапкершілігі деп есептеймін. Сахна саңлақтары солай деп жатса, біздің сахнаға қорықпай шығуымыз мүмкін емес. Қазірдің өзінде мен қобалжып тұрмын. Тыңдармандар, ел мені қалай қабылдар екен, олар күткен үмітті ақтай алар ма екенмін деген ой менікі.

– Сахна саңылағы деп жатырсыз. Өзіңіз ерекше құрмет тұтатын өнер саңылақтары кімдер?

– Қазақ өнеріне еңбегі сіңген майталмандарымыз көп. Алдыңғы буын ағалардың қай-қайсы болмасын мен үшін бір-бір тұлға. Олардың барлығының еңбегін білемін, бағалаймын. Ерекше атап айтар болсам, Мақпал Жүнісова апамның маған тигізген ықпалы зор. «Қазақтың ерке қызы» атанған әншімен Қазақстанның 5 облысын аралап концерт қойдық. Ұстаздарым Бекболат Тілеухан, Қайрат Байбосынов, Алмас Алматов ағалар мен Елмұра Жаңабергенова апайымның орны бір бөлек. Олардың дәстүрлі ән өнерінде жасап жатқан еңбектері зор.

– Елдің көбінің шығармашылық кеші «Өзіңе арнаймын», я болмаса «Жүрегім сен деп соғады» деген сынды үздігіп тұрады. Ал, сіздің кешіңіздің тақырыбы керісінше «Мен саған ғашық емес ем» деп аталады екен. Неге?

– Ұмытпасам, 2010 жылы болуы керек, Астана қаласында Фариза Оңғарсынованың 70 жылдық тойы өтетін болды. Сол тойға мен Фариза апамыздың «Мен саған ғашық емес ем» деген әнін алып шықтым. Ел ұнатты. Апамыз батасын берді.

– Жаңылыспасам, бұл әнді бұған дейін Табылды Досымов орындамайтын ба еді?

– Иә, әнін жазған да сол Табылды ағамыз ғой. Бірақ, мен ол әнді қазіргі заманға сай икемдеп, оранжировкасын жасап, заманауи үлгіде орындадым. Әрине, ағаларымның рұқсатын алдым ол үшін. Ел сондықтан да оны жақсы қабылдап жүр. Бұл менің сахнадағы төлқұжатым іспетті. Шығармашылық кешімді де солай атадым.

– Мұндай «төл туындыларыңыз» көп пе?

– Өнерде жүрген соң әр әнші өзінің жанына жақын әндерді репертуарына жинақтайды. Ол әндерді авторларымен бірлесіп жаздырады. Не болмаса оранжировка жасайды. Менің де сондай жиырмаға жуық жаныма жақын әндерім бар.

– Бүгін «әу» дейтіндердің бәрі ақын, сазгер болып алды ғой. Бұл жағынан қалайсыз?

– Таза қаражаяумын демеймін. Әнін өзім жазған бірді-екілі әнім бар. Бірақ, мен «Әркім өз ісімен айналысқаны дұрыс қой» дейтін жандардың қатарынанмын.

– Бұл кеш сіздің тырнақалды кешіңіз бе, әлде?..

– Тұсаукесер деген дұрыс шығар. Рас, бұған дейін Астананың төңірегінде біраз концерттер беріп жүрдім. Әйтсе де, сыртқа, үлкен қалаларға шығуым бірінші рет. Сол тырнақалды кешімнің тұсауын Ұлт ұясы – Ұлытау өңірінен бастағанды жөн көрдім. Сол үшін де кешегі Сырда туып қырда өскен ақын, жыршы, термеші ағамыз Шынболат атындағы кең сарайда кеш беруге келдім.

– Айтпақшы, термешілердің қалалық байқауына қатысып, қазылар алқасын басқардыңыз. Ізіңізді басар іні-қарындастарыңыздың қарымы қалай екен?

– Құдайға шүкір! Балалар өнерден құралақан емес екен. Әрине, Тайбурылдай қырық үш кемдіктері бар. Тәрбиелесе, үйретсе ертең-ақ топқа ұялмай қосатын өнерлі өрендерді байқадым. Олардың қанаттарының талмай, қадамдарының қарымды болуына тілектеспін.

– Әңгімеңізге көп рақмет! Шығармашылық табыстар тілеймін!

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.