Бейнетпен жүріп есейген

20151225-03-1«Зымыраған қайран уақыт. Күні кеше ғана аласапыран заманның зарын көрген буын бүгін шау тартып, таяққа сүйенетін болдық. Өткен кезең біздің балалық шағымызды ұрласа, бүгінгі тыныш бейбіт өмір қарттықтың кемесінде немере-шөберенің қызығын қызықтауды нәсіп етіп отыр», – деп бастады бізбен әңгімесін асылдың тұяғы, Ұлытау атырабына аты шыққан Нысанбай байдың қызы Дина әжей.

Тоқсанның екісіне келіп, өмірден түйгендерін ұрпағына сыр ғып шертіп отырған Дина Нысанбайқызы мен оның марқұм жолдасы Жұмағұл Байтоқұлы – аймағымызға танымал тыл ардагерлері.

Жұмағұл Байтоқұлы 1906 жылы Ұлытау ауданының Толыбай деген жерінде дүниеге келген. Төрт жасында әкеден айырылған бала Жұмағұл өз бетінше арабша хат танып, сауат ашады. Тұрмыс жағдайы нашарлаған отбасы Қарсақбайға келіп, шағын қалашықтағы әр салада еңбек етеді. Жұмағұл да ауылшаруашылық саласында өзінің шама-шарқы келетін шаруаларды тындыра жүріп, еңбектің ащы дәмін татады. Бір сөзбен айтқанда, екеуі де бейнетпен жүріп есейген жандар.

Олар соғысқа дейін Қарсақбайда көп ұзамай-ақ шаңырақ көтеріп, өмірдің алдағы қиындықтарын бірге көріп, бірге жеңеді. Дина әжей Қарсақбай жұртшылығына жақсылығымен аты шыққан Нысанбай атаның қызы.

– Біз отау тігіп, шаңырақ құрғаннан кейін, Ұлы Отан соғысы басталды. Жұмағұл ол кезде тұрмыстық комбинаттың директоры болды. Мен кітапханада еңбек еттім. Тұрмыстың қиюы қашты. Соғысқа жарамды жас жігіттердің барлығы майдан даласына аттанды. Өндіріс ошағы іске қосылған қалашықтың өзге де шаруашылығын тұралатпай ұстап тұру үшін тыл еңбегіне араластық. Отағасымды «еңбек армиясына үлес қосасың» деп бізді Балқашқа жіберді. Онда да Жұмағұл әкелерің сол комбинаттың басшылығында, мен кітапханада еңбек еттім. Кітапханашы деген аты болмаса, күні-түні далада жүрдік. Шөп ору, оны баулау сынды жұмыстардан бөлек, түнде айдың жарығында, майшаммен шұлық, қолғап, кеудеше тоқитынбыз. Оны пошталарға жеткізіп, майдан даласына салып жіберетінбіз. Менің жолдасымның Жұмабай, Жүндебай, Жарасбай, Смаил деген бауырлары майдан даласынан туған даласына қайта оралмады.

Балқашта соғыс аяқталғанға дейін еңбек етіп, 1945 жылдың соңында Ұлытауға келдік. Ол кезде Ұлытауда Әбдіхамит Қоңырқұлжин деген кісі басшы болатын. Өте қайырымды, бауырмал жан еді. Жұмекеңді алдымен парткомхатшысы, кейін «Аманкелді» совхозының директорының орынбасары етіп тағайындады. Зейнеткерлікке шыққанша бұл міндетін абыроймен өтеді. Ал, өзім Қорғантас ауылында су, қар өлшеуші болып жұмыс жасадым. Сөйтіп жүріп өмірге әкелген балаларды ер жеткізіп, ұлды ұяға қондырдық. Кейін қалаға көшіп келіп, кенішке жұмысқа тұрдым. Ақыры Солтүстік Жезқазған кенішінен зейнеткерлікке шықтым – дейді кейуана.

Тұтас бір дәуірдің шежіресіне айналған Дина әжей қазір ортаншы ұлы Мейіржан мен Аманбала келінінің қолында.

Мейіржан ағай 35 жыл №57 шахтада еңбек етіп, 2009 жылы зейнеткерлікке шыққан. Ал, Аманбала тәте №25 орта мектепте кітапханашы қызметін абыроймен атқарып жүр. Дина ананың кіндігінен тараған өзге де балалар өмірден өз орындарын тапқан, бір-бір үйдің иелері.

«Басым ауырғанда шөберелердің маңдайынан иіскеп мауқымды басамын» деп қалды сөз арасында Дина әжей. Дәрі-дәрмек іздеп, дәріханаларды шарламайды. Ол үшін ең қуатты, шарапатты дәрілер – шөберелері. Осыдан артық бақыт болуы мүмкін бе?

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.