Үлгі болар отбасы осындай-ақ болсын де

Қаламызда мәуелі бәйтерекке айналып, үлкен шаңырақ атанып отырған отбасылары көп-ақ. Алайда, әке мен ананың есімін, атақ-даңқын елге таныта алып жүрген отбасыларының қатары аз.

Ғұлама ғалым, академик Қаныш Сәтбаевпен қатар жүріп, жұмыс істеген, дәмдес, сыйлас болған Халық Темірбаевты қаланың қалың жұртшылығы, әсіресе ауыл ақсақалдары жақсы біледі. Сол Халық ақсақал мен Айсара әжейден тараған бес ұл, төрт қыз бүгінде тамырын тереңге тартқан бәйтерекке айналды.  Асылдың сынығындай болған Халық ақсақалдың ұрпақтары елдің игілігі жолында еңбек етіп жүр. Соның бірі –  Ақмарал Темірбаева қаламыздағы Б.Бұлқышев атындағы орталық кітапханада көп жылдан бері қызмет етуде.

Өткен бейсенбі күні Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевты қолдау қоғамдық штабының жоспарына сай, орталық кітапханада «Отбасы берекесі – елдің берекесі» атты іс-шара өткізілді. Кездесуді Ақмарал Халыққызы өзі жүргізіп отырды.

– Кештің маңызы – кейінгі ұрпаққа әкеміздің кім болғанын, ел үшін қандай еңбегі сіңгенін жеткізу. Оның әулеті жайында көпшілікке таныстыру, – деген Ақмарал Темірбаева өзінің жеке архивінен «Біз қарт емен, тамырын терең жайған» деген тақырыпта бейнефильм көрсетті. Бұл бейнефильмді көрсете отырып, Ақмарал Халыққызы әкесі мен анасы жайында жиналғандарға мағұлмат берді: – Әкеміз бен анамыз хат танымаса да, көзі ашық, көкірегі ояу жандар болатын. Әкеміз «Стахановшы» деген атаққа іліккендердің қатарында болды. 1949 жылы Қаныш Сәтбаев 50 жасқа толғанда түсірілген бір деректі фильмде әкеміздің Қаныш Имантайұлының иығына шапан жауып тұрған эпизоды бар. Әкеміз ел басына түскен қиыншылықтарда қолындағы барын тұрмысы нашар отбасыларымен бөліскен жан еді, – деді.

Бейнефильм барысында Халық ақсақалдың Қаныш Сәтбаевпен түскен суреттері көрсетілді. А.Темірбаева әкесіне арнаған өлеңін оқыды. Одан кейін көзіне жас алып, анасы Айсара жайында да сыр шертті: – Ел қадірлеген әкеміздің асыл жары болған Айсара анамыз сексеннен асып өмірден өтті. Өзінен өрбіген балаларынан немере, шөбере, шөпшек көрді. Соларға аналық ақ батасын берді.

Бейнефильмді көре отырып, Халық ақсақалдың тектілігі балаларына да  жұғысты болғанын байқадық. Балаларының бәрі бір-бір мамандық иесі атанумен қатар, парасат иелері екеніне көз жетті.
Кешке келген қонақтардан Оқушылар сарайының басшысы, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Мәуия Бекмағанбетова, «Шарайна» газетінің бас редакторы Майра Жаппасбаева, аталмыш кітапхананың басшысы Ж.Мизамбаева Ақмарал Темірбаеваның қалада алғаш болып мұндай істі бастап жатқанына ризашылықтарын білдірді.

Бес ұл, төрт қыздан өрбіген ұрпақтың қолынан шай ішіп, батасын берген Айсара әжейдің өмірден өткеніне бір жарым жылдан асыпты. Ал, Халық әкейдің өмірден өткеніне біраз жылдың жүзі болған.

«Отан – отбасынан басталады» десек, әрбір отбасы өз өнегесімен үлгі болып жатса қоғамның дамуына қосқан үлесі болар еді. Ақмарал Темірбаеваның бұл игі ісін басқа да өнегелі отбасыларының ұрпақтары да қолға алады деп ойлаймыз.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.