Ұлы той ұлытауда басталды, таразда түйінделді

20151225-04-1Ұлт ұясы – Ұлытау талай тарихтың куәгері. Ұлы хандарымыз бен батыр бабаларымыз жатқан алтын мекен. Осы өлкеде шартарапқа жар салып, сауын айтылып, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы басталды.

Ұлытау – қазақ халқы үшін тарихи, мәдени маңызы зор өлке. Сондықтан ұлт тойының ұлы мекенде өтуі құптарлық оқиға. Қазақ мемлекетінің 550 жылдығын тойлау осы жерден басталуы да заңдылық. Себебі, қазақ этносының шоғырланған орталығы осында болды, хандарымыз ақ киізге отырған жер – осы Ұлытау. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақтар шегінуге мәжбүр болып, Ұлытау өлкесін паналады. Кейін қалың күш жинап, бостандық үшін күресті. Жоңғарларды ойсыратқан екі ірі соғыс осы Ұлытауда Бұланты-Білеуті өзенінің жағасында өтті. Осы тарихи оқиғаға орай Бұланты шайқасына арнап арнайы стелла да мерейтойға орайластырылып орнатылды. Сондай айтушы шараларға қатысу мақсатында үш жүздің басы біріккен қасиетті мекенге арнайы атбасын тіреп, Алматы мен Астанадан қадірлі қонақтар келді. Олардың қатарында Мемлекеттік қоғам қайраткерлері Мұрат Әуезов, Мәди Артығалиев, Халық қаһарманы, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Әнес Сарай, Қажығали Мұхамбетқалиев, Қойшығара Салғараұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, Мемлекеттік тарих институты директорының орынбасары Радик Темірғалиев, «Қазақстан әйелдері» журналының бас редакторы, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова, қоғам қайраткері Серік Тілеубаев және т.б. болды.

Ұлытау кентінде «Ұлытау – ұлт бесігі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ғылыми-практикалық конференцияда көрнекті тарихшылар, жазушылар мен ғалымдар баяндама мен зерттеулерін жұрт назарына ұсынды. Конференцияға жиналған ғалымдар Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының Ұлытауда өтуінің маңызы зор екенін атап өтіп, өздерінің Қазақ хандығына қатысты тың зерттеулерін ортаға салды.

Ұлт ұясы – Ұлытаудан бастау алған торқалы той күзге салым Тараз қаласында түйінделді. Оның да тарихи себептері бар. 1465 — 1466 жылдары Керей мен Жәнібектің Батыс Жетісуды құтты мекен етіп, Шудағы Қозыбасыдағы қазақ хандығының ұлттық туын тігіп, Орда құруы ең алдымен, көшпелі қазақтардың ел болып, еңсе көтерсек деген ынта — үмітін жүзеге асырды. Таразда өткен іс-шараларда осы тарихи жәдігерлер жаңғыртылып, елдің есінде мәңгі қаларлықтай әсер етті.

Айгүл Төлендина, Сәтбаев қалалық мұрағаттың басшысы.

Комментарии закрыты.