Қайырымы мол қастерлі іс

20151225-02-4«Нұр Отан» партиясының «Бақытты балалық» жобасы аясында «Болашаққа қаржы саламыз!» акциясы Сәтбаев қаласында да кең қолдауға ие болды. Акция аясында қалада 10 балаға мемлекеттік білім берудің жинақтау жүйесі бойынша ақшалай салым шоты ашылмақ…

– Елбасы партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Білімге салынған инвестиция – болашаққа салынған қаржы» деп атап өткен болатын. Бұл білімге салынған инвестицияның араға жылдар салып еселеп қайтатынын меңзеп, ұрпақтың білімі мен ой-санасының ұшқыр болуы жолында ештеңе аямайтын елдің еңсесі биік екенін дәлелдейді. Осы мақсатта «Нұр Отан» партиясының «Бақытты балалық» жобасы аясында «Болашаққа қаржы саламыз!» акциясы ағымдағы жылдың 7 шілдесінде Астанада басталған болатын. Қазір ол елдің барлық аймақтарында қызу жалғасып жатыр, – дейді бас партияның Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев.

Жаңбырбай Әбжәметұлының сөзіне қарағанда, «Бақытты балалық» жобасы бойынша іске асырылып жатқан «Болашаққа қаржы саламыз!» акциясы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған. Яғни, екінші дәрежедегі банктерге ақшалай қаржы жинақтау жолымен балалардың жоғары білім алуына ықпал ету мақсатында ұйымдастырылуда. Аталмыш шараға қалалық мәслихаттың депутаттары мен қала кәсіпкерлері атсалысуда.

Орайы келгенде айта кетейік, бүгінгі күнге дейін қаламызда ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бес балаға осындай шот ашылған екен. Оларға Қайрат Керімқұлов, Қайрат Мейрамұлы, Сұлтанбек Мырзақоңыров, Владимир Юстус, Тоғызбай Тәжбенов сынды қалалық мәслихаттың депутаттары демеушілік жасап, 15 мың теңгеден алғашқы жарналарын төлеп берді.

Дүйсенбі күні «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалына тағы да үш ата-ана келіп өздерінің қамқорлықтарына алған балаларға білім берудің жинақтау жүйесі бойынша салым ашуға кеңес алды. Жалпы, бұл ата-аналар қалалық қамқорлық бөлімінің ұйғарымымен келгендер.

Мәселен, Ибраһим Әбдірахмановты ата-анасы қайтыс болғандықтан әжесі Гүлмира Әбдірахманова өзінің қамқорлығына алған екен. Ал, Тамара Дүйсенбаева ағасының баласы Әділ Мұхаммедті, Янтурина Фарида да сіңілісінің 11 жасар ұлы Дмитрий Сотниковты бауырына басқан. Екі бала да тұлдыр жетім.

Филиал төрағасының бірінші орынбасары келген кісілерге шот ашудың жолдары мен тәртібін түсіндіріп, олардың алғашқы демеушілігін қаламыздың кәсіпкерлік қауымдастығы, яғни Алаш Тұрлыбек бастаған кәсіпкерлер алып отырғанын жеткізді.

Қайырымы бол қастерлі іс қалада осылай басталды.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.