Қыпшақ хандығы

Кеңес кезінде қыпшақ-армян сөздігі, «Кодекус-Куманикус» кітабының көшірмесі сияқты біраз дүние ғылыми айналымға енгені белгілі. Ал, таяуда Армениядан табылған көнеқыпшақ тіліндегі жазу туралы әлеуметтік желіде әркім әрқалай пікір айтуда. Кейбіреуі армян алфавитімен жазылған көнеқыпшақ мәтініне шүбә келтірсе, енді бірі «қазақ деген ол заманда мүлде болмаған» деп көрсоқырлық көрсетуде.

Сонау Сақ, Ғұн дәуірінен бері келе жатқан (кейін өз хандығы да болған) көптеген көне тайпа қазіргі Қазақ ұлтын құраған. Сондықтан, сақ-ғұннан бастап бүгінгі түркі халықтары сияқты Қазақтың да оларды ата-баба санауға құқы бар. Ал, Ертістен Дунайға дейінгі алып аймақта 900-ші жылдардан 1220 жылға дейін (Шыңғысхан басқыншылығы басталғанға дейін) үш жүз жыл өмір сүрген алып империя — Дешті Қыпшақ бүгінгі Қазақ мемлекетінің бір бастауы. Себебі, Дешті Қыпшақ аумағына қазіргі Қазақстан көлемі түгел кірген. Сондықтан, Қыпшақ хандығының тікелей мұрагеріміз десек қателеспейміз.

Қыпшақтарға қатысты алғашқы ақпарат Қытай жазба дерегінде кездеседі. Олар әуелі Алтай, Саян тауларының баурайын мекендеген. VII ғасырда қазіргі Қазақстан жеріне Алтайдағы телэ тайпасының құрамында қоныс аударып келген. VII-X ғасырларда қыпшақ этникалық қауымдастығының ұзаққа созылған қалыптасу үдерісі өтті. Оны үш кезеңге бөліп қарауға болады.

Бірінші кезең, қыпшақ-тардың қимақ тайпалық одағында болуы: VII ғасырдың екінші жартысынан VIII ғасырдың соңына дейін. Екінші кезең: VIII ғасырдың аяғы – XI ғасырдың басы. Бұл кезде қыпшақтар Алтай және Ертістен Орал тауы мен Еділге дейін қоныс тепті. Қыпшақ тайпалық одағына Мұғалжардағы құмандар мен қимақ кірді. Қыпшақтар Сырдария, Қаратау бойындағы қалаларды өзіне бағындырды.

XI ғасырдың орта кезінен бастап қыпшақтар қазіргі Волгадан (Еділден) батысқа қарай жылжыды, сөйтіп, шығыс Еуропа елдерімен, орыс княздіктерімен, Византиямен, Венгриямен шектесті. Ұлан-байтақ қыпшақтар мекендеген жерлер «Дешті қыпшақ», яғни «Қыпшақ даласы» деп аталды. Ал, қыпшақтар Батыс Еуропа деректерінде «құмандар», орыс жылнамаларында «половцылар» деп көрсетілді.

XI ғасырдың екінші жартысынан бастап 1219 жылға дейін қыпшақ тайпалық одағы дамуының үшінші кезеңі жүрді. Осы кезде қыпшақ хандарының мәртебесі, күш-қуаты өсті. Олардың этникалық құрамы өзгеріп, қимақ, құман, ертедегі башқұрт, оғыз,т.б. тайпалар кірді. Сондай-ақ, қыпшақтардың этнос болып қалыптасуына түрік тілді қаңлылар, ұрандар, Шығыс Түркістаннан келген баяттар, түргештер, қарлұқтар, шігілдер әсерін тигізді. Бұл кезде қыпшақ хандары өз иелігін оңтүстікте Таразға дейін жеткізіп, қарахандықтармен шектесті. Олардың арасындағы шекара — Балқаш көлі және Алакөл ойпаты болды.

XII ғасырда қыпшақ тайпалары Алтайда, Ертістің жоғарғы жағында найман, қаңлы, керейтпен шектесті, солтүстікте қырғыз және хакаспен көрші болды. XI-XII ғасырларда Алтай мен Ертістен бастап Карпат пен Дунайға дейін созылған даланы мекендеген халықтың бәрі «қыпшақтар» деп аталды. Қыпшақ тайпаларының басында қаған, одан төмен қарай хан, тархан, басқақа, бек, байлар тұрды.

Қыпшақ хандары Орта Азия мемлекеттерімен, әсіресе, Хорезм шахтары және салжұқтармен табанды күрес жүргізді. 1065 жылы салжұқтар билеушісі Алып Арсылан Маңғыстауға шабуыл жасады. Қыпшақтарды жеңгеннен кейін, ол Жент пен Сауранға жорыққа шықты. Соғыста жеңіліс тапқан қыпшақ тайпаларының бір бөлігі Хорасан сал-жұқтарына тәуелділікке түсті.

1096 жылы «Құдіретті» хан бастаған қыпшақ әскері Хорезмге жорық жасады, бірақ ол сәтсіз аяқталды. XI ғасырдың аяғы мен XII ғасырдың бас кезінде Жент, Янгикент, Сырдарияның төменгі сағасындағы тағы басқа қалалар қыпшақ көсемдерінің қолына қараған. Хорезмшах Атсыз (1127–1156 жж.) Жентті жаулап алады, сонан соң солтүстікке қарай бет алып, өз қарауына Маңғыстауды да қосады.

1133 жылы Жент қаласынан Дешті Қыпшақ даласына жойқын жорық жасаған Атсыз қыпшақтарды ойсырата жеңеді. Осы кезден бастап қыпшақ хандығының ыдырауы басталады. Оған себеп болған негізгі жәйттер: қыпшақ тайпалары ақсүйектерінің арасында Хорезмді жақтаушылардың көбеюі, қыпшақтарға қарсы қаңлылардың аса ірі бірлестігінің құрылуы, өкімет билігі үшін өзара әулетті қырқыстың күшеюі еді. Мәселен, Қыпшақ билеушісі Қадыр-Бүке хан мен оның немере інісі Алып-Деректің арасындағы тақ үшін бітіспес таласты Хорезм билеушілері, әсіресе, Текеш пен Мұхаммед, тиімді пайдалануға тырысты. Қыпшақтардың орталығы Сығанақты басып алуға әрекет жасады. 1195 жылы Текеш (1172–1200 жж.) жорыққа аттанады. Алайда, айқас кезінде түріктердің ұран тайпасынан құрылған сарбаздар Қадыр-Бүкемен ымыраласып, сатылып кетеді. Текеш талқандалған әскерінің қалдығымен Хорезмге қайтады.

1198 жылы Текештің ұлы Мұхаммед Алып-Дерекпен одақтасып Қадыр-Бүкеге қарсы қайта жорық жасады. Соғыста Қадыр-Бүке жеңіліп, Хорезмге жеткізілді. Хан билігі Алып-Дерекке көшті. Қыпшақ ханының одан әрі күшейіп кетуінен қорыққан Текеш Қадыр-Бүкені босатып, оған Хорезмнің көп әскерін беріп, Алып-Дерекке қарсы аттандырды. Шайқаста Алып-Дерек әскері жеңілді, бірақ қыпшақ билігін қолына алған Қадыр-Бүке хан Хорезмшахқа тәуелді болып қалды.

Хорезм шахы Мұхаммед (1200–1220 жж.) XIII ғасырдың бас кезінде Сығанақты қосып алады. Одан айырылып қалғанына қарамастан, қыпшақ хандары Хорезмге қарсы күресті жалғастыра береді. 1216 жылы қыпшақ билеушісі Қайырханға қарсы аттанған әскери жорықтарының бірінде ол Ырғызға дейін жетеді. Осы кезде Торғай даласында қыпшақтарға қашып кірген меркітті қуып келе жатқан Шыңғысхан қолымен қақтығысып қалады. Бұл — моңғолдардың Қазақстан жеріне алғаш аяқ басуы еді. Сөйтіп, моңғол басқыншылығы дәуірі басталды. Шыңғыс хан шапқыншылығы қарсаңында қыпшақтар ыдырау алдында тұрды…

Баба тарихты Сақ, Ғұн, Қаңлы, Түркі хандық-қағандығынан таратсақ, Түркілердің жалғасы — осы Дешті Қыпшақ мемлекеті. Жошы Ұлысы, Алтын Орда тарих сахнасына одан кейін шықты. Ақыр Әбілхайыр хандығынан бөлініп шыққандар Қазақ хандығының негізін қалады.

Әлібек ӘБДІРАШ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Комментарии закрыты.