Мәлім де беймәлім желтоқсан

Ғаламтордағы ақпараттарға сүйенер болсақ, қазақ 300 жыл бойы отарлау саясатының тегеурінді тепкісін көріп, сол бұғаудан шығу үшін 300-ден астам (кейбір деректерде 400-ге жуық) ірілі-ұсақты көтеріліс жасаған екен. 1986 жылы Алматыда болған «Желтоқсан оқиғасы» соның соңғысы және нәтижелісі. Осы оқиғадан кейін ата-бабаларымыз соншама жыл армандағын азаттыққа қол жеткіздік. Биыл Тәуелсіздігімізге түрткі болған сол Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл толмақ…

Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, отыз жыл да аз уақыт емес. Осы жылы туған азамат ат жалын тартып мініп, қазақ айтатын «орда бұзар» жасқа келеді екен. Әйтсе де, сол уақыттан бері жастарымыздың ақ қар мен көк мұзға тамған қаны мен көз жасының бағасын дұрыс бере алдық па? Қолда бар кейбір деректерге қарағанда Желтоқсанның сол бір ызғарлы күндерінде 20 мыңға жуық азаматымыз алаңға шығып, әділдікті талап еткен екен…

Бүгінде, Желтоқсанның сол бір дүрбелеңін біреулер бейбіт шеру, енді біреулер оқиға, ал үшінші бір топ толқу деп бағаласа, төртінші бір топ «бұл ұлт-азаттық көтеріліс» дейді. Осы бір мәселенің басын ашып алу үшін оны ой-таразысына салып, безбендеп көргенді жөн санадық.

Дінмұхамед Қонаевтың Қазақстан Ком­партиясы Орталық Комитетінің бірінші хат­шы­лығынан алынып, оның орнына Геннадий Колбиннің сайлануы жергілікті халықтың наразылығын туғызды. Бұл, саяси тұрғыдан алсақ, жай ғана наразылық емес, сол тұстағы қазақ халқының ұлттық санасының көте­ріл­ге­нін көрсетеді. Желтоқсан оқиғасына қатысты деректерге қарағанда, 17 желтоқсан күні ер­теңгісін алаңға шыққандардың қарасы 300-ге жуық қана болса, кешкісін олар­дың саны 10 мыңнан асып кетті. Ал, 18 желтоқсан күні бұлардың қатары 20 мыңға жуықтапты. Демек, «Әр ұлттың өз басшысы болсын» деген ұранды ту еткен қазақтың ұл-қызы бейбіт түрде күресіп, саяси көзқарастарын біл­діргісі келді. Олар «билік қарсы күш қол­данады» деген ойдан аулақ болды.

Әйтсе де, жағдай мүлдем басқаша сипат алды. Ол аз уақыт ішінде бейбіт шеруден көрі ұлттық толқуға ұласып бара жатты. Қазақ ұлтының азаматтары жан-жақтан Алматыға ағылып, нәтижесінде қалаға кіретін барлық жолдар жабылды. Осылайша жастардың бейбіт шеруі түс ауа стихиялық қозғалысқа, наразылыққа ұласты. Бұл наразылық саяси шие­ле­ніс­ке әкелді. Саясаттану ғылымында саяси шиеленіс соңы қантөгіске апаратыны айтылған. Яғни, бейбіт шеру – толқуға, ал толқу саяси шиеленіске айналып, оқиғалық сипат алды.

Бірақ, Желтоқсан дүрбелеңін тек саяси оқиға деп тар шеңберде қарауға бол­май­ды. Неге? Ғылым тілімен айтсақ, саяси оқи­ға дегеніміз – қалыпты өмір ағы­мын­да­ғы өзгеріс, санаға сілкініс әкелетін жайт екені мәлім. Мұндай оқиғалар адамның еркі мен санасынан тыс, өзіндік себептерден туын­дайды екен. Егер де билік қарулы күш қол­данып, жастарды күштеп таратпағанда, ешкімді қудаламай, бар мәселені бейбіт жолмен шешкенде, Желтоқсан дүрбелеңі саяси оқиға деңгейінде қалар еді. Бірақ…

2007 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов ресми түрде бұл оқиғаға Желтоқсан ұлт-азаттық көте­рі­лісі деп баға бергенін көзі қарақты оқырман ұмыта қоймаған шығар. Тағы да ғылыми теорияға сүйенсек, ұлт-азаттық көтеріліс дегеніміз – Тәуелсіздікті жеңіп алуға, шетелдік үстемдікті, отарлық езгі мен қанауды жоюға бағытталған күрес екен. 1986 жылғы Жел­тоқсан қақтығысы осы айтылған сипатқа толығымен келеді. Оған тағы да бірнеше деректер келтіруге болады. Біріншіден, Желтоқсан оқиғасы 70 жыл бойы өз үстемдігін жүргізген Кеңестер Одағының құлауына себепші болды. Осы көтерілістен кейін Балтық жағалауы елде­рін­де, Грузия, Әзірбайжан сында кешегі «Ортақ шаңырақ астындағы» он бес рес­пуб­ликада саяси толқулар орын алды. Екіншіден, ресми деректерге сүйенсек, Желтоқсан көтерілісіне қатысқан 9 мыңға жуық азаматымыз зорлық-зомбылықтың, қинау мен жазықсыз жазаланудың құр­ба­ны болды. Тағы да ғаламтордағы деректерге жүгінсек, сол қаһарлы күндері 2500-ге жуық адам тұтқындалыпты (ІІМ дерегі бойынша – 2336 адам, ҰҚК дерегі бойынша – 2212, Прокуратураның дерегі бойынша – 2401 адам). Күшпен ұсталған жә­не уақытша қамау изоляторларына қамал­ған 8,5 мың желтоқсаншы қақаған қыста жалаңаш қала сыртына шығарылып тасталған. Ал, ресми деректерде жарақат алғандардың саны 763-тен 1137 адамға дейін деп көрсетілсе, Мұхтар Шаханов басқарған комиссия олардың саны 1,7 мың адам болғанын айтады. Осы бір сандардан-ақ бұл жай ғана оқиға немесе толқу еді деп баға беруге болмайтынын аңғарасыз. Үшіншіден, Желтоқсан көтерілісін ұйым­дастырды деген айыппен 758 студент оқудан шығарылып, 1164-і жазаланған. 319 азамат жұмыстан босатылған, 100-ден астам адам сотталған. 700-ге жуық адам ішкі істер орындарының арнайы бақы­лауына алынған. Мысалы, Т.Бейіс­құловтың деректері 110 адам сотталғанын айта­ды. Ал, Американың Хельсинки аза­маттық құқық қорғау тобының зерт­теу­ле­рі­не қарағанда 99 адам түрмеге то­ғы­ты­лып, 631 азамат арнайы есепке алынған. Бүкіләлемдік тарихта жай ғана толқу үшін осыншама адамның бас бостандығынан айырылуы – болмаған жағдай.

Төртіншіден, көтеріліс құрбандықсыз болмайды. Мысалы, Қайрат Рысқұлбеков пен Мырзағұл Әбдіқұлов бірден ату жаза­сына кесілді. Бірақ, кейіннен Қайрат Рыс­құл­беков түсініксіз жағдайда өлтіріліп, Мырзағұл Әбдіқұлов бостан-дыққа шықты. Десе де, осы қырғынның салдарынан Е.Сыпа­таев, Л.Асанова, С.Мұхамеджанова, Қ.Молданазарова, С.Қашағанов, Т.Дәу­рен­беков сынды ұлдарымыз бен қыздарымыздың жаны қыршынынан қиылғанын ескеруіміз керек. Қақтығыс кезінде жарақат алып, мүгедек болып қалғандар, өмір бойы балалы бола алмай зар еңіреп жүргендер қаншама? Жел­тоқсанның желінде таяқ жеп, ден­сау­лықтан айырылған жастарымыздың көбі осы отыз жылдың ішінде о дүниеге аттанып кетті. Бесіншіден, көтерілісті басып-жаншу үшін әрқайсында 2928 сарбазы бар арнаулы құрамдағы үш отряд, 5700 солдат бар Алматы гарнизоны күштері мен құ­рал­дары, 7000 мыңға жуық КСРО ІІМ-нің ар­найы әскері жұмылдырылған екен.Мұның сыртында Алматы облысынан – 5450, Фрун­­зеден (Бішкек) – 5445, Ташкенттен – 5452, Челябіден – 5427, Ново­си­бирскі­ден – 5427, Уфадан – 5424, Сверд­ловскі­ден – 5425, Тбилисиден 2169 солдат әкелін­ген. Бұлардың барлығының саны 60 мыңға жуықтайды. Яғни ешбір мемлекет жай ғана саяси қозғалысты басу үшін осыншама күш жұмсамайтыны белгілі. Осы көтерілісті жаншуда ерен еңбек сіңір­ген Қазақ КСР ІІМ-нің 1586 қызметкері Құр­мет грамо­таларымен, «Үздік қызметі үшін» және «Милиция үздігі» белгілерімен мара­патталып, ақшалай сыйлық алған. Қазақ КСР Жоғарғы Советі Прези­диу­мының медалімен 250 әскери шендегі азамат, сондай-ақ тағы да 250 азамат сол Президиумның Құрмет грамоталарымен марапатталған. Алтыншыдан, шеру құралды қақты­ғыс­қа ұласқанда ғана көтерілістік сипатқа ие болады. Басында бейбіт шеру сипа­тын­да басталғанымен, жастардың талап-тілегі орындалмады. Керісінше, оларға күш көрсетілді. Осының себебінен қақтығыс нақ­ты көтерілістік сипатқа ие болып, 11 транспорт өртеліп, 24-і зақымданған. 39 автобус пен 33 жеңіл көлік істен шыққан. Яғни шарасыз жастар қолдарына ілінген таспен, таяқпен қарулануға мәжбүр болды деген сөз. Жетіншіден, көтеріліс 19 желтоқсан күні Алматыда тоқтағанымен, дәл осы тол­қулар 19-25 желтоқсан аралығында Жез­қазған, Қарағанды, Павлодар, Жамбыл, Шымкент, Талдықорған, Көкшетау, Арқа­лық қала­ла­рында, Шамалған, Сарыөзек, Шелек елді мекендерінде жалғасын тапты.

Міне, мәлім де беймәлім Желтоқсан оқиғасының жәйі осындай. Сіздер не айтасыздар?

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.