«Мен мәскеуде тұра алмаймын»

Ресейдің екі мәрте Ауылшаруашылығы Министрі, 1997-1998 жылдары Ресей Үкіметі Төрағасының орынбасары қызметтерінде болған Виктор Николаевич Хлыстуннің әкесіне мәңгілік мекен Сәтбаевтың топырағынан бұйырғанын білесіз бе? Көпшілігіміздің мұны біле қоймайтынымыз анық.

Әрине, мұндайда «баласы анандай қызметте отырса, әкесін неғып Мәскеуге алып кетпеген? Бәлкім, екеуінің арасы жақсы болмаған шығар?» дейтін де ойлар туындауы мүмкін.

Николай Егорович Көкшетауда, Бурабайда еңбек еткен, Сәтбаевқа кейінірек көшіп келген. Ал, Виктор Николаевич сол Бурабайда туған. Ол еңбек жолын Соколов — Сарыбай кен комбинатында экскаваторшының көмекшісі болудан бастаған. Кейін Мәскеуде институтқа түсіп, кейін оқуын аспирантурада жалғастырған. Ол кісі – негізі ғалым адам, экономика ғылымының докторы, академик. Қазіргі кезде Ресей агроөнеркәсібі халықаралық инвестициялар орталығының бас директоры. Жә, ең басты айтпағымыз басқа еді ғой.

Қазіргі Абай көшесі мен Қаныш Сәтбаев даңғылының түйіскен тұсында орналасқан үйлердің алдына аяқ астынан асфальт төселді. Ол кезде асфальт төсеу деген таңсық көрінетін. Бұл – 90-жылдардың аяқ кезі болатын, асфальт төсемек түгілі, ас-суымызды әзер айырып отырған уақыт еді. Сол үйде тұратын танысымды жолықтырып қалдым да, «сендерге неғып айрықша жағдай жасалып жатыр?» деп қалжыңдаған болдым. Әлгі танысым «біздің үйде тұратын министрдің әкесі өліп қалыпты ғой, біздің әкімдер «министрден ұят болмасын» деп жатқан шығар» деген ойын айтты. Баласы Ресейдегі дәу бастықтың әкесінің біздің қалада тұратынын сонда алғаш рет естіген едім. «Похорон» да өтті. Ішінде болмасақ та, әкімдіктен біраз адамдардың барғанын, басқа жақтан да бірталай дөкейлердің жиналғанын көрдік. «Министр болған, «зампред» болған баласы неге әкесін Мәскеуге алып кетпеді екен?». Неге екенін қайдам, мені осы бір сұрақ қызықтырды. Біледі-ау дегендерден сұрастыра жүріп, жауабын тапқандай да болдым. Ақсақал Қазақстанды Ресейге айырбастай алмаған. «Оны ұлы Мәскеуге үш мәрте алып кеткен, бірақ, Николай Егорович үшеуінде де «Мәскеуің – өзіңе, маған Қазақстаным қымбат» деп қайтып келіпті. Біздің қазақ «ер – туған жеріне» деп бекер айтпайды-ау, сірә?!

Абдолла ДАСТАНОВ.

Комментарии закрыты.