Үлкен жол

20151218-02-3Қазақтан мынандай ескірмейтін есті сөз қалған: «Ел іші — өнер кеніші». Осыған Тәуелсіздік мерекесіне орай аймақтық ұлттық өнер орталығы ұйымдастырған «Нағыз қазақ — қазақ емес,..» атты күй мен халық әнін орындаушылардың қалалық фестивалінде тағы бір көз жеткізгендей болдық.

Бұдан екі жыл бұрын тұсауы кесілген аймақтық ұлттық өнер орталығында қазір онға тарта үйірме жұмыс істейді екен. Бәрінің бағыты — ұлттық құндылықтарды қастерлеп қана қоймай, жас жеткіншектің соған деген ынта-ықыласын ояту. Бүгін бірінші рет сарапшылар алдына шыққан екі үйірме мүшелерінің өнерінен осындай орталық ұйымдастырғандағы негізгі мақсат ойдағыдай орындалып жатқандығын айқын аңғардық.

Фестивальдің атына қарап «таразы басын күй тартады-ау» деп топшылағанбыз. Қазақиландырған түрі екен. Әйтпесе, дәстүрлі ән айтқандар да аз болған жоқ. Көрген адамның көңілін көтеріп, әдемі әсер қалдырған кездесу тәнті қылды. Балалардың бойында ұлттық өнерге деген махаббатты оята білген күй мен терме және дәстүрлі ән үйірмелерінің жетекшілері Балтабай Сағидоллаев пен Райхан Оразбековаға риза болдық. Қазір мұндай жастағы балалардың қолынан ұялы телефон түспейді, үйіне барса компьютердің алдынан кетпейді. Арғы жағын айтпай-ақ қояйық…

Өнер әлемінің бастапқы баспалдағына аяқ артқалы тұрған балалардың қарым-қабілетін әдейі қазбаламай отырмыз. Кім біледі, болашақ өнер жұлдыздары осылардың ортасында жүрген шығар?! Талантын талғам таразысына тартуды болашақтың еншісіне қалдырдық. Тек бір бала ерекше есте қалып қойды. Домбыра қағысы бөлек екен. Аты-жөні — Абай Нарбаев.

Әлібек ӘБДІРАШ. Суретті түсірген Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.