«Қазақмыс» қамқорлықсыз қалдырмайды

«Қазақмыс» корпорациясының бас директоры Б.Қрықпышев Ш.Ділдебаев атындағы Мәдениет сарайында кеншілермен кездесті. Оған компаниядағы заңгерлік қызмет департаментінің директоры Р.Кабиева, тау-кен және кен байыту өндірістік кешендерінің басшылары С.Бәкіров пен А.Әрінов қатысты.

Басқосудың басты тақырыбы — жылдың жұмыс қорытындысы мен келесі жылы күшіне енетін жаңа Еңбек кодексі болды.

Қалыптасқан экономикалық және қаржылық жағдайға жан-жақты талдау жасаған бас директор компания кәсіпорындарындағы жалақы салада ғана емес, жалпы аймақ бойынша жоғары екендігін атап өтті. Соған қарамастан, қазіргі қымбатшылықты ескерген корпорация басшылығы жаңа жылдан бастап әр адамның жалақысына жаппай 20 000 теңгеден қосуға шешім қабылдады.

Бас директор басқосуда жылдың қорытындысымен берілетін ақшалай сыйлықты төлеудің тәртібіне тоқталды. Онда әркімнің еңбек өтілі мен өндірістік көрсеткіші, сонымен қатар қауіпсіздік техникасына қатысты қалыптасқан жағдай да ескеріледі. «Қазақмыстың» құрылымдық бөлімшелері арасында өткізілген қауіпсіздік пен еңбек қорғау жөніндегі жарыс қорытындысында жалпы 113 миллион теңгеден астам ақшалай сыйлық беріледі. Бұған жылдың қорытындысымен берілетін ақшалай сыйлық пен жаңа жылдан бастап әр адамның жалақысына жаппай қосылатын 20 000 теңге үстемені қосқанда компания 10 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсауды көздеп отыр.

— Қандай қиындыққа да қарамастан, компания адамдардың алаңсыз жұмыс істеп, келешекке сеніммен қарауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Бүгінде басым бағыттың бірі — өндіріс көлемін сақтап қалу ғана емес, компанияны дамыту. Бұл міндетті шешу үшін ірі көлемді инвестиция қажет. Қазір мыстың тоннасы — шамамен 4500 доллар, сондықтан «Қазақмыс» алдағы үш жылда компанияның кәсіпорындары мен активтерін кеңейту мен жаңғырту үшін 952 миллион доллар жұмсамақшы. Табысты және қауіпсіз жұмыс істеудің жағдайы жасалған, қалғаны әркімнің өз қолында, — деді бас директор Б.Қрықпышев.

Келесі жылы күшіне енетін жуырда қабылданған жаңа Еңбек кодексі жөнінде «Қазақмыстағы» заңгерлік қызмет департаментінің директоры Р.Кабиева әңгімеледі. Құжат ел мен қоғам алдында тұрған міндет пен уақыт талабына сәйкестендірілген. Ең бастысы — адамдардың базалық еңбек кепілдігі бекітілген.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.