«Вы так прекрасно представили наш Казахстан»

20151225-05-2Биылғы 9 мамырда Санкт-Петербургтің маңындағы Синявино поселкесінде болуға тура келді. Соғыста «хабарсыз кетті» деп саналатын атам Дастанның жатқан жерін 70 жылдан соң тауып, ұлым Батыржан екеуміз ата рухына тағзым ете барған едік. Митингіге сәл кешігіңкіреп жеттік. Ұйымдастырушылардан рұқсат сұрап, шала-шарпы орысшамызбен бір-екі ауыз тілегімізді айтып, поселке басшылығына арнайы алып барған Алғыс хатымызды, сый-сияпатымызды табыстадық. Бірақ,ең бастысы бұл емес.

Сөйлеп біткенім сол-ақ екен, «біз де Қазақстаннанбыз! Біздің Қазақстанымызды қалай тамаша таныта білдіңіз. Сіз сөйлеп жатқанда, қасымыздағыларға «біздің жерлес, отандас» деп қуанып тұрдық» деп өзім бұрын-соңды жүзін көрмеген бір топ басқа ұлт өкілдері келіп, бауырларына қысып, құшақтап, бетімнен сүйіп жатқанда шынымды айтайын, көңілім босап кетті. Бірі – Павлодардан, бірі – Тараздан, енді бірі – Петропавлдан және т.т. екен. Олар да соғыста қаза тапқан әкелеріне, аталарына тағзым ете барған көрінеді. Маған олардың «Вы прекрасно представили наш Казахстан» деген сөздері кереметтей әсер етті. Орыстың елінде, жерінде, төрінде тұрып, біздің елдегі орыс ұлты өкілдерінің «біздің Қазақстан» дегенді аса зор мақтанышпен айтып тұрғандарын көргенде қалайша тебіренбейсің? Бұл дегеніңіз – ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтаралық татулықты нығайту бағытында жүргізіп келе жатқан саясатының нақты жемісі емес пе? Сол татулықты, достықты нығайта берсек, ұтарымыздың да молая түсетіні күмәнсіз.

Абдолла ДАСТАНОВ.

Комментарии закрыты.